"Мамандығым - заңгер": Бауыржан Исаев ата-анасын алаяқтар қалай алдап кеткенін айтты
Әнші Бауыржан Исаев ата-анасының алаяқтардың арбауына түскенін айтты. Әнші "Айнаline" бағдарламасында телефон алаяқтарының өзіне де хабарласатынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әнші қазіргі таңда телефон алаяқтарының өзіне жылына бірнеше мәрте хабарласатынын мәлім етті. Алайда заңгерлікті тәмамдаған Исаев алдауға түспейтінін жеткізді. "Негізі сөздің ашығы, өткен аптада ғана хабарласты. Бір жылдың ішінде 10-15 рет хабарласты. Көбінесе ер азаматтар телефон шалады. Көбісі білмейді, негізі менің мамандығым - заңгер. Банк ешқашан "Сіздің атыңыздан несие алынып жатыр" деп хабарласпайды. Басында ұрсатынмын. Қазір "Сол несиені сыйладым саған" дейтін болдым. Алаяққа алданып қалған бір-екі таныстар бар. Тура осы тәсілмен, "Несие, код" дейді. Бұл енді күлетін де жағдай емес. Бірақ бұл мәселемен бәрі күресуі керек. Мұның да дәуірі де өтеді", - деді өнер иесі. Сондай-ақ әнші бағдарлама барысында осыдан бірнеше жыл бұрын әке-шешесінің алаяқтардың құрбаны болғанын жасырмай айтып берді.
"Осыдан 10-15 жыл бұрын менің әке-шешемді алдаған болатын. Естеріңізде болса, ол кезде абақтыда отырып алып, "Анашым, мені ұрып жатыр. Мен адам қағып кеттім. Енді 100 мың теңге салмасаң, мені ертең соттайды" дейтін алаяқтық сәнде еді. Менің жалғыз бауырым бар, әке-шешем зейнеткер. Оларға солай хабарласқанда сасып қалып, 80 мың теңге аударып жіберген. Содан кейін ғана маған хабарласты. Мен бірден ағама телефон шалып, "Амансың ба?" деймін. Ол жақсы екенін айтты. Мен алаяқтар екенін бірден білдім. Анама "Ештеңе етпейді. Солай болды. Енді сондай болса, ең бірінші маған хабарласыңыздар" дедім. Бірақ өзім алданған емеспін", - деді әнші.