Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Тараз жерінде керемет киелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, аймақтың атын шығарып, асқақтап тұр. Өңірге туристер тартудың кілті де осы әулиелі жерлерге байланысты. Аймақтың алтын кілті іспеттес Айша бибі кесенесіне келіп, тәу етушілер көп. ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші ЮНЕСКО тізіміне алынған.
Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесесненің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Көнеден жеткен кесененің бұрынғы қалпын бұзбай бүгінгі күнге үйлестіру де асқан шеберлікті талап еткен-тін. Ақыры сеніп тапсырылған ауқымды жұмыс ойдағыдай атқарлып халық игілігіне ұсынылды. Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен бұл ескерткіш ең кереметі болып саналады. Ескерткіштің сыртқы бетіне қаланған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырарлықтай... Аңыз бойынша Айша бибі асқан сұлулығымен қатар ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол әйгілі шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы болып келеді. Сұлу Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Айша бибінің кім екені жөнінде ғасырлар сорабынан жеткен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы. Айтулы аңызға құлақ түрсек, Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағдаласады. Жан-жақтан жау анталаған заманда елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның айтқан уағында Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Араға айлар түседі, жылдар жылжиды. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже (кей жазбаларда Бабаджа хатун) қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол азабын тартып, Таразға да жетеді. Жарты күндік жол қалған кезде өзеннің жағасына дем алуға тоқтайды. Күтушілері ас қамдауға кіріседі. Суық суға шомылып алған Айша сұлу дем ала тұрмақ болып қисаяды. Сүйгенінің ауылын алыстан көріп, енді сәл уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, ұйықтап кетеді. Сол кезде улы жылан шағып алады. Бүкіл тәнін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу сүйгені Қараханға ат шаптырады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде ару қыз ісініп, талықсып жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады... Бүгінде Айша-бибі кесенесі – бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Әрине, тілектің қабыл болуы Бір Алланың қолында екені рас. Әулиелі жердің топырағын басып, кесенеге ізгі ниетпен келгендердің тілегі қабыл болып жататындығы да таң қалдырады...Жаңадан шаңырақ көтерген жастар ескерткіш басына келіп, тағзым етіп жатады. Кесененің алды бос болған кезі жоқ. Үнемі туристер мен алыстан ат арытып келетін қандастарымыздан босамайды. Оларға да бар жағдай қарастырылған. Автотұрақ бар, кесененің алдында ескерткішке арналған нешетүрлі ұлттық кәдесыйлар сатылады... Сонау 80-ші жылдары «Айша бибі» атты би қойылған болатын. Қойылуы жағынан өте күрделі дүние болатын. Осы би теледидардан жиі көрсетіліп тұратын. Бүгінде мүлде ұмытылды десе де болады. Қазақстан телеарнасының мұрағатында сақталып қалған болуы керек. Осындай мәнді де мағыналы, тарихи билерді жиі-жиі беріп тұрса, ұрпаққа өнеге болары сөзсіз... Кезінде Әулиеата уезінің бастығы болған В. Каллаур Айша бибі мен Қарахан арасындағы шексіз махаббат туралы ел арасындағы аңыздың бірнеше нұсқасын жинаған көрінеді. Сондай-ақ, археология үйірмесінің мүшесі В.Панков: «Айша бибі кесенесінің төрт бұрышында жуан бағаналары бар. Әр фасадының ортасында жоғары және сүйірлеу аркамен бітетін кішірек қуыстар бар. Барлық қабырғалары мен бағаналарының беті тұтастай ұыш тақталармен қапталып шыққан. Кесененің ішкі беті кірпіштен, сыртқы беті күйдірілген құйма балшықтан қаланған. Кірпіш пен құйма тастардың арасынан әк қосылған балшықпен жымдастырып, арша ағашымен ұстатылған. Мұндай әдістің жер сілкінгенде қабырғалардың құламай сақталып бүгінге дейін жетуінің айғағы осы» деп жазып қалдырған.
Махаббатың мәңгілік символы: Айша бибі кесенесі
Последние статьи автора