Мектепке 1000 кітап тарту етті
Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназия кітапханасы 1000-нан астам жаңа кітаппен толықты. Еліміздегі баспалардың соңғы жылдары шығарған сапалы өнімдерін мектеп кітапханасына ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай сыйға тартты.
Өткен жылы Балқаш қаласында өткізілген облыстық жыр мүшәйрасында Сәкен атындағы мектеп ұжымына ақын Ғалым Жайлыбай кітапхана қорының жаңа кітаптармен толығуына атсалысатынын уәде қылған болатын. Наурыз мерекесі тұсында айтылған уәдесін орындаған ақын Балқашқа арнайы барып, мектеп оқушыларын түрлі әдеби кітаптарға қарық қылды. Соңғы кездері қазақша әдеби кітаптардың жалпы таралымы күрт азайып, алыс ауыл тұрмақ, Балқаш сынды қалаларға да жете қоюы қиындап қалғанын ескерсек, мектеп кітапханасы үшін аталмыш сыйлық кейінгі бес-алты жылдағы ерекше оқиға деуге болады.
Рыскүл ҚОЙБАҒАРОВА, С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия директоры:
– Жерлесіміз Ғалым сынды қазақтың көрнекті ақынының шалғай қаладағы шағын мектептің кітапханасын ескеріп, осыншама сыйлық жасауына, шын мәнінде, разымыз. Мектеп кітапханасы, әлбетте, жыл сайын жаңа басылымдармен толығып отырады. Дегенмен ақынның қолынан түрлі әдеби кітаптардың бізге ұсынылуы – ерекше оқиға. Оқушыларымыз да, ұстаздар да дән риза...