Мандоки Қоңырдың өшпес мұрасы Түркі академиясына табысталды
Биыл мажарстандық белгілі түркітанушы ғалым Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына жетпіс жыл толып отыр. Мандоки өмірінің біраз бөлігі Қазақстанмен тікелей байланысты. Ғалымнан қалған мәдени мұра тегіс түркі әлеміне қатысты. Өмірден озған соң мәйіті Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген.
Ғалымның мерейтойына орай Халықаралық Түркі Академиясы «Мандоки Қоңыр Иштван мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум ұйымдастырған болатын. Қуаныштысы сол форум аясында Түркі академиясынан жанынан ғалым атындағы кітапхана ашылып, оған Венгриядан Мандоки мұрасы топтастырылған 16 мың кітап жеткізіліп отыр. Мұндай қисапсыз жәдігердің академия жанындағы кітапханаға табысталуына жары, қазақ қызы Оңайша Мақсұмқызының үлесі зор.
Оңайша МАҚСҰМҚЫЗЫ, ғалымның жары:
– Кітапханаға тапсырылған кітаптары ғалымның өмір бойы жинаған кітапханасы қазақ жастарына, ғалымдарына болашақта таусылмас азық болады деп сенемін. Өзінің ғұмыры бойына жинаған кітапханасы қамқор қазақ ғалымдарының қолына өтіп отыр деп санаймыз. Оның бүткіл өмірімен аңсап өткен ата-мекені Қазақстанға мұрасының жетіп, рухани жәдігері түркі орталығынан ойып орын алғаны қуаныштымын. Иштванның арманы – түркі халықтары біріксе деген ниет еді. Болашақта түркі халықтарының орталығы Қазақстан болып, осы кітапхана сол қауымдастыққа қызмет етсе екен деп тілеймін.
Мандоки Қоңыр Иштван Венгрияның Карцаг қаласында туғанымен, ата-бабасы жеті ғасыр бұрын қоныс аударған қазақтың ұлы даласында мәңгілікке көшіп келгенін жұрт біледі. Оның негізгі мақсат-мұраты – құман-қыпшақтардың ұмыт бола бастаған тілін, ділін қайта жаңғырту болған еді. Ғылыммен айналысқан жылдарында Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрттары арасындағы тарихи-мәдени байланысты зерттеп, түркологияны жаңа белеске шығарған бірден бір ғалым десек артық айтқандық емес. Мандоки қазақ топырағына келуімен қатар, Кеңес дәуірінде қазақ тілінің аясының тарлығына, қазақтардың үлес салмағының аздығына алаңдап, дабыл қаққан адамның бірі. Мұнымен қоса, түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, зерттеу, насихаттау ісінде елеулі еңбек сіңіргені тағы бар. Соған байланысты Шығыс Еуропадағы Балқаннан бастап Орта, Кіші, Кіндік Азиядан бастап Қазақстан, Қырым, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын тегіс шарлап, түркі халықтарының жоғалып бара жатқан жоғын түгендеуге ат салысты. Өмірде ер озған ғалым қазақ қызына үйленген. 48 жасында дүние салған ол өзінің өсиеті бойынша арғы ата-бабасының мекені қазақ жеріне жерленген.
Ерден ЗАДАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы:
– 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданғанда ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Сол ұйымға атау қоюға түрлі жайттарды ескеріп, «Ана тілі» деп қоялық деп жаттық. Түрлі пікірлер айтылды. Ойлана келе екі ұсыныс жасалды. Бір тарап «Ана тілі» деп атайық десе, екіншісі «Қазақ тілі» деп атайық деп мәмілеге келе алмай жатты. Сонда сол жиынға Қоңыр келіп қалды. Мінберге шығып, сөз алған ол қысқа ғана: «Ана тілі - жалпы, Қазақ тілі -жалқы» деді де, түсіп кетті. Жұрт қол шапалақтап, осы шешімге тоқтады. Содан бері сол «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істеп келе жатыр. 1992 жылы Ыстықкөлде отбасыммен демалып жатқанымда суыт телеграмма келді. Иштван Қоңырдың қайтыс болғаны туралы айтылыпты. Содан марқұмның қазасына жедел түрде Алматыға жеттім. Кавказдан Мәскеуге, одан Алматыға мәйіті жеткізілгенше, 20 күннен артық уақыт өтті. Табытты ашайық десек, денесі бұзылып кеткен болар дедік. Ашпайық десек, өлім күдікті, басқа біреу болуы мүмкін. Ақыры ойлана келе табытты ашсақ, Иштван Қоңырдың мәйіті бұзылмапты. Кеше ғана ұйықтағандай болып, боп-боз күйде қозғалыссыз жатыр.
Иштван Қоңыр қазақ пен қырғыз даласын кезіп, тарихи жерлерімен танысып, тарихи тереңіне үңілген ғалым. Мадиярлардың ежелгі қонысы болған қыпшақ даласына, Торғай жазығына жазушы Төлен Әбдікпен бірге сонау жылдары ат басын бұрған. Ата-бабамның жері деп қана қоймай, сол салт-дәстүрді жетік меңгеріп, қазақ тілін еркін білген тұлға еді деп еске алады жазушы. Өзі ғана емес, қыпшақтануға қызығушылық танытқан венгр жастарын да осы салаға бағыттағанын айтады.
Төлен ӘБДІК, жазушы:
– Табиғи тұлғалардың танып білу қоғамның ой өрісіне, ұлттың сананың өсіп жетілуіне ықпал ететіні сөзсіз. Ал Андоки Қоңыр осындай тарихи тұлғалардың бірі. Ең бастысы ашылған ғажайып кітапхананы, осындай мұраны елімізге табыстап отырған ғалымның отбасына үлкен рахмет. Ұрпаққа үлгі қылатын тұлғалар бізге керек. Тарихта өткен халқы үшін жанын қиған аяулы азаматтарды да, олардың көзін құртқандарды да, кешегі большевиктік ұрда жық саясатты сойылын соққандарды да, соқпағандарды да екшемей, тазаламай үлгі ете берсек онда ұрпақты адастырамыз. Халықты жақсы көрі басқа да құндылықтар мен қасиеттермен қатар жүріп отыруы керек. Иштван сонау жылдары Қазақстанға келген уақытта тіл мәселесін қозғады. Қоңырды айтқан уақытта тіл мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Біз соңғы кездері жасы өтіп кеткен кісілерге мемлекеттік тілді білудің керегі жоқ деп биік мінберлерден айтып жүрміз. Бүгінгі халықаралық жағдайда мемлекеттік тілдің жайын ушықтыруға болмас. Бірақ соған қарап заңды талап етуді тоқтатуға болмайды. Сонау Еуропаның төрінде отырып, халқы ғасырлар бойы сіңісіп кеткен, өзі де сол ауамен күн көрген, мәдениетті бойына сіңірген Иштван Қоңырдың өз асыл тегін іздеп, оны қазақ жерінен тауып, тілімізді меңгеріп, дәстүрі мен тарихын біліп, онымен ғана шектелмен осы жермен тағдырын байланыстырып, қазақ қызын асыл жар етіп, ұрпақ өрбітуі бұл ерекше оқиға. Біз Иштван Қоңырға баға берген кезде осы жағын ескеруіміз керек. Ал біз болсақ, Қазақстанда туып осы жерде өсіп отырып қазақтың тілін білуді қолдан келмейтін мәселеге айналдырамыз?! Оның бізге беретін өнегесі осыдан басталады.
Жетпіс жылдық мерейтойын осымен тоқтатпай, Халықаралық Түркі академиясы бірқатар шараларды өткізуді жолға қойып, қарар қабылдап отыр. Оның ішінде ғалымға ескерткіш қою, Астанадан көшеге есімін беру, секілді ұсыныстар бар. Сондай-ақ, Мандоки Қоңырға қатысты қырғыз ғалымдары өз елінде оның ұлықтталуына ұйытқы боламыз деп уәде берген екен. Олар алдағы уақытта Бішкек көшелерінің біріне Мандоки Қоңыр есімі берілуі мүмкін екенін айтады.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Халықаралық Түркі Академиясының президенті:
– Ғалымның жетпіс жылдығы мерейтойы аясында Түркі академиясына Мандокидің биобиблиографиясы жасау жүктеліп, оның кітаптары кітапхананың есебіне алынып, оқырман игілігіне жұмыс істейтін мүмкіндік туады. Қыпшақтануға қатысты ғылыми жобалары аясында Мандоки Қоңырдың қолжазба мұралары зерттеу мен жарыққа шығару жүзеге асырылады. Анкара қаласында ТҮРКСОЙ-дың ұйытқы болуымен ғылыми конференция өткізуді қолға алынып, ғалымның кітаптары түрік тіліне аударылып, сол жақта басылад деп үміттенеміз. Оның насихаттаған мұралары түркі халықтарының тілдеріне аударылып, жолға қойылмақ. Түркі мен Венгрия академиялары арасындағы меморандум аясында қыпшақтану мәселелерін зерттеу одан әрі жандана түседі. Астана қаласында Мандоки Қоңырға көше беру мәселесін онамастикалық комиссияға ұсынамыз.
Бұған дейін Мондоки Қоңырдың аты қазақ топырағында ескерусіз қалған емес. Кейін оның есімі Алматыдағы №154 орта мектепке берілді. Мерейтойы аясында Астанадағы Будапешт көшесінің жанынан таяу күндері ашылатын аллеядан бюст қою мәселесін Халықаралық Түркі Академиясы ұсынатын болады.