Мәдени дағдарыстың алдын алуға кірістік
Қандай да бір мемлекеттік маңызды шаруа болсын оған, ең алдымен, БАҚ қызметкерлері жұмылдырылатыны рас. Алайда біздегі мәдениет майданында қолданып отырған тактикалық іс-жоспарларымыз қаншалықты нәтиже беруде, бүгінгідей дағдарыс кезеңінде руханият мәселесіне қай деңгейде көңіл бөліп отырмыз? Осы орайда кеше еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінде сансыз сауалдарға жауап іздеуге талпыныс жасаған алқа мәжілісі өтті.
Ақиқатын айтсақ, соңғы уақытта Мемлекет басшысы мен Үкімет еліміздің мәдени-ақпараттық саласына айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Жуырдағы бюджет шығыстарын қысқарту мен оңтайландыру жұмыстарына қарамастан, мәдениет саласындағы стратегиялық жоспарларға өзгерістер енгізілмеген.
Жиын барысында, негізінен, мемлекеттік тіл мәртебесіне мән беру барысын барынша байыпты жеткізген министр биылғы жылдың халық санағы бойынша Қазақстанда қазақ халқының пайыздық көрсеткіші 67 пайызға жетіп отырғандығын тілге тиек ете келе: «Алдымен мемлекеттік тілді қолдау ісін министрліктен бастауымыз керек. Кеше ғана өздеріңіз куә болдыңыздар, Үкімет мәжілісінде Премьер-министр отырысты басынан аяғына дейін қазақ тілінде өткізді. Әріптестеріміздің барлығы шамалары келгенше қазақша сөйледі. Осы үрдіс алдағы уақытта да тап осы бағытта жалғасатын болады. Біз бірте-бірте осыған үйренуіміз керек», – деді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
«Дағдарыстар өтеді де кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгілік қалады. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты да осыған бағытталуы керек. Біз халқымыздың өркендегендігінің белгісі ретінде ана тілімізде сөйлеуді дәстүрге айналдыруымыз керек. Әрине, өзге ұлт өкілдерінің жағдайын түсінеміз. Бірақ мемлекеттік тілге деген құрмет болуы қажет».
Осы басқосуда белгілі болғандай, бүгінгідей қаржылық дағдарысты рухани дағдарысқа ойыстырмай, ұлтқа қатысты түйінді мәселелерді бірігіп шешуге ұмтылыс жасау керек екені аңғарылды.
Қазіргі экономикалық қиындықтарды еңсеру жолында, басқа да бюджеттік мекеме қызметкерлері сияқты мәдениет саласының барлық мамандарының айлық жалақылары 25 пайызға өскенін айтып өткен министр «ұлттық театр» деп аталатын неміс, корей, ұйғыр театрларының мамандарының жалақылары осы театрларға академиялық мәртебе берілуіне байланысты екі есеге дейін көтерілгенін тілге тиек етті. Аталған саладағы жағымды жаңалықтардың бірі – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының биылдан бастап ұлттық тақырыптарға біржолата бет бұрғандығы. Онда бүгінгідей тиын-тебен тапшылығына қарамастан, министрліктің жоспарына сәйкес отандық фильмдер мен сериалдарды түсіру жұмыстары қолға алынуда.
Десек те, сала басшысы кейбір отандық теле-радиокомпаниялар мемлекеттік тілді мансұқ етіп, тым құрығанда, тілге қатысты 50 де 50 заң талабының өзін орындамай отырғандығын осы мәселеге жауапты лауазым иелеріне қатаң ескерту жасады. Бұған қоса, Мұхтар Абрарұлы Қазақстан театрларының барлығын дерлік жаңа заман талаптарына сай арнайы техникалық құралдармен жарақтау керектігіне тоқталды. Осыған байланысты: «Бүгінде Астанадағы театрларға бар болғаны 400-500 ғана адам келеді. Ал Алматыдағы театрларға 600-700 адам барады. Сол себепті біз көрерменге қазақ операсының мүмкіндігін жеткізе алмай жатырмыз. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін ұлттық телеарналарымыз «Қазақстан» мен «Хабарға» арнайы тапсырма беріп, Қазақстандағы опера және балет театрларының бүкіл репертуарын осы заманғы сандық таспаға түсіруді көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті», – деді министр.
Мәдениет мәселелерінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталған сала басшысы сонымен қатар ендігі уақытта еліміздің жастары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдердің ең үздік деген беделді көркемдік жоғары оқу орындарында білім алатындығынан хабар берді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Мәдениет және ақпарат министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп келесі жылы Қазақстан мәдениеті мен археологиясы, этнографиясы мен тарихы жөніндегі кітаптарды басып шығаруды жоспарлапты.
Мәжілісте мемлекеттік тілге мәртебе беріп сөйлеген министр тіл мәселесін қолдау ісінде, әсіресе отандық ақпарат жүйесі жемісті де нәтижелі еңбек ету керектігін атап өтті. 2010 жылға дейін «Мемлекеттік тіл» бағдарламасы бойынша барлық мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшуі міндетті екенін ескерсек, атқарар шаруа шаш етектен екенін аңғару қиын емес.
«Уақыт тығыз, сөз қысқа» демекші, қысылтаяң кезде тығырықтан шығу да оңай емес. Әйтсе де, «бізге басқаны емес, бірінші кезекте ақпараттық жүйені қазақыландыруға тырысу қажет» дегенді айтқан министрдің алдында таудай болып шешімін күтіп тұрған түйінді міндеттемелер баршылық.
Жалпы, жиын барысында қамтылуға тиіс мәселелердің бәрі айтылғандай. Ендігі меже: сөзден – іске.