Марат Қабанбайға Зайсан мен Өскеменнен көше есімі қашан беріледі?

Шығыстан шыққан таланттар шоғырының ішінде жазушы Марат Қабанбайдың орны қашан да бөлек. Белгілі балалар жазушысы, Х.Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, қазақ публицистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қабырғалы қаламгер тірі болса, қалың оқырманға əлі талай шығармасын ұсынар еді-ау. Өкінішке қарай, көзі тірісінде тиісті құрмет көрсетілмеген жазушыны дүниеден өткеннен кейін де еске алып, ардақтап жатқанымыз шамалы. Əлі күнге дейін облыс орталығы - Өскеменді былай қойғанда, жазушының туып, өскен мекені Зайсан ауданының орталығының бір көшесіне жазушының есімін қимай отырмыз.

Ол – жазушы. Жазушы болғанда қандай, қазаққа «Менің атым Қожадай» шығарма сыйлаған Бердібек Соқпақбаевтың ізін басқан балалар жазушысы еді. Кейде таза да мөлдір əлемді аңсаған оқырманның Марат Қабанбай кітаптарын қолына алатыны да сондықтан. Тегінде балаларға арнап шығарма жазу, балалар жазушысы атану кез келген қаламгердің маңдайына жазыла бермейтін несібе болса керек. Өйткені, мынау өмірдегі барлық құбылыстарға баланың көзімен қарау үшін жазушының да көңілі кіршіксіз, жүрегі таза болуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, Марат Қабанбайды бағы жанған жазушы деуге əбден болады. Ол балаша ойлап, балаша сөйледі. Баланың табиғатын жақсы түсінді. Балалар əдебиетінде өнімді еңбек етті. Жазушы М. Қабанбай балалар мен жасөспірімдерге арнап «Арыстан, мен, виолончель жəне қасапхана», «Бақбақ басы толған күн», «Жиһанкез Тити», «Қала жəне Қыз бала», «Еркін сабақ», «Сурет салғым келмейді», «Атлантиканың арғы жағы, бергі жағы» секілді повестер мен əңгімелер, «Кермек дəм», «Айшылық алыс жол» сынды романдар жазды. 1990 жылы қазақ жазушылары, қала берді, бүкіл түркі əлемі қаламгерлерінің ішінен бірінші болып халықаралық Андерсен атындағы сыйлыққа ие болған да - Марат Қабанбай.
Ендеше, қара сөздің һас шебері, жерлесіміз Марат Қабанбайды қалай құрметтесек те жарасымды.
Ол 1948 жылы 22 наурызда Зайсан ауданындағы Қараүңгір дейтін шекара түбіндегі ауылда дүниеге келген. Білетіндердің айтуынша, Марат жетімдік пен жоқшылықтың да тақсіретін тəуір-ақ тартқан көрінеді. Ауру анасы мен шиеттей іні-қарындастарын асырау үшін жазушы еңбекке ерте араласады. Орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыста да бір жылдай жұмыс істеп, содан соң аудандық газетке жұмысқа орналасқан.
1975 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, 1966 – 1968 жылдары аудандық газетте корректор, əдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, "Лениншіл жас" газетінде, "Жалын" баспасында, Қазақ КСР баспа, полиграфия жəне кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істейді. Ал 1995 – 1997 жылдары республикалық «Ана тілі» газеті редакторының орынбасары, 1999 жылдан өмірінің соңына дейін «СолДат» газетінің бас редакторы болып еңбек еткен Марат Қабанбай қазақ публицистикасының да тасының өрге домалауы жолында көп еңбек сіңірген. Еліміз алғаш тəуелсіздік алған жылдары Мараттың қаламынан туған мақалалар қазақтың тəуелсіз журналистикасының қалыптасуына игі ықпал етті. Үлкенді-кішілі талай журналистер оны ұстаз тұтты.
Өкінішке қарай, Марат Қабанбай 2000 жылдың 26-сəуірінде, небəрі 52 жасында қайтыс болады.
Содан бері жалпақ жұртқа аты мəлім жазушының өмірден озғанына да он бес жылдың жүзі болып қалыпты. Бұл бір қарағанда аз уақыт емес. Десе де Марат Қабанбайдай жазушының есімін кейінгі ұрпақтың есінде қалдыру мақсатында қандай жұмыстар атқардық деген сауалға жауап беретін болсақ, жанарымызбен жер шұқып, күмілжіп қалады екенбіз. Ұят болғанда, осынау жылдар ішінде облыс орталығы Өскеменнің, не болмаса туған жері Зайсан ауданындағы көп көшенің біріне Марат Қабанбайдың есімін беруге жарамаппыз. Ал енді бұл туралы жазушының замандастары не дейді?

Ұлықбек Есдəулет, ақын:

«Кітаптарымдағы ең ұнамды кейіпкерім – сенің анаң» дейтін еді

- Қазақтың аса көрнекті жазушысы Марат Қабанбаймен бір мектепте оқығанымды қашан да мақтаныш тұтамын, белгілі ғалым, əрі ақын Асқар Егеубай екеуін аузымнан тастамауға тырысып жүремін. Көзінің тірісінде Марат марқұм əдебиет пəнін менің анам Роза Салықбаевадан оқығанын мақтаныш ететін еді, - дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдəулет. – Менің кітаптарымдағы ең ұнамды кейіпкерім – Роза апай – сенің анаң. Сүйікті ұстазымның атын əдейі өзгертпей алдым. Менің жазушы болып шыққаным бала кезімнен бағыт берген сол кісінің арқасы, - дейтін еді Мəкең өзі екеуара сырласа қалғанда. Анамыз сол Марат Қабанбайды бастауыш сыныптан-ақ маған үлгі қыла бастаған. Үйге балалар шығарған қолжазба журналды əкеліп көрсетіп:
- Мына шығармаларды оқып шық. Жəне осылар құсап өлең, əңгіме жазуға тырыс, - дейтін еді маған. Сосын: «Осылардың ішінен Марат Қабанбайдан үлкен жазушы шығады» деп үстеп, қайталап қоятын еді анам марқұм. Таланты тас жарып тұрған жүйрікті əуелгі аяқ алысынан-ақ тап басып таныған əулие екен дерсің...
Сол Мараттың «Сөну» деген тырнақалды əңгімесі 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарқ ете қалғанда ол жоғарғы сыныпта оқитын. Əлі есімде, 5-інші сыныпта оқитын мен үйге келген журналдың жаңа санын парақтап отырып, күтпеген жерден «Марат Қабанбаев» деген аты-жөнді кездестіріп қалғанда, алғашында өз көзіме өзім сенбей, артынан есім шыға қуанғаным сондай, жалма-жан алып-ұшып, ас үйдегі шешеме апарып көрсеттім. Ол ерекше мəз болып:
- Айттым ғой, біздің Мараттан білдей жазушы шығады, - деп! Міне, көрдің бе – жазушы болған деген осы! Сен мұны
Маратқа өз қолыңмен апарып бер. Ырымға жақсы. Саған да жұғысты болсын! – дегені есімде қалып қойыпты.
Сол кезден бастап жазғандары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда үздіксіз жариялана бастаған Марат Қабанбаев ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскенімде 5 курста оқып жүр екен.
Марат Қабанбай сексенінші жылдардың ортасында Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл аса беделді дүниежүзілік сыйлық бұрын бүкіл Кеңес Одағы бойынша тек Михаил Алексеев деген орыс жазушысына берілген болатын. Демек, бұл марапат бойынша Совет Одағының тарихында Марат Қабанбай – екінші лауреат. Орыстар Алексеевті сол Андерсен сыйлығын алғаннан кейін бірден көкке көтеріп, Социалистік Еңбек Ері атағын бергені белгілі. Ал біздің басшылар ол кезде өз жазушымыз Марат Қабанбаевты кішкентай медальға да ұсынуды білмепті.
Əлемдік деңгейде танылған аса көрнекті жазушы Марат Қабанбаевты тосын ажал «Кентаврлар» атты күрделі романын аяқтатпай, 2000 жылы күтпеген жерден арамыздан мезгілсіз алып кетті.
Содан бері жылдар жылжып, 15 жылға жуық уақыт өтіпті. Бұл күнде Марат Қабанбайдың аяулы есімі ескерусіз қалып отыр.
Аса дарынды қаламгердің атында туған жері, өскен елі, еңбек жолын бастаған өлкесі Шығыс Қазақстан облысында да,
облыс орталығы Өскемен, Зайсан қалалары мен ауданында да, бүкіл шығармашылық ғұмыры өткен Алматы шаһарында да, тіпті, тұрған үйінің қабырғасында да еш белгі жоқ. Кеңсайдағы қабірі басындағы құлпытастан басқа жазушының атын ардақтап, еңбегін елейтіндей ешбір көшенің немесе мəдени нысанның болмауы көңілге кірбің ұялатады.
Өмірден небəрі 52 жасында өткен мұндай аса дарынды жазушымыздың рухын қастерлеп, аруағын сыйлап, лайықты құрмет
көрсету кейінгі ұрпақтың парызы емес пе? Тиісті орындар осы мəселеге қашан жете көңіл бөліп, елеп-ескеріп, лайықты шешім қабылдар деген үміттеіміз.

Сəуле Хамзина, жазушы Марат Қабанбайдың жары:

Мараттың іздеушісі - халық

- Осыдан біраз жыл бұрын облыстық балалар кітапханасына Мараттың есімін сұрап отырмыз деп біреулер хабарласқан болатын. Бірақ сол істен ешқандай нəтиже шықпады. 2018 жылы Мараттың туғанына 70 жыл толмақ. Мүмкін сол 70 жылдығына қарсы бірдеңесі болып қалар деген үмітім бар. Жалпы, өзім осы уақытқа дейін Марат Қабанбайға көше бер, мектепке немесе кітапханаға есімін бер деп ешқандай əкімнің алдына барып көрген емеспін. Тіпті, ондай өтініш жасауға ұяламын. Мараттың өзі де көзі тірісінде маған: «Мені халқым іздесе ғана, жауап бер. Орамалың желбіреп, өзің бірінші жүгірме» деп айтып отыратын. Ол кісі біреуге жағынуды жек көретін. Марат ағаңның осынау мінезіне қалыптасып алғандықтан болар, кейде тіпті, əлі күнге ол туралы журналистерге сұхбат беруден де қашқақтаймын. Өмірінің соңғы жылдары Мараттың оппозициялық басылымда қызмет істегенін білетін шығарсыз. Аудан, облыс басшылары сол жағын ойлап, жалтақтай ма, əйтеуір Мараттың атына көше беруге, мектепке не болмаса кітапханаға атын беруге асығар емес. Міне, жазушының өмірден озғанына он бес жылға таяу уақыт болды. Тіпті, оқушылар арасында Марат оқуларын ұйымдастырсақ та артық болмас еді-ау. Өйткені, қазақтың балалар əдебиетінде Мараттай жазушы саусақпен санарлық қана ғой. Бір көңіл қуантарлығы, өткен жылы «Таймас» баспасы Марат шығармаларының үш томдығын шығарды. Жалпы, Марат творчествосын əу баста ақындықтан бастаған. Бірақ Мараттың «Сөну» атты тұңғыш əңгімесін оқыған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Сенен ақын шықпайды, мықты прозаик шығады» деген екен. Кейіннен өзі: «Сол кезде Мұқағали жол нұсқамағанда, көп ақынның бірі болып жүруші едім» деп жиі айтып отыратын. Мараттың еңбегі көзі тірісінде бағаланбады емес, бағаланды. Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың, Қазақстан Жазушылар одағының М.Əуезов атындағы сыйлықтарының иегері. Сол атақтардың қай-қайсысына болмасын өз еңбегімен жетті. Өйткені, Мараттың мықты көкесі болған жоқ. Қазір де Мараттың іздеушісі – халық екеніне сенемін.

Əмина Сақажанова, Марат Қабанбайдың туған жеңгесі, Журналистер Одағының мүшесі:

- Марат КазГУ-де менен екі курс жоғары оқыды. Ағасы Ораз екеуміздің қолымызда бір жарым жыл тұрғаны да бар. Керемет еңбекқор еді, түннің бір уағына дейін жазу жазатын.
Елі болып, туған жері болып Марат Қабанбай есімін есте қалдыру үшін аудандық кітапханаға оның атын беруді немесе мектепке, көшеге есімін беру мəселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Бұл ойымызды Қазақстан Жазушылар одағы да қолдап, облыс басшысының атына хат та жазған. Бірақ осы мəселе əлі шешімін табар емес.

Түйін

Иə, көзі тірісінде-ақ қара сөздің Қабанбайы атанған жазушыны есте қалдыру мəселесі талай рет айтылып-ақ келеді. Осыдан біраз жыл бұрын ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Қадыр Мырза Əлі бастаған бір топ зиялы қауымның бұрынғы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа хат жазғаны да есімізде. Онда халықаралық Андерсон атындағы сыйлықтың Орта Азиядағы жалғыз лауреаты, көрнекті жазушы Марат Қабанбайға, дарынымен де, қарымымен де қазақ əдебиетінің поэзия, сын, аударма салаларында ерекше өнімді еңбек еткен Асқар Егеубайға, жазушы-драматург, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, талай жыл Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы орынбасары болған Талаптан Ахметжанға да өздері өсіп-өнген өңірдің орталығы Өскеменнен көше беру мəселесі айтылған болатын. Бірақ айтылған сөз əлі күнге сөз күйінде қалуда. Бір өкініштісі, əлі қанша күтетініміз де белгісіз...

Мейрамтай Иманғали
didar-gazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста