«Мәдени мұра» ешқашан маңызын жоймайды
Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің рухани-мәдени өміріндегі айтулы құбылыс. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарға созылса, екінші кезеңі – 2007-2009, ал үшінші кезеңі 2009-2011 жылдар аралығын қамтыды. Алғашқы кезеңде, негізінен, тарихи мұраларды іздестіру, анықтау, жинастыру шаралары атқарылып, одан кейінгі жылдарда сол құндылықтарымызды сұрыптау, зерделеу, оларды тарихи мұраға айналдыру міндеттері мақсатты түрде жүзеге асырылды.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Осы уақытқа дейін елімізде тарихи-мәдени маңызы зор 70-тен астам ескерткіш күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта қалпына келтірілді, ел аумағындағы ескі қалашықтар мен қоныстардың, қорғандардың 40-қа жуығына археологиялық ірі зерттеулер жүргізілді. Қалпына келтіру жұмыстары жемісті аяқталған ірі нысандардың арасында «Абылай ханның ордасы» кешені де бар. Сонымен бірге Алматы маңындағы Есік, Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорғандарының құрылысына да үлкен маңыз беріліп, Дамаск қаласындағы әл-Фарабидің кесенесі мен Каирдегі Сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
«Мәдени мұра» аясында халқымыздың тасқа басылған тарихын түгендеу, ғасырлар қойнауында қозғаусыз қалып қойған әдеби-мәдени қазыналарын аршып алу тұрғысында да маңызды бетбұрыс жасалды. Соның нәтижесінде ауқымды істер атқарылып, мәдени-рухани мұраларымыздың айрықша қымбат нұсқалары қолға тиді. Отандық ғалымдар алыс-жақын шетелдердің ірі мұрағаттары мен мұражайларын ақтарып, қазақ тарихына қатысты мұраларды іздестірді. Батыс Еуропа елдерінде, АҚШ, Жапония, Түркия, Египет, Қытай, Ресей мен Арменияда жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде 5000-ға жуық құнды дерек табылып, олардың көшірмелері елге әкелінді. Ресми мәліметке жүгінсек, 2004-2006 жылдары ұлттық және әлемдік ой-сана, әдебиет және мәдениет бойынша басылым дестелерін әзірлеу сериясымен 218 том жарық көріп, 2007 жылы 74 атаулы кітап шығарылған екен.
«Мәдени мұра» бағдарламасының рухани-мәдени өмірімізге тигізген үлкен бір шапағаты – ғылымға нақты қолдау жасалды. Жаңаша ізденістер мен зерттеу жобалардың арқасында отандық ғылым кеңістігі ерекше бағалы еңбектермен толықты. Бағдарлама аясында зерттеушілерді материалдық жағынан ынталандырудың мүмкіндігі артты. Елімізде кенже қалып келе жатқан реставрациялау ісі өркендеді. Заманауи технологиялармен жарақтанған баспа өндірісі жаңаша қарқынмен дамыды. Еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзімен айтсақ, «осы бағдарламаны іске асыру барысында ұлттық мәдени мұраларды зерттеудің тұтас жүйесі құрылды және гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құру жөніндегі қадамдар жасалды». Бұл, әрине, аз жетістік емес.
«Мәдени мұраның» алғашқы кезеңін қорытындылай отырып, кезінде Елбасы аса маңызды алты бағытқа мамандар назарын аудартқан болатын. Оның біріншісі – ұлттық символдарымызды қалыптастыруға көңіл бөлу мәселесі. Мысалы, Есік қорғандары мен Берел, Түркістан мен Отырар, Ұлытау мен Сарайшық сияқты мемлекеттілігіміздің алтын бесіктерін жөнге келтіріп, ұлтты ұйыстыру мақсатында пайдалану. Екіншісі – әлемдік туризмде Қазақстан аумағын Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы ретінде танытатын Сарайшық, Отырар, Түркістан, Жаркент, Тараз жәдігерлері, Есік қорғаны тәрізді бағалы ескерткіштердің жеке-жеке тұжырымдамасын әзірлеп, мәртебесін белгілеу. Үшіншісі – тарихи құндылықтарымызды халықаралық деңгейде насихаттау мәселесін шындап қолға алу. Бізде барымызды жарқыратып көрсету, терең тамырлы ел екенімізді өзгелерге таныту жағы кемшін. Тіпті оған мән де бермейміз. Мысалы, әл-Фараби, Бейбарыс тәрізді әлемге әйгілі тұлғалар байырғы қазақ жерінен шыққаны тарихтан белгілі. Ендігі парызымыз – олардың түркі мәдениетінің бір бөлшегі екенін әлем жұртшылығына таныту. Төртіншісі – бағдарлама аясында атқарылған шаралар барысында табылған мұраларды кешенді түрде жан-жақты зерттеп-зерделеу, жиналған барлық деректер мен мұралардың ғылыми айналымға түсуін қадағалау, көне деректерді зерттейтін ғалымдарға арнайы гранттар тағайындап, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға мән берілуін қарастыру. Бесіншісі – «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сараптап, жүйеленген мәліметтерді орта және жоғары мектептің оқулықтары мен оқу бағдарламаларына енгізу қажет. Өйткені біздің алдымызда ел болашағын сеніп тапсыратындай, төл мәдениетін жақсы білетін, туған тарихын сүйетін зерделі ұрпақ дайындау міндеті тұр. Алтыншысы – кәсіби мамандар даярлау. Мәселен, елімізде тарихи мұраларымыз бен ұлттық фольклорымызды өзге тілдерге сапалы аудара алатын, әлемдік ғылым мен ақыл-ойдың сан алуан саласы бойынша құнды дүниелерді қазақ тіліне кәсіби түрде тәржімалай білетін маманданған аудармашылар, сондай-ақ көне мұраларды талапқа сай жаңғыртатын реставраторлар жоқтың қасы. Ғылыми тұрғыда талдап беретін тарихшылар да сирек. Осыған байланысты аудармашы, тарихшы, этнограф, реставратор мамандарын даярлаудың жолдарын қарастыру керек.
P.S.
Біздің білуімізше, алдағы желтоқсан айында «Мәдени мұра» бағдарламасының жетіжылдық қорытындысы шығарылады және осы мәселені талқылайтын қоғамдық кеңестің отырысына Елбасының өзі қатысады. Осы бір жайттың өзі-ақ аталған бағдарламаға мемлекет тарапынан қаншалықты маңыз беріліп отырғандығының айғағы болса керек. Бір анық нәрсе, «Мәдени мұра» – қазақ елі үшін аса қажет те қымбат бағдарлама. Сондай-ақ Елбасы ұсынған жоғарыдағы алты бағыт қай кезде де «Мәдени мұраның» темірқазығы болып қалуы тиіс.