Масалардан құтылу үшін батпақты құрғату керек
Кезінде 10 адам ертіп әкеліп, діни бірлестік құрып алғандар бүгінде біраз жамағат жинап үлгерді. Жасыратыны жоқ, солардың кесірінен талай отбасы ойран болып, шаңырағы ортасына түсті. Бір дастарқаннан тамақ ішпейтін әке мен баланы да көрдік. Елімізде осындай секталардың кәріне ұшырап, зардап шеккен адамдарға қызмет көрсететін бірнеше орталық бар. Астанада кеше тағы бір осындай жаңа орталық ашылды. Орталықтың атауы – «Көкбозат» қоғамдық бірлестігі.
«Орталықтың міндеті – деструктивті секталардың бұғауына түскен адамдарға ол жақтан шығуға және дұрыс азаматтық өмірге, өз отбасына, өз жұмысына қайта оралуына көмектесу», – дейді осы бірлестіктің заңгері Мұрат Уәлиев. Әзірге орталықтың құрамында екі заңгер, екі психолог жұмыс істейді екен. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, осы орталықтың психологі Лимана Қойшиеваның айтуынша, бұл орталықтың ерекшелігі – өзге орталықтар тәрізді тек психологиялық және заңгерлік көмек қана беріп қоймай, зәбір көрген жандарды оқытып, олардың жұмысқа тұрып кетуін де қамтамасыз етеді екен. Ол, сонымен қоса, бүгінде жаны жаралы жандарды емдейтін клиникалардың жоқтығын айтып отыр. «Мұндай клиникалар Ресейде, шетелдерде бар. Себебі зардап шеккен адамдарды адамдық қалыпқа келуге, оларды өмірге бейімдеп жіберуге төрт-бес жыл уақыт керек. Сол уақыт бойы олар психологтердің кеңесіне зәру болады», – дейді ол.
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты Асан Омаровтың айтуынша, негізінен, бұл ағымдардың көбісі өздерінің догмаларын киелі мәтіндерге (Құран, Інжіл, Таурат, Забур) негіздеп, соларға иек артады және сол мәтіндерді дұрыс түсінбегендіктен сектаға бөлінеді. Ол жетінші күн адвентистері, йегова куәгерлері, елуіншілер, тәкфіршілер, уахабилер деген секталардың қасиетті жазбалардың қай жерінен жазым кеткенін айтып, жіліктеп берді. Оның айтуынша, жастарымызды осындай секталардан сақтандырудың бір жолы – білім жүйесін реформалау. «Себебі мектептеріміздегі жаратылыстану және тарих пәндерінде әлі күнге дейін дарвинизм теориясын оқытып жатырмыз. Кеңес өкіметіндегі жүйе мызғымай тұр. Енді келіп дінтану деген пәнді енгізіп қойдық. Оқушыларымыздың бабасы бір пәнде маймылдан шықса, екінші пәнде Құдай жаратады. Міне, осылайша балаларымыздың миын ашытып біттік. Сол үшін білім жүйесін реформалап, күллі пәндерді бір жүйеге келтіруіміз керек», – дейді ол.
Осы жерде Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері Алтынай Қырқымбек сектаға тарту саясаты буыны қатпаған, шыбықтай өрімдерден басталатынын көбіміз аңғармай қалатынымызды ескертті. «Мәселен, балаларымызға әліппе үйрету барысында мына мәселені байқамайды екенбіз. Көріп жүрген боларсыздар, әліппедегі қысқа «й»-ды таныту үшін қасына йоганың суретін салып қойған. Мұны үлкен қауіп деп есептеуге болады. Мұны көрген жас бала «мына ата не істеп отыр» деп ата-анасынан сұрауы мүмкін. Ал олар еш нәрсені байыптамастан «Құдайға сыйынып жатыр» дей салады. Бала «е, Құдайға сыйыну осылай екен ғой» деп түсінеді», – дейді Алтынай Тастамбекқызы. Ол сол себептен де жас сәбилерді балабақшадан бастап олардың танымын қалыптастыруда қателік жібермеу керек, тәрбиешілер мен оқытушылар кімдердің кітаптарын пайдаланып жүр, соны облыстық және қалалық білім департаменттері қадағалау қажет деп есептейді.
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Бекжігіт Баймаханов осындай секталарға ел ішінде қай жерден ақша аударылып жатқандығын анықтайтын механизм мемлекет тарапынан іске қосылғанын айтып, ертеңгі күні ұлт тұтастығын бұзатын секталардың бәрібір құрықталатынына сенімді. «Егер масалардан құтылғың келсе, батпақты құрғат» деген сөз бар. «Батпақтың» қайнар көзі, әлбетте, қалталы адамдарда не саяси күштерде тұр. Ал сол саяси күштердің қайнар көзін табу, әрине, олардың «масаларынан» анықтауға болады. Яғни ақшалы каналдардың қай жақтан келіп жатқанын анықтау қажет деп есептеймін», – дейді Б.Баймаханов.