«Мектеп жәрмеңкесінің» пайдасы бар ма?
Еліміз бойынша тамыз айының басынан бері алдағы жаңа оқу жылында әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушыларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» атты республикалық шара жүргізілуде.
Бұл шара аясында республика аймақтарында облыстық әкімдіктердің қолдауымен жеңілдетілген бағамен мектеп формалары, аяқкиімдер, мектеп құрал-жабдықтары және оқулықтар сату мақсатында арнайы «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілуде. Қазіргі уақытта осындай 595 жәрмеңке ұйымдастырылса, осы айдың аяғына дейін олардың саны едәуір өсе түспек деп күтілуде. Аталған жәрмеңкеде сатылымға түскен мектеп оқушысына қажетті заттар әр облыстың сұранысына, нарықтық жағдайына қарай есептелуде. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде мектеп формасының орташа бағасы ер балалар үшін – 4800-7500 теңгені, ал қыз балалар үшін 4900-8000 теңгені құрайды. Қарапайым есеп бойынша, әрбір аймақтың ерекшеліктеріне сәйкес бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін шамамен 14 000-24 000 теңге аралығында қаржы қажет екен. Десек те, жер-жерде ұйымдастырылып жүрген «Мектеп жәрмеңкесі» мәселенің түбегейлі шешілуіне себеп бола алмайды. Себебі небір алыпсатар кәсіпкерлер осы кезеңде оқушы киімдері мен мектеп құрал-жабдықтарының бағасын тым өсіріп жіберуде. Оның үстіне көптеген киім-кешектер шетелден әкелінеді. Өзімізде оқушыларды мектеп формасымен толық қамтамасыз ете алатын үлкен өндіріс жолға қойылмаған. Осы жағдай бағаның еріксіз жоғары деңгейде тұруына алып келеді. Бұл жағдай әсіресе қарапайым ата-аналардың қалтасын қағады. Осы орайда баға реттеуді қадағалайтын мекемелер де құлықсыздық танытуда.
Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі алдағы оқу жылының басына дейін алдағы тапсырыспен мектеп формасын тігетін фабрикалардың мамандарымен кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Онда оқушы киімдерінің сапасы мен бағасының тиімділігі жағы талқыланбақ. Сондай-ақ аталған кеңес аясында мектеп формаларының арнайы көрмесі өткізіледі деп жоспарлануда.