Адамзаттың игілігіне қызмет ететін дүниелер кейде халықтың сорына айналып жатады. Мәселен, ғаламторды бүгінде біреулер ақпарат алудың құралы ретінде пайдаланатын болса, енді біреулер оны жеке мүддесі мен қитұрқы мақсаты үшін қолданады. Бір өкінерлігі, соңғы уақытта ғаламторды пайдалану арқылы бәзбір адамдар қазақтың арасына іріткі салумен айналысып жүрген секілді.
Кезінде патшалық үкімет қазақ халқын «бөліп алып, билеу» үшін оны территориялық аймақтарға топтап тастаған болатын. Сондай-ақ бұл мақсатты орындау үшін қазақтың рулық қатынасы негізге алынған. Заман өзгеріп, бүгінде қазақтардың арасына іріткі салудың жаңа құралы табылып отыр. Кейбіреулер ғаламтор арқылы ру арасындағы ескі жараларды қоздырып, қазақтарды қазақтарға қарсы қойып қойған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, соңғы уақытта кейбір сайттарда бір руды жамандау, бір руды кемсіту бағытындағы мақалалар, пікірлер қаптап кетті. Мұнымыз сор ма, қорлық па – оны ойлап жатпаймыз. Мәселен, қазір ғаламторда тіпті әр рудың жеке блогы бар. Онда сол рудың адамдары ғана жазуға хақылы. Мұндай блогтарды ашып қарасаңыз, өз руын мақтау, өз руын басқалардан жоғары қойып, басқа руларды кемсіту бағытындағы пікірлер қаптап тұрады. «Біздің руымыз мықты» немесе «осындай ру адамдары, бірігіңдер» деген сияқты сөздерді жиі ұшыратуға болады. Ру блогтарына жазатындардың дені 15-20 жас аралығындағы азаматтар екені белгілі болды. Бұл біздегі рушылдық ауру бесіктен басталады дегенді көрсетеді. Сонымен қатар ғаламторда өз ру батырларын басқа қазақ батырларынан жоғары қойған мақалалар көп. Мұндай мақалалар елге кеңінен танымал сайттарда да өріп жүр. Мәселен, жуырда отандық бір сайтта мектеп оқулығында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырлар туралы жазылған әңгімені сынаған мақала жарық көрді. Ол әңгімеде Наурызбай батыр қасындағы екі батырға қарағанда жолбарысты көбірек түйреп өлтіріпті. Мақала авторы осыны сынға алады. Яғни басқа батырларға қарағанда Наурызбай батыр неге көбірек жолбарыс өлтіруі керек деген пікірді айтқысы келеді. Міне, осындай болар-болмас әңгіме үшін ру арасына, жалпы қазақ ұлтының арасына шоқ тастайтын мақалалар жетерлік. Осыдан бірнеше күн бұрын бір жолдас жігітпен кездесіп қалып, осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. Оның айтуынша, қазір мектеп оқушылары дәптерлердің, басқа да мектеп құралдарының сыртына ру аттарын жазып, тіпті кей сабақтарда руға бөлініп отырады екен. Мұның соңы руға бөлініп, жұдырықтасуға да ұласатын көрінеді. Қазақ «тәрбие – тал бесіктен» дейді. Бүгін бесігінде жатқан балаларымыз руға бөлініп, өзара қырқысып жатса, ертең еліміздің болашағы қалай болар екен деп еріксіз ойға қаласың.
Аманхан ӘЛІМ, ақын:
– Осыдан біршама уақыт бұрын «Руыңмен у ішкін, мен ішпеймін» деген мақала жазған болатынмын. Ол туралы өлеңім де бар. Руыңды білуің керек, бірақ рушыл болмауың керек. Жүзіңді білуің керек, бірақ жүзшіл болмауың керек. Біздің жастар осыны ескермейді. «Бөліп ал да, билей бер» деген саясат бар. Оның түп мақсаты – қазақтарды жүзге бөлінетінін біліп, оларды бір-біріне қарсы айдап салу. Кезінде Сперанский деген Сібір генерал-губернаторы болған, ол орыс патшасына жазған хаттамасында: «Қырғыз-қайсақ жерінде сексеуіл деген өсімдік өседі, оны балтамен шауып, арамен аралай алмайды екенсің, оны бір-біріне ұрып қана жарады екен. Қазақтарды да сол сияқты бір-біріне қарсы қойып, жеңуіміз керек. Өйткені олар руға және жүзге бөлінеді екен», – дейді. Бірінші Петрден бастап Петр Свойкқа дейін осыны біліп, әдейі қазақтарды руға, жүзге бөлдіреді. Мұндай саясат Кеңес Одағы кезінде де болған. Руспубликаның не обкомның бірінші хатшысын бір жүзден қойғанда, міндетті түрде оның орынбасарын екінші бір жүзден қоятын. Бүгінде көлік сыртына, басқа да жерлерге ру аттарын жазып қоятындар бар. Бұл азаматтар руын жазу арқылы қазақтың мемлекеттігіне, ұйыған ұлтшылдығына оқ атып жатыр. Олар бір күндік, он күндік немесе бір жылдық ұстаным арқылы мәңгілік мемлекеттігімізге қарсы әрекет жасауда. Мен бұларды шын мағынасындағы жау дер едім. Өз ішімізден шыққан жаулар. Олармен ешқашан ымыраға келуге болмайды.
Әбен ӘБДРАСИЛОВ, Біріккен азаматтық қордың президенті:
– Өткен жылы елімізде ғаламторды реттеу туралы арнайы заң қабылданған болатын. Осыған сәйкес біз ғаламтордағы барлық теріс пікірлерге тосқауыл қойылады деп ойлаймыз. Ал енді рулық қатынас, жүз туралы жазатындарға біз ешқандай қарсы шара қолдана алмаймыз. Бұл – әрбір азаматтың санасы мен ақыл-ойына, өресіне байланысты шаруа. Рас, қазір ру аттарын көліктерінің сыртына жазып алатындар бар. Менің айтатыным, біз ең әуелі өзіміздің қазақ екенімізді мақтан тұтуымыз керек.
KZ те руға бөлінетін болды
Последние статьи автора