Түркістан қаласында ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар дәстүрі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Басты мақсат – XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің өкілі Майлықожаның шығармаларын кеңінен насихаттау мен ақын мұраларын халыққа жеткізу. Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелерінің «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен. Ғылыми конференция жұмысына академик Рахманқұл Бердібаев, Ө. Тынышбаев, Т. Тебегенов секілді елге танымал білікті ғалымдарымыз қатысты.
Өтеген Тынышбаев, профессор:
– «Майлықожа – тек қана Түркістанға тиесілі немесе Сыр бойының ақыны емес, ол бүкіл қазақ еліне ортақ. Сырдың да, жырдың да дүлдүлі, бұлбұлы. Бұл қазақ біткеннің маңдайына, ырысына біткен ірі ақындардың бірі».
Жиын барысында белгілі болғаны, Майлықожаның өлеңдері мен термелерін алыстағы Қытай еліндегі қарындастарымыз да жатқа айтады екен. Шыңжаң өлкесінен арнайы келген профессор Баяхымет Жұмабайұлы халық арасындағы ақын мұраларын елге тарту ретінде ала келіпті. Ақын мұраларын зерттеп, жинақтап, елге танытып жүрген ғалым Әзілхан Оспанұлы мен ақын Тұрсынәлі Айнабекұлы екенін айта кету керек.
Десек те, артына мол әдеби мұра қалдырған жыршыл, сыршыл шайырдың еңбектері әлі де болса тыңғылықты зерттеулер мен дәріптеулерге зәру болып тұр.