Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Фаджр онкүндігі аясында Иран Ислам Республикасының тәуелсіздігі мен Ислам революциясы жеңісінің 34 жылдығына арналған «Иран мәдениеті мен өнері» атты көрме жұмыс істеуде.
Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Горбан Сейфи, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, қазақстандық өнертанушы ғалымдар, ирантанушылар, студенттер мен өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
– Бұл – біздің Иран елшілігімен ұйымдастырып жатқан бірінші шарамыз емес. Байланысымыз екі жылдан бері орнаған. Осы уақытқа дейін Өнер академиясында танымал Иран шеберлерінің қатысуымен көптеген көрмелер, шеберлік дәрістер ұйымдастырдық. Біздің ұстаздар мен студенттер тәжірибе алмасу мақсатында Иран елінде де болып қайтты. Біздің жұмыстар ирандық шеберлер тарапынан жоғары бағаға ие болып жатыр. Біз алдағы уақытта да осылай екі ел арасында бірілігіміз, ынтымағымыз жараса берсін дегіміз келеді.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі мәдени өкілдігі мен Өнер академиясының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге Иран елінің мозаика, керамика, ағаш ою, жазу-каллиграфия, миниатюра өнерінің ең таңдаулы деген 80-ге жуық экспонаты қойылған. Оның ішінде кәсіпқой өнер шеберлері – суретші-миниатюршы Парасту Хаддадидің, көркем жазу шебері Митра Сетаре Собхтың, ағаш өнері шебері Назила Беманианның туындылары көрермен назарына ұсынылды. Қазақстанға арнайы келген ирандық танымал өнер шеберлері тұңғыш рет бес күн бойы академия студенттеріне шеберлік дәрістер өткізетін болады. Аталған шаралар 8 ақпанда қорытындыланады.
Көрмеде – Иран мәдениеті
Последние статьи автора