Өткен сенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде дәстүрге айналған асыл пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні – Мәуліт мерекесіне байланысты имандылық кеші болып өтті.
Кешті Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов жүргізді. Шараның басында Құран оқылып, еліміздің бас мүфтиі Шейх мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі жиналған барша жұртшылықты осы атаулы мерекемен құттықтады. «Нұр Мүбарак» діни оқу орнының шәкірттері салауат айтып, жиналған қауым адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген Мәуліт күні жөнінде қызықты әңгімелерді тыңдады. Сарайға бұл күні 5 мыңнан астам адам жиналды және кешке кіру билеті халыққа тегін үлестірілді. Сондай-ақ әрбір келушіге Мұхитдин Исаұлының «Мәңгі мүғжиза», Алау Әбілдаевтың «Кемелдік кілті» атты екі кітап тегін таратылды.
Кеште Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев сынды өнер саңлақтарымен қатар, Құдайбергеновтер отбасы, Балғынбек Имашев, «Меломен» топтары да өнер көрсетті.
Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері мұсылман қауымға өздері дайындаған арнайы көріністі ұсынды. Мәуліт мерекесін ерекше атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру. Қазіргі таңда рухани Мәуліт айы облысымыздың барлық ауданында жалғасын табуда.
Мәуліт мерекесі атап өтілді
Последние статьи автора