Жақында «Елорда» баспасынан саналы ғұмырын қазақ тілінің айбынын асқақтатып, мәртебесін биіктетуге арнаған белгілі ғалым, журналист Біржан Белғараның «Баспасөз және мемлекеттік тіл» атты кітабы жарыққа шықты. Аталмыш еңбекте автор қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына, Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның қабылдауына отандық баспасөздің тигізген ықпалы, қазіргі қазақ қоғамындағы баспасөздің атқарып отырған қызметі мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөліне жан-жақты талдау жасаған.
«Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары тіл мәселесі тақырыбында талай таласты ой-пікірдің өрістеуіне шын мәніндегі демократиялық талапқа сай ықпал етті. Бұл орайда ұлттық мүддені, яғни тек қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді бәрінен жоғары қойған басылымдар да, сондай-ақ қазақ тілімен қатар, орыс тілінің де бір дәрежеде болуын қалағандар да және қазақ тілінің әлеуеті мен мүмкіндігіне барынша күмән білдіріп, бұра тартуға тырысып, жұртшылық арасында алауыздық туғызып, ой-пікір адасушылығына алып келген басылымдар да болды. Бұл демократиялық дамудың табиғи заңдылығы да еді» деп жазады автор.
Тіл тағдырын қоғамдық-саяси өмірдің ең өзекті саласының бірі ретінде алып, қазақ тілінің табиғатын, оның толыққанды тіршілік етуін, жеке адамдар ғана емес, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің қарым-қатынасындағы рөліне ерекше тоқталған Біржан Белғара қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін көтеруде баспасөздің рөліне жоғары баға береді. Дүниежүзі халықтары қолданатын мыңнан астам тілмен ана тілімізді салыстыра келіп, сөйлейтін адамдардың саны бойынша қазақ тілі 85-орын алатындығын айтады. Қазақ тілінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан марғасқа ғалымдар, қайраткерлер Ә.Хайдари, А.Өмірзақ, Р.Бердібай, Б.Хасанов, С.Оразалиновтардың еңбегіне шолу жасайды.
Республикалық белді басылымдарда журналистік қызмет атқарған, Ж.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығына басшылық жасаған Біржан Белғара көзі тірісінде өзінің шын мәнісінде қазақ тілінің жанашыры ретінде елге кеңінен танылды. Республикалық басылымдарда оның қаламынан туған тіл тағдырына, басқа да өзекті қоғамдық проблемаларға қатысты «Тілге құрмет – елге құрмет», «Жоғары оқу орнына ойланып барған жөн», «Ораз Жандосов есімі ортамызға оралсын», «Мемлекеттік тілді меңгеру мансап үшін ғана қажет пе?» деген сынды көлемді мақалалары, зерттеу еңбектері жиі жарияланып тұрды. Аталмыш еңбекке оның республикалық басылымдарға берген сұхбаттары, мақалалары, эсселері, Біржан Белғара туралы естеліктер де енгізіліп отыр.
Бұл кітапты құрастырып, баспаға әзірлегендер – Ақберен Белғара мен Ақәділ Белғара. Пікір жазғандар филология ғылымының докторлары Намазалы Омашев пен Рақымжан Тұрысбек. Ғылыми редакторы – тарих ғылымының докторы, доцент Данагүл Махат. Кітап журналистерге, оқытушыларға, студенттерге және мемлекеттік тілді құрметтейтін көпшілік оқырманға арналған.