«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...»

«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...»

Абай – бүтін бір қазақ ұлтының «әдеби орта», «мектеп», «дәстүр» деген ұғымын қалыптастыруға себепкер болған тұлға. Абайдың «Ескі бише отырман бос мақалдап, ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деген сөзін бұрмалап, ол Бұқар, Шортанбай, Дулаттардың өлеңін «жоққа шығарды, түкке тұрғысыз» деп баға берді деп, өзіне дейінгі жырауларға қарсы қойды. Әженің әңгімесін, атаның әділ де қатал нақылын естіп өскен Абайдың өзінің төл суатынан сусындамауы мүмкін емес. Тек онымен шектелмей, Ахмет Риза медресесінде, орыс мектебінде шығыс шайырлары мен орыс, батыс әдебиетімен де таныс болуы – ізденімпаз, талапты жас үшін заңды дүние. Әлемнің озық әдебиеті мен мәдениетінен сабақ алған Абайдың «бас ақын» болып қалыптасып, маңайына өлеңге, өнерге құмар жандарды жинамауы тағы да қисынға келмес. Алысты барлайтын, көкірегі сәулелі ақын «Абайдың ақындық мектебін» қалыптастыра білді.
Кеңес дәуірінде көзге шыққан теріскендей көрінген Абайдың ақындық ортасын зерттеу мәселесі осы істі бастаған М.Әуезов, Қ.Мұхамедхановтарға да оңайға тимей, жолдарын кес-кестегені тағы бар. Пушкинтану ғылымы орыс әдебиетінде әлдеқашан 1912-1913 жылдары-ақ басталып кеткенін ескерсек, әрине, ішіміз ашиды. Десек те, абайтанудың кенже қалған осы бір зерттеу нысаны Мұхтар, Қайым аталардың бастап, Б.Ердембеков, Ж.Әубәкірлердің қостауымен, Абай мұрасына Алланың сөзі – Құрандай аялап қарайтын адал зерттеушілер легі әлі де шығады деген сеніміміз зор.

Кеше

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, абайтанушы, филология ғылымының кандидаты:
– Кеңестік кезеңде абай­танудың «қоғамға жат» са­налған саласының бірі – Абай мектебі. «Абайдың ақындық мек­тебі» концепциясын М.Әуе­зов ұсынды. Әлем әдебиеті бо­йынша әдебиеттану ғылы­мын­да «мектеп» термині бар. Әлем әдебиетіндегі мектептер, үйір­мелер, әсі­ресе батыстың әдеби салон-клубта­ры маңайына ақын шәкірттер жинап, тәрбиелеген Абайдың қарекетін еске түсіргенімен, екі түрлі қо­ғамдағы бұл әдеби топтардың табиғи нышандары қабы­са бермейтінін де ескеруіміз керек. Бұл арада ұлттық әдебие­ті­міздің өзіндік ерек­шеліктерімен санасқан жөн. Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қа­сында жүрген шәкірт­терімен шектелмейді. Қазақ әде­биетінде­гі Абайдан кейінгі көрнекті тұл­ғалардың барлығы дәстүр жал­ғас­тыру­шылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сын­ды әдебиет қайраткерлері осы лектің ал­дыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағы­нада алғанда, дәс­түр жалғастыру­шылар­дың бәрі дерлік Абай­дың ақын­дық мектебінің өкілдері болып табылады.
1950 жылдардағы «Абай­да мектеп болған ба, жоқ па»? деген даудың тууы­на ақын­дық мектеп мәселесіне қатысты нақ­ты меженің жоқтығы да себеп болды. Со­ның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шә­кірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде, Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер ара­сындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақын­ның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәс­түрін жалғастыру­шы­лар жеке тақырып ретінде қарасты­рылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиет­ке әсері деген мәселелерді ажы­ратуға мүмкіндік туады.
Саяси қысымның салдарынан Қ.Мұ­ха­медханұлы 1959 жылы диссерта­циясының атын ғана емес, идеясын өзгертуіне тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылды. 1951 және 1959 жылғы екі дис­сер­тацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдың­ғысында Тұрағұлдың аты аталмаса да, бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көк­бай Жаңатайұлына, оның «атышулы» «Саба­лақ» дастанына байланысты бол­ған­дық­тан, Абайдың қасында 25 жыл дос бол­ған талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбе­гіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көк­бай мен Тұрағұлсыз, ал бар ақын­дар­дың өзі тек «советтік шеңберге» сыятын шы­ғар­малары арқылы танылып, бір сөз­бен айт­қанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде  — Қ.Мұ­ха­медханұлының бірбеткей табанды­лығының, төзімділігінің арқа­сында.
Абай мектебімен қоса, М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жойылды. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы бол­ғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толық­тырулар болды дегенімізбен, «Ақын аға­дағы» негізгі идея – Абай­дың ақындық мек­тебі көмескіленіп қалды. Мәселен, ро­манға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе Көкбай бейнесі қатты зардап шекті.
Басқасын былай қойғанда, Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті әрі туысы Шәкә­рімсіз Абай туралы роман жазу жоқтан бар жа­сау­мен барабар еді. Шұбар – Шә­кә­рім – Дәр­мен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған айласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкә­рімді тапты. Ал саяси таным­ның қажеттілігі үшін Шұ­бардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осы­лай амал­дауға тура келді. Өмірде Құ­нанбай туыста­рының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өс­кен­байдың өр тоқалы Таңшол­паннан Шұ­бар, Елеусіз, Тілеуберді туады». Әйтсе де Әуезовтің сомдағаны – бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны.
Романда Абайдың ақын балалары Ма­ғауия, Ақылбай, Тұрағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйге­рім­нің көңіл күйіне ғана қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Тұрағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі» деген сорақы сын Тұрағұлдың атын «Абай жолынан» мүлдем сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда, ұлы жазу­шының дәуірнамалық туындысында ең негізгі тақырыпқа айналатын, айналуға тиіс бол­ған Абайдың ақындық мектебі тота­литарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Сонымен, Абай мектебі концепция­сына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелерді сөз етуіміздің мақсаты дауға айналған тақырыптың көкейкесті деген тұстарына мән беріп, абайтану ғылы­мындағы орнын айқындай түсу десек, ендігі мәселе – тікелей қарым-қатынаста бол­ған ұстаз бен ақын шәкірттер арасындағы рухани байла­ныс­тардың нақты көзін ашу.

Бүгін
Қанша жыл Абай аудандық әкімдігінде әкімнің орынбасары қыз­ме­тін атқарған шыңғыстаулық ақын Төлеген Жанғалиев 50 жастан кейін лауазымды қызметін ұстаздыққа ауыстырды. «Темір де, адам­ның жүйкесі де тозып, жүрегі ақырын соғатындықтан, орынды жас­тарға беріп, ұстаздық етуді жөн көрдім» деген Төлеген ағаның негізгі мамандығы – филолог. 1996 жылы қоғамдық негізде ашылып, ар­найы «мектеп» деген дәрежесі болмаса да, мектептің жүгін көтеріп тұр­ған Абайдың ақындық мектебі Абай туған өлкеде жалғасын табуда.

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, ақын, халықаралық Жамбыл қорының лауреаты, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі:
– Ақындық қабілетім болғандықтан, бала­лар­ға ақындықты үйретейін деген оймен сынып аштық. Кезіндегі аудан әкімі Қонысбай Қой­шы­баевтың себепші болуы­мен арнайы екі штат бөлінген. Аудан әкім­шілігінің бюджетінен қар­жыланады. Отыз шақты баланы өлең жазуға үйретіп келемін. Оның барлығы ақын да, жазушы да болмауы мүмкін. Ұлылар елінде отырғаннан кейін, ұлылар ұрпақтарын әдебиетті, поэзия, прозаны, шығармашылықты сүюге, әнге әуес, күйге құмар болып өсуіне мұрындық болуымыз қажет. Сыныптан шыққан ақындардың нашары жоқ. Алды танымал ақын, танымал журналист, танымал ғылым кандидаты болып жүр. Оның барлығы әдебиетті, өлеңді сүйгендіктен. Әттеген-айы – гимназияның бір сыныбында ғана отырғанымыз. Көрнекі құрал, тіпті домбыра да жоқ. Ел бір адамның ғана ойынан шығып отырған дүние ғой деп ойлайтын секілді. Соған назданамын. Өзімде оқыған екі шәкіртім қасымда бірге істеп жатыр. Біз де періште емеспіз, пайғамбар жасынан кейін, тізгінді соларға беріп кетеміз. Себебі бұл өлсе, Абайдың сөзі де өліп қалады. Шәкірттерім жылда дәстүрлі түрде өтетін Абай-Шәкәрім оқулары бәйгесінің алдын бермейді. Байқау – Абайда өтетіндіктен емес, оларда ерек­ше қабілет, арқа, ең бастысы, тек бар. Мен алдыма келген баланың алдымен тегіне қараймын. Арғы бабасында, нағашы жұртында ақындық өнер болса, ұрпақ ауыса келе қайталанады. Оқушыларым Атыраудағы Махамбет, Жетісудағы Мұқағали оқуларынан да жүлделі оралды.

Түйін
«Абай дәстүрі, мектебі» – тарих тезінен өтуі, кеңестік кезең мен кейбір түсінбестік танытқан жандардың теперішін көруімен құнды. Абай мұрасын зерттеушілер қауымы мен сөз киесін ұғынған ұрпақ Алланың қазақтың маңдайына берген Абайдай алыбының күллі дүнияның бахрасына сатылмайтын бағалы жақұтын көздің қарашығындай ұстауы ләзім. «Абайдың ақындық ортасының» кешегі тарихы мен бүгінгі жаңа парағы да соны меңзейді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста