Мағжанның Қызылжары
Астанада Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабайұлы туралы тың деректерге толы жаңа кiтап жарық көрдi. Белгiлi зерттеушi Зарқын Тайшыбайдың «Мағжанның Қызылжары» атты кiтабы бұрын-соңды тасқа басылмаған, шаң басқан мұрағаттардан табылған дүниелердi де қамтыпты.
Айталық, Мiржақыптың әйгiлi «Оян, қазағының» осы Қызылжарда дүниеге келгенi туралы нақты деректердi бiле бермеймiз. Немесе Мағжандар құрған «Алқа» ұйымының аянышты тағдыры жайлы құжаттар, тергеу хаттамалары. «Ойдан шығарғанымыз жоқ. Мұрағат көмбесiне көмiлiп жатқан құжаттарды мәлiм қылдық. Бұрын болған, бiрақ құлдық психологияның құрбанындай кейiн қайта көтерiлмеген шындықты ашып көрсетуге талпыныс жасадық», – деп жазады кiтаптың «Әлқисса» деп аталған кiрiспесiнде профессор З.Тайшыбай. Бұл күндерi қазiр бiз Петропавл атап жүрген Қызылжар өңiрiнде тұратын зерттеушi бұған дейiн де Абайға, Жақып Ақбаевқа, Абылай ханға қатысты бұған дейiн ғылыми айналымға енбеген, жарық көрмеген деректердi жинақтап, бiрнеше кiтап шығарған болатын. «Мағжанның Қызылжары» да мұрағаттан мұрағат ақтарған, Мәскеуге дейiн барған еңбектiң жемiсi екенi байқалып тұр.