Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Қарулы Күштерінде төрт орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ал ұлттар тілінде 50 газет шығып тұрды. Оның ішінде қазақ тілінде 10 майдандық, үш дивизиялық, бір округтық газет жарық көрді. Олар – «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Суворовшы», «Отан үшін алға», «Майдан ақиқаты», «Отан намысы үшін», «Отан күзетінде», «Отан үшін ұрысқа», «Дабыл», «Сталин туы», «Фрунзеші» және басқалар.
1942 жылдың қараша айының 12-сінен бастап 34 дербес армияда және 10 майданда қазақ тілінде бірнеше әскери газет және Саяси Бас Басқарманың жанынан «Үгітші блокноты» шыға бастады. Майдандық қазақ газеттерінің редакторлары болып Қасым Шәріпов, Құрманбек Сағындықов сияқты белгілі журналистер тағайындалды. Сөйтіп, қазақ баспасөзінің сапына отты жылдардың шежіресі – майдан газеттері келіп қосылды.
Майдандық қазақ газеттері туралы түскен көптеген пікірдің бірінде бір топ қазақ жауынгерлері мен офицерлері былай деп жазды: «Майдандағы қазақ газеттері біздің мақтаныш сезімімізді бұрынғыдан да жоғары көтерді. Газеттер бізге қазір қызу жұмыс жүріп жатқан алыстағы туған өлкемізден, қаламыздан, ауылымыздан хабар әкеледі. Сондықтан да біздің солдаттық жүрегімізге қазір әскери газеттердің әрбір сөзі қымбат».
Майдандық газеттердің сарғайған, оқ тескен, жыртылған беттері қазақ жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы өшпес даңқына, ерлігіне толы. Олардың қазақ халқының батыр ұлдары мен қыздары – Төлеген, Сұлтан, Ағаділ, Нүркен, Мәлік, Талғат, Рақымжан, Әлия мен Мәншүктердің ерліктерін әлемге паш еткен қысқа-қысқа хабарын, қызықты очерктерін оқимыз. Сондай-ақ фашист басқыншыларын әшкерелеген сықақтарды, өлеңдерді, әңгімелерді кездестіреміз. Қалам қайраткерлерінің газет бетіндегі жалынды лебізі қаһарман халқымыздың намысын сілкіндіріп, елдікке, ерлікке шақырғанында дау жоқ.
Қан майданға арналған көптеген өлең от-жалын ортасында жүрген ақындар қаламынан шығып, сол кездегі орталық, республикалық, майдандық баспасөз бетінде жиі-жиі жарияланып тұрды. Әсіресе «Отан үшін ұрысқа», «Жауға қарсы аттан», «Дабыл», «Отан үшін», «Қызыл әскер ақиқаты» т.б. қазақ тілінде жарық көрген газеттердің ақындар өлеңдері басылмаған саны кемде-кем.
Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығы бойынша, басқа республикалардағы сияқты Қазақстанда да бірнеше ұлттық бригада құрылды. Солардың бірі – 1941 жылы 5 желтоқсанда Алматыда құрылған 100-інші жеке атқыштар бригадасы. Бригаданың «Сталин үшін алға» газетінің редакторы капитан Қасым Шәріпов еді. Ол соғыстан кейін ұзақ жылдар «Социалистік Қазақстан» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») редакторы, ҚазТАГ директоры болды. 100-бригадада бірге болған жауынгер жолдастары жайында «Қатардағы қаһарман» және «Қаруластар» деген екі кітабы жарық көрді.
Редакция құрамында әдеби қызметкерлер Жекен Жұмаханов пен Диқанбай Қосанов, әріп терушілер Досқали Есентаев пен Абдолла Қабиров, баспашы Алексей Гаврин, жүргізуші Михаил Букреев болды. Газеттің бірінші нөмірі 1942 жылдың 24 мамырында шықты. «Неміс оккупанттарына өлім келсін!» деген жолдар бар. Ал төменгі жағында «Н. құрамасының қызыл әскер газеті бөлімнен сыртқа шықпасын: оқып шық та, жолдасыңа бер» деген сөздер бар. Маңызды мәселелердің бірі газет төңірегіне белсенділер тобын ұйымдастыру болды. Бұл жағынан штаб комиссары Ғайса Дүйсенбеков, саяси бөлім бастығы Әбдірахман Досанов, бөлім қызметкерлері Асқар Закарин, Қажымұрат Әлжанов, Балпан Төлебаев, Дүйсен Ерімбетов, Абзал Жәкішев, Егемқұл Тасанбаев көп көмек көрсетті. Газеттің авторлары ретінде Тәжен Елеуов, Мәулен Исин, Әкентай Халимолдин, Жүніс Бегімбетов сияқты офицерлер, Әуеш Қошмағамбетов, Ысқақ Шәукенов, Кәрім Тәшенов, Мұхит Әкімжанов, Ысмағұл Көшекбаев сияқты кіші командирлер үнемі мақала жазып, атсалысып тұрды. Жауынгерлерден құралған тілшілердің саны 50-ден асты. Бұлардың ішінде материалдармен қатар, өлең жазатындар да аз болмады. Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Нәдір Сейсембаев, Жүсіп Баталов, Төребек Тоқмағамбетов сияқты 18-19 жастағы жас ақындарды бүкіл бригада мақтаныш етті.
Үшінші батареядағы взвод командирі, кіші лейтенант Қажым Көшековті бүкіл бригада жауынгерлері білетін. Ол Алматыда Коммунистік журналистика институтын ойдағыдай бітірген, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы болған. Ол бұрын қаламымен қайрат көрсетсе, енді қаруымен ерлік танытты.
«...Қасиетті жер дірілдеді. Жаудың төбесіне оқ жаудырылды. Дұшпанның екі взводы қиратылды. Балқыған металл жексұрын басқыншылардың парша-паршасын шығарды. Молодой Тудтың оң жақ шетіндегі үлкен шіркеуге қарай ұмтылған біздің атқыштарымызға жол ашылды. Артиллеристер ұзап бара жатқан жаяу әскерлерден қалыспай, ілгері жылжи берді. Командир Көшеков кідіріп қалған бір зеңбіректің қасына жүгіріп барды да, оны ашық позицияға шығарып, көздеушінің орнына өзі отыра қалып, фашистерді тура атқылай бастады. Бірақ сол мезетте ол жау снайперінің көзіне ілініп, оққа ұшты. Құлаған жерінен қайта көтеріле алмай, зеңбіректің қалқанына әрең сүйеніп отырып: «Жігіттер, алға!» – деді. Бұл оның соңғы сөзі еді». Көшековтің қаза табуы бүкіл бригаданы күйзелтті. Майдандық газетте Әзілхан Нұршайықовтың «Өсиет» деген өлеңі басылды. «Қызыл жұлдыз» орденінің кавалері Қажымның өсиеті: «Алға қарыс бассаң да, сүйем кейін шегінбе! Әдет жоқ ондай тегіңде!» Содан бері Көшековтің қансырап жатып, жауынгерлеріне айтқан үш жол өсиеті газеттің шекесінен-шпигелінен түспейтін болды. Бұл өсиет сөз бригаданың қазақ халқының хатына жазған жауабына да жазылды.
1943 жылдың 5 мамырында «Сталин үшін алға» майдандық газеті тілшілері және әскери бөлімшелерде шығарылатын «Жауынгерлік листоктардың» редакторлары бригада штабы тұрған селоға шақырылды. Баспасөз күніне арналған жиналыс өтті. Жиналыста ең белсенді әскери тілшілерге, үздік редакторларға құрама командирінің арнаулы бұйрығымен алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың ішінде сержант Әзілхан Нұршайықов, сержант Мәншүк Мәметова, аға сержант Мырзағали Ұсаев, кіші сержант Мағауия Қалиев, жауынгер Бейсенбек Мұстафин, старшина Сабыр Баймұратов, лейтенант Қаби Нұрмағанбетов, капитан Шазада Әтеев болды. Бұл тізімде ең алдымен сержант Нұршайықов есімінің аталуы өте орынды деп есептелді.
Сержант Нұршайықов тек тілші ғана емес, қатаң тәртіп ұстайтын зеңбірек командирі екен. Сондықтан да ол Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығы бойынша бригада жауынгерлерінің ішінде бірінші болып «Қызыл Армия үздігі» белгісімен наградталған.
1943 жылғы көктемде редакцияда Жамбыл ақынның майдандағы Алғадай деген ұлының аты аталды. Тегінде өлең Алғадайға ғана емес, майдандағы барлық қазақ жауынгеріне арналған. Өлең бригада газетіне басылды. Әскери құрама басшылығы Жамбылға хат арқылы жауап беру керек деп ұйғарады. «Хат өлеңмен жазылсын, мұны бригада ақыны Әзілхан Нұршайықов жазатын болсын» деген шешім қабылданды. Өзіне жүктелген жауапты тапсырманы Нұршайықов үш күнде орындап шығады. «Атамыз Жамбыл ақынға» деген ұзақ өлеңде жаяу әскер, сержант Қарабек Бұрышевтың, артиллеристер Әбдірахман Баймурзин мен Мырзабай Ерназаровтың, бригада мергені Ыбырайым Сүлейменовтің және басқалардың ерліктері баяндалды. Хаттың ең соңында осы ерлердің есімдерін Жамбылдың өз жырына қосуын тілек етіп, аяғын былай аяқтаған:
Сұм фашисті, атажан,
Қарыс сүйем ілгері
Бастырмаймыз, жеңеміз!
Сіз арқылы халыққа
Осылай серт береміз!
Қош болыңыз, қарт ата,
Ұсындық, міне, қолымыз!
Талай жылдар тағы да
Сау-сәлемет болыңыз.
Ұлдарыңның жеңісін
Көзіңізбен көріңіз.
Асыл сөзбен ерлерді
Елге жырлап беріңіз!
Хатқа 100-інші атқыштар бригадасының командирлері мен жауынгерлерінің, саяси қызметкерлерінің атынан 25 адамның қолы қойылып, Қазақстанға жіберілді. Екі айдан соң Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген өлеңі келіп, ол бригадалық газетте жарияланды.
Ел басына күн туған шақта азамат жүгін арқалаған мыңдаған қыз-келіншек уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрінбей өтті. Аяғына – солдат етігін, үстіне солдат киімін киіп, Отанымыздың астанасы Мәскеуден Берлинге дейін шеру тартты. Шынтуайтқа келгенде, Рейхстагта желбіреген қызыл туда қазақ әйелдерінің де даңқ жолы, ерлік дастаны баршылық. Оны бір мақала түгіл, бір кітапқа да сыйғызу мүмкін емес.
«Жауға қарсы аттан» газетінде (1944 ж. 9 наурыз) «Жауынгер совет әйелдерінің даңқы арта берсін!» атты ортақ тақырыппен берілген топтамада аға лейтенант Асқар Закариннің «Мәншүк» деген мақаласы жарық көреді. Онда Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлік істері баяндалған. Невель қаласы үшін болған шайқастың алғашқы бір күнінде Мәншүк өзінің күнделігінде: «Августың 20-сы күні неміс жауыздарының екеуін өлтірдім, бұл бірінші адым деп жазып қойдым», – деген. Әсіресе Мәншүктің көрсеткен жанқиярлық ерлігі айна қатесіз жазылды. Содан кейін «Қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйікті «Максимді» құшақтап қаза тапты. Оның пулеметтен атқан оғы фашистің 70-тен астам солдаты мен офицерінің көзін құртып, жаудың бірнеше қайтара жасаған шабуылын тойтарды, сөйтіп, біздің жауынгерлерге жол ашты. Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдің Приамур көшесі мен Торфяной бұрышы Мәншүк Мәметованың атына өтті» деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатты. Сондай-ақ газеттің дәл осы санындағы «Ағипа» атты мақала да адамды бейжай қалдырмайды. Подполковник Карл Киттон басқаратын бөлімшедегі жауынгер Ағипа Кенжеғалиеваның ерлік істері кеңінен сөз болады. «Репинодан Красноармейскіге өткел жасауда бөлімшенің ерлік қимылы ересен болды, – дейді газет. – Жаңбырдай жауып тұрған жау оғына бой берместен, Сталинград түбіндегі ұрыстарда қаһармандық қимыл жасады. Бөлімшенің барлық жауынгері мен командирлері «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталды, соның бірі Ағипа еді...»
I Украина майданының «Отан намысы үшін» газетінің 1944 жылғы 8 қаңтар күнгі санында «Батыр қыз» атты мақалада: «...Кеңестің ер-азаматтарымен қатар, қасиетті Отанымызды қорғау үшін Зура да майданға аттанды. Сержант Зура Досбергенова бір саяси бөлімде қызмет атқарып жүрді. Ол бұл орнында әрі хатшы, әрі машинистка болып істеді. Екі қызметті бірден мүлтіксіз атқарды. 18-ге жаңа жеткен Зура ақылымен де, ісімен де қызмет істейтін бөліміне жағымды, сүйкімді болып алды.
Командованиенің тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін Зура II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Зура атқарып жүрген қызметін місе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне барып, ұрысқа араласқысы келді. Осы арманына бой ұрған Зура бір күні өзінің командиріне келіп, өтініш айтты.
Ақыры полковник Зураға рұқсат берді. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тілегін орындады. Зура батальон комсоргі болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенін көрсетті», – делінген.
Қызыл әскер Көкен Әубәкіров І Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» (1945 ж. 1 мамыр) газетінде «Солдат қыз» деген мақалада:
«Сұр шинельді, бүйрек бет солдат қыз Алтын Мұхамеджанова 1924 жылы Солтүстік Қазақстанда туған. Ол орта мектепте оқып жүргенде соғыс басталды. Комсомолка Алтын Отанды қорғау жұмысына сұранды. Бұл тілегін қабыл көріп, комсомол ұйымы мұны оқуға жіберді. Сол оқуды бітіріп, 1942 жылы Алтын соғыс самолеттерін қамтамасыз етуші кислородшы болып шықты. Истребитель және бомбардировщиктерді өмірі көрмеген қырдың қызы олардың үстінде аспанда ұшып, жауынгерлік міндет атқара бастады. Өз міндетін ойдағыдай орындады.
Қазір де сержант Алтын Мұхамеджанова Германия жерінде жауынгерлік самолеттерді жорыққа даярлап, неміс жендеттерін жоюға жәрдемдесіп жүр. Қарғысты Германия жерінде жойылған фашист айуандарын талқандауға оның да тиісті жарнасы бар. Ол «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен наградталды...» – деп жазды.
«Жауға қарсы аттан» (1944 ж. 9 наурыз) газетіндегі журналист Үмбет Тілемесовтің «Байланысшы қыз» деген мақаласы да ерлік шежіресінен көп жайтты хабардар етеді. Яғни телефонистка Сағира Сағатованың жауынгерлік жолының бір сәті былай елес береді: «Жаңбырдай жауып тұрған жау оғының астында Сағира телефон сымын үшінші рет жалғап қайтқанда, оның шинелінің сол жақ жеңі қанға боялып келді.
– Жараланып қалыпсың ғой?
– Қазір жара елейтін уақыт па, жолдас майор?! Сүйек бүтін болса, еті жетіле жатар! – деп Сағира таңулы қолын асынып, міндетін атқара берді.
Жер бауырлап жылжыған қыз тісімен телефон желісін жалғап, жарадар жүректерге командир бұйрығын жеткізуге асық. Бір ауыз сөздің талай тағдыр түйінін шешіп кетер кездері көп. Сонда байланысшы қызметінің қаншалықты қымбатқа түсерін түсіну қиын емес. Ендеше, Сағира жүрегінің лүпілі бүкіл майдангер жауынгерлермен жіпсіз жалғасып жатқаны сөзсіз. Сол үшін жаралы қолын ерен санамай, өз міндетін атқара берді...»
1944 жылдың 20 ақпаны күні І Украин майданының «Отан намысы үшін» газетінде Сәбит Мұқановтың «Халық батыры – Амангелді» деген көлемді өлеңі жарық көрді. Ақын Амангелдінің ұмытылмас ерлігін сөз ете келіп:
«...Бүгінгі ұрпақ! Фашист жауыңменен, Майданда Амангелді батырша алыс», – деп батыр мұрагерлеріне – кеңес жауынгерлеріне қайырыла сөйлеп, үлгі етерлік өнеге ұсынады. Дәл осындай ойлар газеттің сол жылғы сандарында жарияланған журналист Тыңбай Мұқановтың «Қазақ жауынгерлеріне», ақын Қалижан Бекхожиннің «Қазақ ұлына» (ақпан, 1945 ж.), Жұбан Молдағалиевтің «Қазақ» (14.11.1944 ж.) атты көлемді өлеңдерінің де негізгі арқауы болғанын байқаймыз.
Ақындар шығармаларынан басты орынға ие тақырыптардың бірі – кеңес халқының интернационалдық сезімінің сырын ашу. Майданда жүрген қазақ жауынгерлерінің туысқан халықтар өлкесін өзі туған жердей сүйіп, оны азат ету жолында жанын аямай күресуін суреттеген Дихан Әбілевтің «Дон», «Кубань», «Неман», Әбу Сәрсенбаевтың «Днепр жиегінде», «Ой, Днипро, Днипро», Қалижан Бекхожиннің «Днепрде» сияқты өлеңдері – бұған айғақ.
Соғыс кезінде басқа ұлттардың өкілдерімен қоян-қолтық соғысқан қазақ халқының ұл-қыздары ерлік ісімен елді сүйсінтті. Олардың есімі халық мақтанышына айналды. Майдан газеттерінің бетінде жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтің «Габдулхай», «Хабибулла», Асқар Лекеровтің «Зиядос Қасымов», Жұмағали Саиннің «Мәлікке», Дихан Әбілевтің «Қыр қызы» өлеңдері – мұның куәсі.
Лейтенант Құланбай Көпішевтің «Сегізінші тіл» («Жауға қарсы аттан», 24 желтоқсан, 1944 ж.) деген очеркі гвардия сержанты Сағат Құрманәлиев пен оның жолдастарының барлаушылық жұмысын, бір жолғы «тіл» әкелу көрінісін паш еткен. Сағат сонау Тарбағатай тауының аясындағы Ақсуат ауданында туып-өскен, сондағы Көкжыра орта мектебінде оқып, тәрбие алған. 1942 жылдан майданда жүріп, сан ұрыста болады, сегіз рет «тіл» әкелуге қатысады.
«Дабыл» атты майдандық қазақ газеті 1944 жылғы 22 тамыздағы санында «Комбаттың ерлігі» деген мақала жариялады:
«...Белая Церковь қаласы маңында Сабырдың танктері жауды көп шығынға ұшыратты. Ол басқарған танк батальоны Зибраш, Шумек қаласына алдымен кірді. Сабырдың автоматшылары үйді айнала қоршап алды. Үйдің әрбір терезесі алдына граната ұстаған автоматшыларды қойды да, Сабыр өзі бірнеше жауынгерін ертіп үйге кірді. Берекелі столда неміс жандармериясының 20-30-дай адамы отыр екен. Ішінде полковнигі де бар болып шықты. Бәрі тұтқынға алынды.
Сабыр бұл жолы өз қолымен немістің 9 танкісін, 17 зеңбірегін, 8 бронетехникасын жойып, 73 немісті қолға түсірді. Ол бұдан бұрын да талай рет жау тылына өтіп, өзіне тапсырылған барлау ісін ойдағыдай орындап қайтқан еді». Сол кезде Сабыр Құрманәлин танк батальонының командирі, гвардия майоры болатын.
1944 жылы ІІ Белоруссия майданында қазақ тілінде «Майдан ақиқаты» деген газет шығып тұрды. Редакторы – соғысқа дейін «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болған Ахмет Елшібеков. Редакцияда ақындар Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов қызмет істеді.
«Майдан ақиқаты» газетінің 1944 жылғы 28 қыркүйектегі санында Қ.Сағындықовтың «Жұмабектің жүректілігі» деген мақаласы жарияланды. Онда қатардағы Жұмабек Қожахметовтің ерлігі жөнінде баяндалады. Ол армияға дейін Алматы облысы Қаскелең ауданының Жиров атындағы колхозында жүргізуші болып жұмыс істепті. Әскерге 1939 жылы шақырылған. Отан алдындағы міндетін атқарып, елге қайтамын деп жүргенде соғыс басталған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майданда.
Волхов майданында шығатын «Майдан правдасы» газетінің 1943 жылғы 8 қаңтардағы санында майдандағы жаужүрек жауынгер солдаттардың фотосуреттеріне де орын берілген. Оларда «Отан соғысы» орденінің иегері, сержант Мағауия Шашуов, гвардия сержанты Ерәлі Нұралиев, қызыл әскер Өксікбай Сапарбаев, әскери фельдшер Құсайын Нұркеев, жау танкісіне қарсы күрестің қыраны Қыдырбай Байдәулетов және тағы басқа жауынгерлер бейнеленген.
«Майдан правдасының» 18 қаңтар күніндегі санында Б.Жантасовтың «Ақамбаевтың ақылымен» деген мақаласында Ақмола облысы Есіл ауданынан келген жауынгер Ақамбаев Армағамбет батареясының жау бекінісін бұзудағы ерлігі, оның жалғыз өзі – 30 фашисті, жолдастары 10 фашисті жер жастандырғаны, соның айғағы ретінде есілдік ердің омырауына «Қызыл жұлдыз» ордені тағылғаны хабарланады.
Қазақ жауынгерлері барлық майданда да аз болған жоқ. Оңтүстік майданда шығып тұрған «Сталин туы» газетінде жарияланған мақалалардан сұрапыл соғыс кезінде ардагер азаматтарымыздың анасының ақ сүтін ақтап, жанқиярлықпен соғысып, асқан ерлік көрсеткенін оқимыз.
Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры Сәрсен Аманжолов Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға өзі сұранып аттанды. Ол 1942 жылдан 1944 жылдың наурыз айына дейін Карел майданында үгітшілік қызмет атқарды. 1944 жылдың наурыз айынан 1946 жылдың қазан айына дейін майор С.Аманжолов Кеңес Армиясының Жоғары Саяси Басқармасында қызмет етті. Сәрсен майданда жүріп, Ұлы Отан соғысының батырлары туралы очерктер, саяси листовкалар жазды. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы орыстан басқа ұлттардың жауынгерлері арасындағы саяси тәрбие жұмысы туралы» деген 500 беттік үлкен еңбек жазды. Майданның алдыңғы шебіне барып, материалдар жинап, газеттерге үздіксіз мақалалар жазып тұрды.
«Редакциямыздың өмірінде Қалмақанның рөлі ерекше болды, – деп еске алған журналист Мұса Дінішев. – Ол редакцияда онша көп кідірмейтін, көбінесе полктарда жүруші еді. Сержант, ефрейтор, мерген, наводчик... Қалмақан очерктерінің, суреттемелерінің, хабарларының кейіпкері осылар болушы еді. Тіпті редакцияда болған күндерінің өзінде де госпитальдардан, резервтен шыққан солдаттар Қалекеңе соқпай кетпейтін. Газеттің әр саны сайын оның материалдары басылатын...»
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ әдебиет пен өнердің барлық түрі, соның ішінде мұқалмас қару – уытты сөз бен сатира да жеңіс мүддесі үшін қызмет етті.
Әскери жазушылар мен журналистер майдандық сатираның түр, стилін табуда біраз ізденді, әртүрлі жанрда жазуға тырысты. Олардың ең көп қолданғаны фельетон жанры болды. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов «Маймыл мен аю», Қ. Әбдіқадыров «Хайуанхана», Т.Мұқанов «Аузынан қағыныпты» деген мысалдар, С.Сейітов «Жендет», «Талаушы» деген памфлеттер жазды.
Қазақ тіліндегі майдандық газеттер төл сықақтар берумен ғана шектеліп қоймай, орыс публицистерінің фашизмді айыптайтын туындыларын да аударып басып отырды. Мәселен, қазақ журналистері К.Симоновтың «Өлтір оны», А.Толстойдың «Жендеттердің сұрқиялығы», И.Эренбургтың «1943 жылдың көктемі» атты памфлеттерін қазақша сөйлетті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ сатирасы жауынгерлер сапында ғана емес, тылда да атой салып, жауды жеңуге қолғабыс тигізді. Мұнда әсіресе А.Тоқмағамбетовтің сықақшылдық үні көбірек естілді. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінде «Арыстанға еліктеген мысық», «Бұлтартпас бұйрық», «Ауқат пен сауқат» сияқты фельетондар жариялап, фашист қарақшылардың жексұрын кейпін, айуандық әрекеттерін әшкереледі. Асқардың бұл шығармалары майдандық газеттерде де жарияланды. Оларды соғыстағы солдаттар да, тылдағы еңбеккерлер де сүйіп оқып, жаттап алып, айтып жүрді.
Міне, сөйтіп, тыл тірлігіндегі дертті аластаған, майдан шебінде қамал бұзған қаһарлы сөздің, жауға оқ болып атылып, от болып шашылған жалынды сатираның тәрбиелік мәні өте зор болды.
Майдандық қазақ газеттеріндегі очерктерде Берлин үшін болған ұрыстар, Берлиннің алынуы, Германияның тізе бүгуі, Совет Одағының Ұлы Жеңісінің салтанаты туралы да кең көлемде жазылған. Бұл тақырыптарда әсіресе Берлинге бірінші болып кірген майданның қазақша «Қызыл Армия» газетінде көптеген очерк басылды. Олардың ішінде Қалмақан Әбдіқадыровтың бірқатар очеркі бар. Олардан халқымыздың қаһарман тұлғасы, соғыстың соңғы кезеңдері жайлы, Берлин үшін болған ұрыстардағы ерлік жайлы деректер табамыз.
Адамзаттың зұлым жауы – неміс-фашист басқыншыларына қарсы қарумен қаламды қоса кезеген, 28 жасында Отан үшін опат болған, «Октябрь балалары», «Лениншіл жас» сияқты жастар газеттерінің төңірегіне топтасқан жалынды жас әдебиетшілер қауымының аяулы ағасы болған, патриот-журналист Баубек Бұлқышев еді.
Баубек Бұлқышев Москва пролетарлық атқыштар дивизиясының қатарында жүріп, Мәскеуді, Смоленскіні қорғауға қатысты. Оның «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 1 мамырдағы нөмірінде жарияланған «Өмір мен өлім туралы» атты публицистикасы елдегі жастарды дүр сілкіндірді. Өйткені бұл жастарға арналып жазылған жауынгер жас азаматтың жүрек жыры еді. Осы публицистикаға Баубек 200-ден аса хат алды. Совет жастары авторға асқан сүйіспеншілікпен хат жолдап, өздерінің Отан қорғау үшін өлімге де әзір екендіктерін білдірді.
Осы күндерде майдандық қазақ газеттерінің беттеріне тағы бір үңіліп, Отан үшін, бүгінгі өмір үшін жанын қиған ерлердің асыл бейнесін еске түсіргеніміз абзал. Өйткені майдандық қазақ газеттері – сол ерлік күндердің шежіресі.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты