Көркемдіктің үлгісіндей еді...
Осы бір қайталанбас талант иесін өнерсүйер қауым ең алдымен сахна төрінен таныды. Ол ойнаған спектакльдерге көрермендер ерекше ықыласпен баратын. Бұдан соң қазақ киносында тамаша кейіпкерлерді сомдады. Көрермен ол киноларды да қайталап көруден жалыққан емес. Көрікті келбетімен талайды сүйсінткен әртіс ендігі кезекте кадрдың сыртындағы дауысымен-ақ миллиондардың жүрегін баурап әкетті. Осылайша, сахна төрінен үлкен экранға ойысқан шебер, дубляж саласында да өлшеусіз еңбек етті. Естеріңізде бар ма? «Бірінші творчестволық бірлестік. Дубляжын жасағандар – Фарида Шәріпова... Фильмді қазақ тіліне аударған – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы. 1981 жыл...» деп келетін қаншама кинода кейіпкерлерді қазақша сөйлетті. Ол өзінен бұрынғылардан өнеге ала жүріп, өз тәжірибесін шәкірттерімен бөлісті. Алайда осы бір аяулы тұлғаны аяусыз тағдыр арамыздан мәңгілікке алыстатып жібергені өкінішті-ақ. Туған халқының сүйіспеншілігіне ие болып, ұлт өнеріне адалдықпен қызмет еткен аса көрнекті талант иесі, Халық әртісі Фарида Шәріпова 74 жасқа қараған шағында дүние салды...
Бір отбасы емес, бүтін бір қазақ мәдениеті мен өнеріне келген ауыр қазадан қалың елдің қабырғасы қайысып отыр. Фарида Шәріпова 1936 жылғы 16 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті. Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты. Ұлттық өнеріміздің майталман арысы Ыдырыс Ноғайбаев «Фа-ка» деп ерекше атап кеткен Фарида Шәріпова өз ортасының ең сыйлы да құрметті адамы болды. Көрген-түйгені мол актриса М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Шолпан, «Абайында» – Ажар, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Қарлыға, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, «Карагөзінде» – Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Баян, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» – Ақбала, Т.Ахтановтың «Боранында» – Жаңыл, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» – Жәмила, «Ана – Жер-Анасында» – Толғанай, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» – Гүлжан мен Айша, Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспізінде» – Асыл, О.Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» – Анар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» – Қамажай, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» – Фарида, Софоклдың «Эдип патшасында» – Иокаста, Еврипидтің – «Медеясында» – Медея, Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, «Ричард ІІІ» трагедиясында – Анна леди, Пушкиннің «Шағын трагедияларында» – донна Анна, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымында» Елена Андреевнаның қайталанбас образдарын сомдады. Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді. 1996 жылы М.Әуезов атындағы театрда Ф.Шәріповаға арнайы жазылған С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі жарыққа шықты. Басты рөлді Ф.Шәріпова өзі ойнады. Кино өнерінде дубляж қызметін шебер орындаушы Ф. Шәріпова «Менің атым Қожада» – Қожа, «Қыз Жібектегі» – Жібек, «Девушка джигиттегі» – Ғалия, «Ботагөздегі» – Ботагөз, «Гауһартастағы» – Салтанат, «Тақиялы періштедегі» Айша бейнелерін сөйлете білді. Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр. Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, “Парасат” орденін иеленді.
Саналы ғұмыры мен шығармашылығын қазақ өнерінің көркеюіне арнаған аса дарынды актриса, көрнекті өнер қайраткері Фарида Шәріпованың жарқын жүзі мен алтын дауысы халықтың жадында мәңгі сақталып, өнегесі өнерлі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Әмина Өмірзақова сынды қазақ өнерінің шын мәніндегі жарық жұлдыздарының соңынан Фарида апамыз да мәңгілік ғұмырдың кейіпкеріне айналып кетті...
«Алаш айнасы»