Матрешка орыстың туындысы ма?
Орыстың дәстүрлі кәдесыйына айналған матырйошка (орысша «Матрешка» жазылады) орыстікі ме? Олай болса, түркілік атау мен мазмұн неғып жүр? Бұл жолы басымызды қатыруға мәжбүр еткен осы тақырыпты талғажау етпекпіз.
Матрешка қуыршақтарды Ресейде жаппай өндіру ХІХ ғасырдың соңында ғана Абрамцев, Мамонтов шеберханаларында шығарыпты. Үлгі ретінде жапонның «даруму» аталатын жантаймас-қуыршағын алған (http://ec-dejavu.ru/m/Matreshka.html) Әрине, бұл ойыншыққа ұқсас түркілерде де бірінің ішіне бірін іштестіре салатындай үлгілер аз болмауы керек. Мәселен, түркілер дәстүріндегі бір біріне сиятындай етіп жасалатын үлкенді-кішілі сандықшалардың болуы. Десек те, «матрешка» бүгінгі орысқа ғана тиесілі кәдесый болып қалыптасқаны аян, оны басқаға телу мүмкін емес. Алайда, бұл орыстық танымға айналған түркілік тұтас мифтік бейне мен танымның жұрнағы болса қайтеміз, қарап отырамыз ба?!
Амал жоқ, өз танымымызды өзгеден табатын жағдайға келуіміз – түркілік танымның тәуелдікке ұшырап, материалдық-рухани игілік көзі болудан аласталғанында болуы керек. Бұл – бүгінге бірден бір қажет сабақ.
Сонымен, әуелі «матрешканы» тілдік жағынан індетейік, ол енді барынша қарапайым, бірақ, тұрпайы зерделеу болып табылады. Әйтсе де, әлденені жасыру, бірдеңеге батыру, салу ұғымын білдіретін бұл сөздің түбірі – «матыр» бұйрық райлы етістік, оның түпкі түбірі: «мат». [М] дыбысының түркі тілінде [Б] дыбысымен әбден орныққан ауыспалы көрінісі жеткілікті: бауыздау – мауыздау, батыру — матыру… Соңғы егіз нұсқалы бір ұғымды беретін сөзді ғылыми сөздіктерден індетуге әбден болады.
І. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.2-том.Б–Г. Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1976. 695б.: 153-154 бет
Батыр ет. 1. Суға, сұйық затқа салу, бойлату, түсіру.
2. Матыру, малу.
3.Үшкір, өткір қаруды сұғу, тығу.
4. Жерге кіргізу, енгізу, сіңіру…
Басқа да ауыспалы мағыналары бар.
ІІ. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.7-том.Қ. – П (қырқы – планетааралық). – Алматы: Ғылым, 1983. – 672б.: 146-бет.
Матыр ет. Бір нәрсені тұтастай суға салып алу, батыру.
Матырылыр. етіс. Матыр-ыл. Ваннаға салғанда, қойдың бүкіл денесі ертіндіге толық матырылады (М.Ермеков).
ІІІ. Башкирско-русский словарь, государственное издательство иностранных и национальных словарей, Москва – 1958-804стр.: 81-стр.
Батыру 1) топить, потоплять, потопить, утопить кого-что;
2) погружать, погрузить кого-что; прям. и перенос.
ІV. Русско-узбекский словарь, государственное издательство иностранных и национальных словарей, Москва – 1954-1046стр.: 568-569 стр
Погрузить сов.кого-что 1. (в воду) ботирмоқ.
Погрузиться сов. 1. ботмоқ …
Орыс тіліне қатысты бұл сөзді тектейтіндей жайтқа қаныға алмадық, оның есесіне жоғарыдағы келтірінділерден «матрешканың» түбірлері түркілік сөзтектерге малынып тұр. Алайда, кейбір ұқтырмаларда матрешканы орыстың «мать» сөзінен шығаруға талпыныс бар, ондай жағдайда бүгінде «матырйошка» емес, «матушка», «матерушка», «материошка» секілді сөздерге тап болар едік.
Түбір ретінде «матрешканың» пайдасына жарап кеткен бірден бір түркілік бұйрық райлы «матыр» (батыр) сөзі екені көрініп-ақ тұр. Енді, мәселенің барынша байыбына бару үшін, күрделірек болса да, тарихи куәгер саналатын әпсаналық арқауларға иек артқан жөн болмақ. Жалпы, бұл ұғымға тікелей қатысты дүниені орыстың «Кащей бессмертный» немесе «Кощей» аталатын ертегіден табуға болады.
Осындағы бас кейіпкер Кащейдің жаны (ажалы) бір біріне енгізілген айуандар мен нәрселердің түпкісіне салынған-мыс: Бір теңізде арал бар, сол аралда бір емен өсіп тұр, емен түбінде сандық көмулі, оның ішінде қоян жатыр, қоянның ішінде үйрек, ал, үйректің ішінде жұмыртқа бар; сол жұмыртқаның ішінде Кащейдің ажалы жасырылған («На море на океане есть остров, на том острове дуб стоит, под дубом сундук зарыт, в сундуке – заяц, в зайце – утка, в утке яйцо», в яйце – смерть Кощея Бессмертного. bibliotekar.ru/mif/57) Ертегінің орыс ұлтына дұшпан Кащейді құртуға арналған идеологиясында, кейіпкер Иван бала патшаның шешесі Кащейдің ажалы қайда жасырылғанын біліп береді. Қызық жері сол, бұл көрініс қазақтың «Ертөстік» ертегінде жүр.
«Ертөстік» - мазмұн мен сюжетке аса бай, қыйсынға толы, танымдық дерекке құрылған ежелгі түркілік мифтік туынды. «Матыраш» ұғымы мұнда да жағымсыз Шойынқұлақ кейіпкердің жанына қатысты өрілген. Шойынқұлақ Ертөстіктің жақтасы Күнекейден туған ұлына жасырылған жанының мекенжайын сыбырлайды, оның жаны Борық бұлақтың басындағы жайылып жүретін жабайы ешкілердің ішіндегі Қара ешкінің қарнындағы бірінің ішіне бірі салынған тоғыз қара сандықшаның ең түпкісінде екен. Оны бесік астына жасырынған Ертөстік біліп алғасын ғана, Шойынқұлақты өлтіруге мүмкіндік табады.
Бұл ертегілердің желісі қайсысынан қайсысына ауысқан? Болмаса орыс ертегісі ертерек пе, қазақ ертегісі ежелгі ме? Егер «Кощейдегі» барлық таным мен есім,атаулардың түркілік екенін ескерсек, оның үстіне ежелгі түркілік дүниетанымның орнын бертіндегі Дала мен Орман қатынастарынан хабар беретін ақпараттар жыйдасы (коллекция) екенін байқасақ, «Ажалсыз Кощей» ертегісі Рустің христиандану кезеңіне және ертегінің христиандық идеологияның қан-жынына айналып, өңделген нұсқа екендігі өзінен өзі көрініп-ақ тұр. «Кощейдің» ажалы жеті мекенжайлық (теңіз, арал, емен, сандық, қоян, үйрек, жұмыртқа) құрылыммен шектелсе, Шойынқұлақтың жаны түркілік толық сан - тоғыз сандықшамен жасырылып қоймайды, оған қоса бұлақ, ешкі отары, Қара ешкі секілді қосалқы «инфрақұрылыммен» қамтылған.
Орыс ертегісіндегі «Кощейдің» түркілік «көшші» сөзінен алынғанын Олжас Сүлейменов әлдеқашан келтірді. Оған қарсы дәйек жоқ. Аталмыш орыс әпсанасының ежелгі екенін орыстың ауызекі мәтінінде сақталғанымен дәлелдеу екіұшты ойға жетелейді, себебі, орыстық ортаға сіңген ежелгі түркілік ортаның ауызекі туындысы болмауына да қайшы дәлел келтіру қыйын. Алайда, бұл танымның ежелгі хеттік ғұрыптық мәтіндерде де бары бізге хеттер мен байырғы түркілік байланыстың барын білдіреді. Тіпті, ежелгі италы (италян) тіліндегі суға бату үрейінің (фобия) түркілік «бат» сөзімен байланысып, «бато» аталуы да ежелгі етрус (жетіру?) жұртының тілінен хабар бергендей. Орыс кәдесыйы ретінде матырйоштың ХІХ ғасырдың соңында қолға ала бастауының өзі «матыраш» танымының бұл ортада терең еместігін, басқа танымнан келген ауыспалы туынды екенін аңғартады.
Жалпы алғанда, жанның бір біріне іштестіріле енгізілген нәрселердің түпкісіне жайғастырылуы ежелгі түркілік жан туралы танымнан хабар береді, адам жанының тоғыз қабаттан тұратын күрделі құрылымдық сыйпатын шығысславяндық ортаға барынша таяу түркілік танымнан ғана таба аламыз.
«Матыраш» ұғымының қазақта күні кешеге дейін «батыраш» түрінде сақталып келгендігін жасыра алмаймыз. Ақан серінің Құлагерін өлтірген не өлтірткен қарақшының Батыраш аталуы да оның есімінің сол екендігінде емес, өшпей келе жатқан ежелгі жағымсыз Шойынқұлақтың кейпінің сабақтаса қабылдануында. Матырйошканың түркілік нұсқалары жеткілікті, мәселен, үлкенді-кішілі сандықтардың бірінің үстіне бірі жыйнастырылуы, ескі бейіттерде бірінің үстіне бірі қойылған сандық кейпін байқататын аса ежелгі мола тұрпаты. Бүгінде ол кейіп Ленин кесенесінде ғана сақталып отырған жоқ, ежелгі түркілік қорымдарда да кездеседі. Сайып келгенде, Матыраш-батыраш ұғымы бату, жасырыну, салыну үдерісін білдіретін түркілік танымның бір егжейі демекпіз.