Әнші Луина отандық композиторлармен жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Алайда өнер иесі мұны мақсатты түрде жасамайтынын алға тартты. Бұл туралы Луина "Алматы" арнасының "Таңғы студио" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Луинаның қоржынындағы әндердің басым дені украиналық және ресейлік композиторларға тиесілі.
"Мысалы, осыдан үш жыл бұрын мені жаңа деңгейге шығарған Hey-Yo әнін Украинада тұратын әзірбайжан азаматы жазып берді. Оның мәтіні орысша жазылған. Мен ойланбастан, Камила есімді қызға қазақша мәтінге тапсырыс бердім. Екінші "Адреналин" әнін де осы автор жазды. Тек қазақша мәтінге ауыстырып, өзгертіп алдым.
Жергілікті композиторлармен өте сирек, тіпті соңғы жылдары мүлдем жұмыс істемеймін. Мақсатты түрде емес. Менде қатып қалған қағида жоқ. Бар болғаны оларды білмеймін. Жақында бір фильмге саундтрек жаздым, сонда отандық автормен мені байланыстырды. Бүгін де бір қазақстандық автормен сөйлестім, жұмыс істеп көргім келеді.
Мен украиналық, мәскеулік композиторлардың базасында бармын, сондықтан олар маған автоматты түрде әндерін жіберіп тұрады", - дейді Луина.
Сондай-ақ, әнші Дубайға көшу туралы жоспарымен бөлісті. Луина БАӘ-ге біржола қоныс аударуға ниетті емес. Тек үш ай қыста тұрып көрмекші. Сондай-ақ, әнші қаңтар-ақпан айына екінші жүктілігін жоспарлап отырғанын айтты. Ол кемі 4 балалы болуды армандайды.