Мамадияр мектебі деген – осы...

Мамадияр мектебі деген – осы...

Қазақ қоғамы ол кісіні жақсы біледі. Әсіресе, қолына қалам ұстаған журналистер қауымы. Жазушылар да. Мамадияр Жақып есімі 50 жылдан астам уақыттан бері кешегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің сарғайған беттерінде жазулы. Әріден іздей берсең, Семей облыстық газетінде, «Қазақ әдебиетінде», «Жетісуда». Баспадан шыққан кітаптары бар. Бас редактор қолтаңбасы да, жауапты хатшының безендіруі де бірден көзге түседі. Қазіргі «Егемен Қазақстанның» 15 жыл еншісіндегі тұрақты айдары «Дүбірлеген дүние» – саяси шолу түгелдей Мәкеңнің сараптамалары. Дұрысында, саяси көзқарастары. 95 жылға жуық тарихы бар «ЕҚ» газетінде шаршау дегенді білмейтін журналистер көп болған, олар әлі де бар. Біздің білетініміз Ержұман Смайыл еді, ендігісі – Мамадияр Жақып. «Газеттің бүкіл ауыр жүгін өз иықтарымен көтерген қара нары», дейді әріптестері. Және Жанболат Аупбаев бар. Ерағаң мен Жәкең әрине, бұл кісіге қарағанда әлі жастау ғой. Ал Мамадияр ағаның бас газет үшін жанын салып жұмыс істеп, кіршіксіз адалдықпен қызмет етуі, тап-тұйнақтай тындырымдылығы, жазған дүниесіне жарты ғасыр бойы «өзгенің» қалам ұшын тигізбеген терең білімді, көркем ойлары тарланбоз қаламгердің толымды болмысын көрсетсе, 75 жастағы аға журналист ретінде әлі де сапта.
Қазақ журналистикасының қалың шоғы­рында ардақты ағамызға жақын жүрмейтін жур­налист жоқ. Себебі үлкен жүректі адам­ның қамқор әкелік көңілі мен аялы алақанын сезіну оған деген жақындыққа тарта түседі емес пе?
Мамадияр Жақып – қазақ журналис­ти­касында мойындалған адам. Қандай қа­сиет­тері үшін дейсіз бе? Әуелі – талантты жур­на­лист, білікті редактор болды, мұнымен қоса, әділ, ұлт намысын қорғап, қызмет бабында қия­нат көрсе де, ешкімді жазғырмай, мойымай, табандылықпен кеңестік үстемдікке қарсы тұра білген қаламгер.
Құдай басқа салмасын, қазір кейбір «қайраткерлер» жау қашқан заманда батыр болып жүр ғой, кешегі кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған заманында көрген қорлығын бетке перде ұстамай, адамдық абыройы мен журналистік болмысын сақтап қалған бір кісі болса, ол біздің Мәкең.
«Мамадияр мектебі»
2012 жылы. Күз айы.
Шерағаңның, халық жазушысы Шерхан Мұр­­тазаның 80 жылдық мерейтойы қарса­ңында деректі фильм түсіру үшін екі ай уақыт әрі-бері әбден сабылдық.
Қолымызда сценарий бар, режиссеріміз де тәжірибелі. Жеті қаруымыз бойымызда. Әйтсе де 25 минөттік фильм түсіру оңай тимеді. Әсіресе, Шерағаң денсаулығына бай­ланысты болды-ау, қойған сауалыңа жа­уап бере қоймайды. Жайшылықта да ағынан жарылып шешіле салмайтын әдеті бар. Ол да есте.
Сондай бір күні біз ол кісіге «Егемен Қа­зақ­станда» жиі айтылатын әзіл-қалжыңды әдемілеп айта бастадық. Шерағаң да кү­лім­сіреп, өткен жылдар оқиғаларын, жур­на­лист қазақ жігіттерінің жақсы қырларын еске алып отырды.
Әңгіме қызған кезде «Сіз кімдерді ерек­ше атар едіңіз?» деп сұрап қалдық. Шерағаң ба­сын шұлғып отырып: «Е... Бәрі мықты ғой олар­дың. Ерекең бар! Ержұман Смайыл! Мә­кең бар. Мамадияр Жақып! Нағыз газет үшін туған осылар. Олар болмаса...», – деп бізге көзін тіге қарады. Біз не дейік? «Көпшілігі ерін­шек. Ал олар ерінуді білмейді. Еңбекқор. Ма­мадияр мектебі деген – сол. Адал адамдар мектебі», – деді әрбір сөзіне салмақ әрі екпін түсіріп.
Бұл сөз «Шындықтың жебесі» деректі фильміне енген жоқ. Алайда жазбасы менде сақтаулы.
Алаш ардақтысының мерейтой сал­та­натында айтылған ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің сөзімен келтірсек, «Қазақ баспасөзінің арғы-бергі және бүгінгі тарихында Шерхан Мұртазадай редактор болған емес», сол Шерағаң Мәкең жайында өте жоғары пікірге ие. Бұл жайдан-жай емес.
Мәкеңнің аралас-құралас адамдары да көп сырды аңғартады. Аударма әдебиетінің ақтаңгері Әбілмәжін Жұмабаев, көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, «ғылыми коммунизм» пәнінің профессоры Өмірсерік Шарипов, Тұманбай Молдағалиев секілді ақын-жазушылар еді.
Қызық, аты дардай кісілер өз достарын күн құрғатпай демейік, бірақ жиі-жиі редакцияға іздеп келіп жатады.
Сәлемдесу үшін Семей өңірінен де көп­те­ген елдің беткеұстар азаматтары Мәкеңе ар­найы келеді. Ағамыз болса, оларды туған бауырындай қарсы алып, үйінен дәм тат­қызбай жібермейтінін білеміз. Өйткені Абай елінде ол кісінің жалындаған жастық ша­ғы­ның іздері бар.
Мәкеңнің былайғы жұрт туған жері Шым­кент жақтан екенін білмейді де. Себебі ол кісіде ауылдас, аталас демек түгіл, жер­лес­тік секілді пиғыл да жоқ. Ондайдан мүл­дем ада.
Ал мұндай пейілі пәк адамды қазір мына заманда таба аламыз ба? Әй, қайдам, болса да аз сияқты.
Мәкең қалыптастырған ізгілік мектебінің бірі иірімі, міне, сондай.
Ар алдында тұрғанда
Ар-ұяты бар адамдар қай қоғамда да ба­ғалы.
Қоғам сондай адамдарға зәру. Әсіресе кешегі кеңестік дәуірде бәрі де «партиялық билетпен» жазылып, сызылып, қатал өмірдің өлшемі мен мөлшерінен асып-тасып кетпеу қатты назарда тұрды емес пе. Сәл қателестің бе, тіпті басың кетеді. Бұл «қызыл» саясат талай адамдардың өмірін қиды, түрлі азапқа салды. Қуған-сүргіннің көкесі «37-сінде» емес, 1987 жылдың өзінде де болған.
86-жылғы Желтоқсан оқиғасының суық ыз­ғары мен соққан дауылы қазақ жур­на­лис­терінің өмірімен де тікелей араласы бар. Қараңыз, Сағат Әшімбаевтар неге аласұрды? Қазақ телевизиясының журналистері көз алдында болып жатқан сұмдыққа өздері де араласты. Ұлттық намыс бәрін оятты.
Ал 1987 жылы 19 маусымда Алматы об­лыс­тық «Жетісу» газетінде Желтоқсан оқи­ғасына «басты кінәлі» деген сот үкіміне, Жо­ғар­ғы сот залында «өлім жазасы» оқылған сәтке қасқая қарап тұрған бес жігіттің суреті шағын түсініктемесімен қоса жарияланды.
Тарихи суретті түсірген – ҚазТАГ фото­тіл­шісі. Оны жариялаған басқа басылымдар емес, «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері.
Мұның арты ойран болды. Демократия, сөз бостандығы мен ой еркіндігі деген қайта кұ­ру идеялары далада қалды.
Орталық партия комитеті, өктемдік өкі­меті өре түрегелді. Айқай-шу көтеріліп, он­сыз да жанын жегідей жеп жүрген журн­а­лис­тер­ді «ұлтшылдар» деп қуғынға түсірді.
Соның ең көп азабын тартқан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып еді. Мен сол кездері ағаның қол астында қызмет еттім. Бәрін өз көзіммен көрдім, обкомда (оның алдында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросында, Г.Колбиннің зәр шашқан жиынында Мәкеңе сұқ саусағын шошайтып: «Егер ертең студенттер осы газеттегі суретті қолдарына ұстап көшеге шықса, сені көремін сонда», – дегенді де естіп келгенінен ха­бар­дар болатынбыз). Бірінші хатшы М. Мең­дібаев бастаған «бюро мүшелері» көзімізге көк шыбын үймелетті, «кілең қазақтар тұ­ратын жерден келген ұлтшылдар» деді ме, «саяси қырағылық таныта алмады» деді ме, бәрін теріске шығарды. Арнайы ақпарат желісімен келіп түскен бұл суретті жариялау міндеті де – ресми, оны қинала отырып жариялаған сәтті ескерген ешқайсысы жоқ. Амал бар ма?
 Сол обком бюросында қызметінен шет­тетіліп, партия қатарынан шығарылып, тағ­дыры қыл көпір үстінде тұрған тұста Ма­ма­дияр ағаның: «Сіздер басқа журналистерді қудалауға салмаңыздар, бәріне мен кі­нә­лімін, мені қалай жазалауды жөн деп та­басыздар, солай жасай беріңіздер» дегені әлі құлағымда тұр. Дар алдында тұрғандай болса да, батылдық рухпен жауап берді.
Еңсесін тіктеп алды да, мінберден еш рұқсатсыз-ақ өзі түсіп жүре берді...
Содан Мамадияр ағаның өзі ма­ман­ды­ғы­мен жұмыс істеуі үшін бас қаладан бір орын табыла қоймады. Әлдебір кісілердің жа­нашырлық танытып, араласуымен ғана Қас­келең аудандық баспаханасынан қа­рапайым корректорлық жұмысты әрең тапты.
Әйел – еріне, ал ері жерге қараған уақыт бол­ды. Езді, езілді, егілді. Зорлыққа шы­дамай, жүрекке зіл батпан салмақ түсті.
Бірақ Мәкең екінің бірі бас көтере ал­майтын қиын сағаттарда ерге тән табан­ды­лық көрсетті. Мойыған жоқ. Бәріне шыдады.
Шерағаң айтқан Мамадияр мектебінің тағы бір тұсы осы болар.
Жаяу жүріп аялау
Мәкең «Жетісу» газетін басқарған аз жыл ішінде өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Ұзақ жылдар бойы «СҚ»-ның тәртібіне үй­ренген Мәкең журналистерге еркіндік берді, өткір тақырыптарға қозғау салды. Те­мір­дей тәртіпті ұстанады әрі өте қарапайым. Әйтсе де басынан ешқашан сөз асырған емес.
Бұл өмірде біреудің ала жібін аттамаған Мә­кеңнің көп оқып, көп білетінін бәріміз мойындағанбыз. Сонымен бірге азаматтық ірілік танытуы ерекше. Мәселен, қайсыбір кі­сілер сияқты, алыс-жақын жерге «ме­рей­тойым болатын еді немесе кітап шығарайын деп едім» дегендей сипаттағы өтінішті жаз­бақ түгіл, ауызша да айтып көрген емес. Ондай әдет ол кісі үшін ұсақ- түйек, ұят нәрсе сияқты болып көрінеді. Әйтеуір осылай сезінеді. Таңғаласыз ба, әрине, таңғалмасқа лажың жоқ.
Қолы қалт еткенде «Мергенбайдың айт­қан­дары» деген сатиралық әңгімелер жи­нағы, қаламгерлік эссе-әңгімелер болып шы­ғып жатады.
Біздер оны қызыға оқимыз.
Иә, заман түзеліп, Мәкең әдеби ортаға, журналистер базарына қайта оралуының сәті түскенде ол кісіні қуана қарсы алу нағыз құрмет еді.
«Егеменге» келді. Дұрысында шақыртып ал­ды. Бас редакторлар Нұрлан Ораза­лин,Уәлихан Қалижанов, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахмановтар Мәкеңнің төрге оздырған абыройын жастарға үлгі жасай білді.
Ал ол кісі өз кәсібіне құлшына кірісіп, «Еге­меннің» шаңырағына берік уық боп қадалды.
Жайма-шуақ сағаттарды осынау мейі­рім­ді әрі өз жұмысына құлай беріліп, Құдай сүйген адамның Ұзақ Бағаев, Балғабек Қы­дыр­бекұлы, Сапар Байжанов, Көрік Дүйсеев сияқты өзі құрметтейтін ел ағалары жайында айтар әңгімелері – өз алдына бір кісілік кітап. «Олар жақсы адамдар еді» деп өмір та­ғы­лымын, ізгілік тәрбиесін үйретіп келеді.
Қазір нарық заманында ақша, пайда тап­паса, аттап баспайтын жаман пиғыл пай­да болды ғой. Күндердің күнінде амандасу да сатулы бола ма екен деп қаласың, оны несіне жасырамыз.
 «Елге ұлттық рух, ұлттық идея керек» деп жа­рыса айтып жатамыз ғой. Елдік бір идея мі­не! Оны Мәкеңнің бастамасымен дүниеге келген «Ұлыларға тағзым» деген ұжымдық сапарынан іздеп көрелік. Ол кісі ұлылардың тойына ұлттық ой-сана алып барады. Қазақ да­ласында Абай, Жамбыл, Махамбет, Қа­ныш Сәтпаев және басқа да ұлттың дара перзенттерін ұлықтауды алға қойған экс­пе­ди­ция жорығы бұл күндері журналистика тарихына енді.
 Зиялы қауымнан құралған (оның да өз өл­шемі бар, елге белгілі еңбегі мен қызметі болуы керек, алыс жолға шыдамды болуы да шарт) экспедиция мүшелері апта бойы, он күн ішінде сан жүз шақырым жол жүріп, сол өңірде ел ішін аралап, тағзым жасау қандай ұғым екенін насихаттайды.
Қайсыбіреулер тойға барғанын да пұл­дап пәле болады. Ал Мәкеңдер, керісінше, ұлылар мерекесіне жаңаша мазмұндық си­пат беруді мақсат етеді. Ұшақпен ұшпайды, жаяу жортады. Бұл «жұртым» деген қай­раткер – қазаққа тән игі іс. Семейден, Ал­ма­тыдан, Түркістаннан, Атыраудан көпшілікке та­нымал азаматтар кезекті жорыққа шығар сәт­ті күтіп, баяғы Шоқан Уәлиханов экс­педициясындай сағынып жүреді.
Жүрген іздері өшпейді,сол сапары жа­йында бес кітап жазып тастады.
«Мамадияр мектебі» деп Шерағаң осы тұнық көңілді, мәрт мінезді азаматтың осы қырларын меңзеген екен-ау.
Егеменді туған елі де, қаламгер қауымы да ол кісіні төбесіне көтерді. Үзеңгілес жол­дас­тарының айтуы бойынша, 80-жылдары Мамадияр ағаның үлкен еңбегін бағалаған ұжым басшылығы оны «Құрмет» орденіне ұсы­нады. Алайда ол кісі мұндай құрметке лайықты деп өзінен жасы үлкен, ардагер журналистке жолын беріпті. Осы бір бы­лайғы жұрт біле бермейтін, шығармашылық адам­дардың арасында жиі кездесе бер­мейтін ізгілік сәтті қатарлас әріптестер ыл­ғи үлгі ретінде алға тартады.
Бұл күндері ағаның омырауында азат Қа­зақстанның «Құрмет» ордені жарқ­ы­рай­ды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері. Еліміздің Құрметті журналисі. Адал еңбегі мен қызметіне берілген бұл мем­лекеттік марапаттаулар азаматқа деген елдік құрметтің жарасымды көрінісі деп білеміз.
Иә, әркім-ақ армандайтын асыл қа­сиет­терді бойына жинаған жақсы адам жа­ны­мыз­да жүр. Біз жаны таза, рухы мықты қазақты мақтан етеміз. Қайда жүрсек те.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста