Жақында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Дәулеткерей Шығайұлының 190 жылдығына арналған «Құдірет рухын күй тілімен кестелеген Бапас баба» атты музыкалық-танымдық кеш өтті.
Қазақ ұлттық өнер университеті домбыра кафедрасының меңгерушісі, Дәулеткерей күйлерін зерттеуші ғалым Орынбай Дүйсеннің айтуынша, күй өнерінің шебері Дәулеткерей халық арасында үлкен құрметке, ілтипатқа ие болып, оған Бапас деген есім берілген. Д.Шығайұлы – төре тартыстың негізін салған күйші. Кеште «Дәулеткерей және Салық Бабажанов», «Дәулеткерей – суреткер күйші» тақырыптары қамтылып, күйшінің шығармалары орындалды.
Дәулеткерей Шығайұлы 1820-21 жылдар шамасында бұрынғы Бөкей ордасындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Күйші жөніндегі көптеген мәліметтер Ахмет Жұбановтың ерен еңбегінің арқасында қайта оралды. Дәулеткерей домбыра тартуды Мүсірәліден үйренеді. Ол сондай-ақ орыстың балалайкасында, гитара мен мандолинада да шебер ойнаған. Дәулеткерейдің ең алғашқы шығармаларының бірі – Ақбала атты сұлу қызға арнаған «Ақжелең» күйі. Ал «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек» сынды күйлері өмірдегі түрлі көріністерді суреттесе, «Топан» және «Жігер» атты күйлерінен майталман шебердің ел тағдыры үшін терең толғанып, тебіренгені аңғарылады. Бұл ретте, «Жігер» күйі Дәулеткерей шығармашылығының биік шыңы болып саналады.
ХІХ ғасырдың 80-жылдарында өмірден озған Дәулеткерей күйлері халық музыкасының алтын қорынан орын алып, күні бүгінге дейін зор маңызын жоғалтқан емес.