«Күміс көмей, жезтаңтай» жыл сайын өткізілетін болды
Бас жүлдесіне 1 миллион теңге тігілген І Алматы қалалық «Күміс көмей, жезтаңдай» дәстүрлі ән орындаушылар конкурсы өз мәресіне жетті. Қыркүйектің 18-і күні Республика сарайында байқаудың гала-концерті болып, жүзден жүйрік сол жерде өздеріне бұйырған марапаттауларына ие болды.
Сонымен, «Көрермен көзайымы» атағы домбырада ән салу бойынша Мұсағалиев Жасұланға, эстрадада Нұрболат Абдуллинге берілді;
«Сері жігіт» номинациясымен домбырада ән салғанда елді аузына қаратқан Талғат Әбуғазы мен эстрада саласында Асылхан Шалқаров марапатталды.
Ал «Әнші ару» домбырада ән айтуда Ғазиза Шаймахановаға, ал эстрада саласында Шәба Әденқұлқызына бұйырды.
Енді жүлделі орындарды иеленгендер арасында бұған дейін де қазақ сахнасы мен телерадио кеңістігіндегі әндері ел-жұртын сүйсінтіп жүрген ару қыздар мен келісті жігіттері де бар.
Мәселен, үшінші орын домбыра саласы бойынша қос ару Баян Нұрмышева мен Айзада Қазбековаға, ал эстрадада Дәуренбек Мерғалиевке табыс етілді.
Жүлделі екінші орынмен домбырада ән салуда тағы да екі дарын иесі Кенжегүл Серікбаева мен Есбол Шаңбаев, ал эстрада бойынша Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының биылғы түлегі Үмітжан Шегетаева марапатталды.
Бірінші орын домбырада жас дарын Жанқожа Аяповқа, ал эстардада «ДеНАР» тобына берілді.
Кезек көптен күткен ақтық сәт, яғни Бас жүлдеге келгенде ел-жұрт тына қалды. Оны табыс ету үшін ортаға Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов мырза мен Қазақстанның Еңбек Ері, аяулы ұстаз Аягүл Миразова шақырылды. Солайша І «Күміс көмей, жезтаңдай» дәстүрлі орындаушылар байқауының бас жүлдесі үкілі домбырасы үміт шырағын жаққан жас дарын Бекзат Әбілдин мен эстрадада ұлттық әуенді насихаттап жүрген «Керім сал» атты арулар тобына салтанатты түрде табыс етілді.
Әкім мырза осы сайыстың өту барысына көңілі толғанын алғыспен білдіре келе, енді бұдан былай бұл шараның жыл сайын өткізіліп тұруын өз қадағалауына алатынын айтты.