Жапырақтары жерге түсіп, ағаштар жалаңаштанған күздің қысқа ауысар шағы да келді. Бір қызығы, табиғаттың тіпті дәл осы көрінісінің өзі суретші секілді шығармашылық адамына шабыт береді екен. Қазанның 30-ы күні Алматы тарихы мұражайында «Күз - 2009» атты пленарлық жұмыстарының көрмесі өтті.
Көрмеге үш түрлі бағыттағы туындылар қойылды, біріншісі – тікелей бір затқа қарап тұрып салынған суреттер, яғни сурет тілімен айтқанда, натюрморт, екіншісі – күз тақырыбында, әсіресе, күзгі Алматы, үшінші – еркін тақырыптағы туындылар. Осы жағынан алғанда, мұражай қабырғаларына ілінген шығармалар, шынында, қараған адамды ерекше әсерге бөлейтіндей болды. Алтын түске боялған Алматы күзі, тыныштықта мүлгіген таулардың тылсым сыры, адамдардың күзгі тіршілігін қылқаламмен кенепке түсірген алматылық жас суретшілердің басын қосқан, осы жобаның авторы – Максим Швецов.
Максим Швецов, суретші, «Пятница» суретшілер студиясының мүшесі:
– Біз бұл көрмеге екі ай дайындалдық. Басқа салада бұл көп уақыт шығар, бірақ бір туындыны дүниеге әкелу үшін суретшіге бұл уақыт тым тарлық етеді. Дегенмен, екінші жағынан, бұл біздің бойымыздағы самарқаулықты жойып, ширығуға жетелейді. Кейде тіпті осындай қысылтаяңның өзінде сәтті туындылар дүниеге келіп жатады. Сондықтан біз үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Ұйымдастырушы, яғни осы мұражай басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Тікелей затқа не көрініске қарап, дәл соны бейнелеу суретшілер үшін ерлікпен парапар көрінеді. Сол ерлігінің құнына олардың сұрайтыны бір ғана нәрсе – көрген жан суреттің алдында кідіріп, ойға берілсе болғаны. Көрмеге келіп, қатар ілінген суреттерге қарап тұрғандар көп болды, демек, бұл күнді суретшілердің бақытқа бөленген күні болды деуге әбден болады.