Марапаттар үлкен жауапкершілік жүктейді
Өткен сенбіде ҚР мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Алматыға арнайы келіп, оңтүстік астананың бір топ өнер мен мәдениет қайраткеріне мемлекеттік награда табыс етті. Сала өкілдері басқосуда министрге ұлттық мәдениетті дамытуға қатысты бірнеше нақты ұсыныс айтты.
ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденіне – атақты мультипликатор, дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмен Хайдар, «Құрмет» орденіне – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, режиссер Мұрат Ахманов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Мұса Әділ және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Рәшида Хаджиева ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының әншісі Толунай Айсарова және суретші, карикатурашы Еркін Нұразхан марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы алматылық төрт өнер иесіне табыс етілді. Олар: әдебиет сыншысы, театртанушы, аудармашы, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әдеби кеңесшісі Әлия Бөпежанова, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Райхан Қалиолдина, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Омар Қыйқымов және музыкант, композитор, «Мюзикола» тобының жетекшісі Болат Сыздықов. Дархан Мыңбай ҚР Президенті атынан Құрмет грамотасын «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің филиал жетекшісі Федор Григорьев пен Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының труппа меңгерушісі, әнші, актриса Унчам Супиеваға табыс етті. Министр Үкіметтің қаулысына сәйкес, былтырдан бастап, әр ведомствоның өз наградасы тағайындалғанын айтты.
«Мәдениет саласының үздігі» ведомстволық төсбелгісі осы саланың дамуына ерекше үлес қосқаны, саладағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі және саланы жетілдіруге белсене қатысқаны үшін беріледі. Награданың алғашқысы былтыр Еркеғали Рахмадиев пен Мұрат Ахмадиевке тисе, биыл бұл төсбелгіге мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы, дирижер Жексенбек Еркімбеков; КСРО және Қазақстанның халық суретшісі Гүлфайруз Исмаилова; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмен Хайдар; Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова; опера әншісі, КСРО халық әртісі Роза Жаманова; КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова; Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев; балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі Болат Аюханов; актер, режиссер, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов; М.Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Рубен Андриасян және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов лайық деп танылды. Марапаттау салтанатында Д.Мыңбай күні кеше 70 жасқа толған жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековке Елбасының арнайы Алғысхатын жеткізді. Онда: «Сіз дара қолтаңбаңызбен танылып, әдебиеттің алуан жанрында жемісті еңбек етіп келесіз. Қаламыңыздан шыққан шымыр хикаяттар, шынайы роман және сахналық туындылар оқырмандар мен көрерменді рухани байытты. Ұлт әдебиетінің игі дәстүрін жалғастырып, қазынасын байытқан шұрайлы шығармаларыңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін. Белесті мерейтойыңызды атап өткен жылмен құттықтап, мықты денсаулық, шалқар шабыт, отбасыңызға береке, бақыт тілеймін, алдағы уақытта да жұртшылықты тың туындыларыңызбен қуанта беріңіз!» – делінген. Салтанатты басқосуда министр мемлекеттік билік руханият саласында екі мәселеге айрықша көңіл аудара беретінін баса айтты. Олар: тіл мен мәдениет. Жиналғандар арасынан сөз алған Жексенбек Еркімбеков министрге бірнеше ұсыныс айтты: біріншісі – елімізде балетмейстерлер мектебін дамыту, Аюхановтардың көзі тірісінде олардың шеберлік дәрістерін ашу, екіншісі – материалдық-моральдық қолдауды жас өнерпаздарға бағыттау және үшіншісі – Алматыда халық музыкасы орталығын ашу.
Рәшида Хаджиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Өзімді бақыттымын деп айтуыма болады. «Құрмет» сөзінің әр азамат үшін орны бөлек. Ал «Құрмет» ордені – өте үлкен баға. Енді алдағы кезеңдерде бұдан да көбірек күш салып еңбек етіп, бұдан да жоғары бағаға жетуге талаптанамыз.
Болат Аюханов, балет әртісі, балетмейстер, педагог, Қазақстанның халық әртісі:
– Елімізде өркениеттің мәдениет деп аталатын бөлігі өте ауқымды. Осы жан-жақты, әлеуетті саланы басқару ғарыш кемесін орбитаға шығарумен бірдей. Мен табиғатымда оптимиспін, сондықтан бұл салада кемшіліктер болып жатса, түбі реттеледі деп ойлаймын. Айталық, балет әртістерінің қысқартылған зейнетақысы қайтарылса деймін. Ал менің наградам өзімнің жеке табысым деп есептемеймін, бұл – балет өнеріндегі тұтас бір ұжымның жемісі. Министрлік бізді ардагер деп санамаса екен, біз шығармашылық биіктеміз, мүмкіндіктерімізді көрсете аламыз. Мемлекетіміздің бізді үнемі қолдайтынына ризамыз.
Әлия Бөпежанова, сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Өнер, мәдениет саласында жұмыс істеп келе жатқаныма ширек ғасырдан асты. Әрине, мақтан үшін, марапат үшін еңбек етпейсің, бірақ еңбегіңнің бағаланғаны адамға жақсы әсер береді екен. Жуырда Елбасы өзінің Жолдауында тіл мен мәдениетке айрықша көңіл бөлді. Біз игі өзгерістің бәрі тез болғанын қалаймыз, анау жоқ, мынау жоқ деп сынап жатамыз, бірақ еш нәрсе жып-жылдам бола қалмайды. «Асықпаған арбамен қоянға жетеді», әрине, қазір басқа заман, дегенмен стратегиямызға сай, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді, кезең-кезеңмен түгел қазақша сөйлейтін боламыз. Алда латын әрпіне көшкелі отырмыз. Елбасымыз айтқандай, мен ХХІ ғасырдың еліміз үшін, шынымен де, алтын ғасыр болатынына сенемін.