Көрерменіне ғашық режиссер

Көрерменіне ғашық режиссер

«Жарық жұлдыздар» – «Алматы ақшамы» газетінде осыдан бірнеше жыл бұрын марқұм Әшағаңа – Әшірбек Сығайға арналып ашылған айдар еді. Мәдениет саласының майталманы төрт жыл бойы газетіміздің бетінде әлем өнерінің сан алуан саңлақтары туралы сыр шертті. Және ол «жарық жұлдыздар» дегенде қазіргі жарнамасы жер жаратын, алайда бойында талант та, білім де, парасат та жоқ «жұлдызсымақтарды» емес, руханият саласына сіңірген еңбегі зор, шығармашылығы уақыт сынынан шыңдалып шығып, бүгінге жеткен, өнер әлемінде өзіндік үн, дара қолтаңба қалыптастыра білген шынайы жарық жұлдыздарды жазды. Ә.Сығай қаламынан туған эсселердегі, очерктердегі, шығармашылық портреттердегі Елубай Өмірзақов, Шахан Мусин, Жан Габен, Радж Капур, Рудольф Нуриев және т. б. сахна тарландарының өмір жолы, өнерге іңкәрлігі арқылы «Алматы ақшамының» оқырмандары да таным көкжиегін кеңейтіп, тәнті болды.

Мақалаларын, кітаптарын, сұхбаттарын оқығанда құлағымызға Әшірбек ағамыздың даусы келіп отыратын. Өйткені, ол кісі қалай әдемі жазса, солай сөйлей білетін де. Дүниеден озғалы бері де бір жыл өте шыққан қайран Әшекең – сұхбат алушы журналистер үшін керемет олжа, таптырмас әңгімеші еді. Оның айтқанын қағазға түсіргенде ары-бері жонып-кертіп, жөндеп әуре болмаушы едік, еш артық сөз жоқ, тіпті бастауыш-баяндауышына дейін орын-орнында тұратын. Сөзі де сұлу, өзі де сырбаз кісі еді ғой.

Қазақ театрының құрылған күнінен бастап, бүгінгі тіршілігіне дейін талдап-таразылап, зерттеп-зерделеуші шежіреші абызымыз Әшірбек Сығай жүргізген «Жарық жұлдыздар» айдары біраз уақыт үзіліп қалғаны рас. Ел елеңдеп күткен жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында Әшағаңның өзі кітабына алғысөз жазған рухани інісі, танымал журналист Сәкен Сыбанбай сол айдарды әрі қарай жалғастырып отыр.

 

Жұртқа ұғынықтылық һәм жоғары көркемдік

Шығармашылығы түгелдей ха­лық өмірімен тұтасып кеткен тұлғалар өнердің қай саласында да, оның ішінде кинода да аса көп емес. Сондай бір­туарлардың бірегейі – күні кеше ғана (17 қарашада) 88 жасқа толған әйгілі экран суреткері Эльдар Рязанов.

Мен оны «халықтық киноның хас шебері» деп атар едім. Рас, сау­сақ бүгіп санаған жан фильм­дері бүкіл­халықтық сүйіспен­шілікке бөленген басқа да ре­жиссерлерді таба алады. Алайда сол сайыпқырандардың да түрлі себеп­термен жұртшылық жүре­гінен орын таппаған азды-көпті туындылары кездесетінін жоққа шығара алмассыз. Ал бір ғажабы – Рязанов түсірген фильмдердің барлығы дерлік шын мәніндегі хитқа айналды! Оларды киносүйер қауым қазір де сүйсініп тамашалайды.

38«Халықтық кино деген де кино бар ма?» деген күмәнге толы сауалдың бүйірден қадалуы да мүмкін. Әрине, мәдениет терминологиясында мұндай ғылыми атау жоқ. Бірақ өнертану саласының еңбектерінде, кино сыншы­ларының жазбаларында, жалпы баспасөзде бұл сипат­тамамен «бүкіл халық болып сүйіп тамашалайтын фильмдерді» атап көрсету дәстүрде баяғыдан бар.

Халықтық кино өз ұлтын сүйетін, оның жүрек қалауын дөп басатын және сол ел көруге ұмтылатын дүние жасауға тырысушы режиссерлер көптеп шыққанда ғана түбегейлі тұғырына қонады. Мәселен, кеудесінде ұлттық намысы, бойында қазақы қаны жоқ адамның, неше жерден әрекеттенсе де, қазаққа ұнайтын туынды жасай алмасы анық қой? Оның үстіне, бізде, жасыратыны жоқ, «қарапайым көпшілікке арнап кино түсіру» дегенді өздері үшін ұят іс санайтын «данышпандар» да жоқ емес. Олардың ойынша қарапайым көпшілік көретін, демек, халықтық кино – …телехи­каялар мен «Жаралы сезім» сынды сапасы сын көтермейтін жарымжан дүниелер-мыс.

Біріншіден, телехикаяның өзін қытайлық «Шыңғыс хан», корейлік «Тәуіп Хо Жун» секілді аса жоғары шеберлік деңгейінде жасауға болады. Екіншіден, көрерменге тек сериал ғана керек пе екен? Халық экраннан өз өмірін көргісі келеді емес пе? Халықтық кино деген тек Е.Рақы­шев пен Б.Есентаеваның бір көрген соң қайтып беттегің келмей қалатын дүниелері емес қой!

Көпшілік көретін кино дегенде, менің ойыма бірден өзіміздің «Қыз Жібек» (Сұлтан Қожықов), «Тақиялы періште» (Шәкен Ай­ма­нов), «Гауһартас» (Шәріп Бейсембаев), «Ақырғы аманат» (Амангелді Тәжібаев), «Өтелмеген парыз» (Серік Жармұхамедов), кеңес дәуі­рінде түсірілген Владимир Меньшовтың «Махаббат және көгер­шіндер», Глеб Панфиловтың «Валентина», Георгий Дане­лияның «Афоня», Василий Шукшиннің «Қызыл бүрген», Самсон Сам­соновтың «Жалғызбастыларға жатақхана беріледі» секілді фильмдері оралады. Осылардың қай-қайсысы да – кәсіби, бірақ қай-қайсысы да – қара­пайым. Яғни, халыққа ұғынықтылық пен жоғары көркемдік – біздің кей режиссерлер түсініп жүргендей, өзара кереғар емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұратын ұғымдар.

 

Қарапайым адамның қалауын ұққан психолог

42Рязановқа қайта оралайық. «Бұрынғы КСРО аумағын­да өмір сүрген адамдардың бірнеше буыны осы экран сурет­керінің туындылары арқылы тәрбиеленді» деп жазды кинотанушы Наталья Свиридова. Расында да, Рязанов фильмдері көрерменді абзал ізгілікке үндеді, асқақ адамгершілікке жетеледі, ар-ождан, әділдік, адал достық, асыл махаббат тәрізді қастерлі ұғымдарды қадірлей білуге шақырды. Былайша қарасаңыз, қызға қызметте өсу үшін қырындаудың азаматқа лайық қылық еместігі («Қыз­меттестер хикаясы», 1977), ұжымнан жинап алынған мүшелік жарнаның ұтқан лотереясын жеке иемденудің жек­сұрындық екені («Сәттілік бұралаңы», 1968), сүйеуі, тіреуі бар адамдарға тиіспей, ең қорғансыз деген жандарды гараждан үміткер­лердің тізімінен сызып тастау барып тұрған арамзалық екені («Гараж», 1979) бәрімізге онсыз да мәлім жайттар сияқты. Алайда режиссер мұның бәрін нақты өмірде болатын ойнақы сюжетке қиюластырып, жарқын мінездермен көмкеріп, ұмытылмас диалогтармен ұштастырып жібергенде, әрі өміршең, әрі шынайы, әрі тосын дүние болып құлпырып шыға келген.

39Рязанов фильмдерінің дені кеңес заманында түсірілсе де, ол ешқашан партия тапсырмасына, билік талабына сай жұмыс істеуге, сөйтіп, атқамінерлердің назарына ілігіп қалуға тырысқан емес. «Керісінше, менің фильмдерімнің цензура қайшысына ілінбегені кемде-кем» дейді режиссердің өзі бір сұхбатында. Ол қашанда өз дүниетанымына, өмір туралы ұғым-түсінігіне дөп келетін, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сан қатпарлы құпияларын ашуға талпынатын еңбектер жасауға тырысты. Және жасады да. Ол көрермен көңілін жылы лирикамен аулай отырып, астарлы сатира уытын да аңғартады («Гараж» немесе «Шағым кітабын беріңіз», 1965). Ара-тұра оқиғасы шапшаң өрбитін эксцентрикаға да барып қойғанымен («Итальяндықтардың Ресейдегі адам сенгісіз хикаялары», 1973), негізінен Э.Рязанов байыпты кинобаян стиліне әуес: «Карнавал түні» (1956), «Автомобильден сақтан» (1966), «Шатақ шал­дар» (1971), «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» (1975), «Вокзалдағы екеу» (1982), «Қатыгез романс» (1984), «Ұмыт қалған сыбызғы сазы» (1987) және т.б.

Ең бастысы, әйгілі суреткер қарапайым адамның жан-дүниесі нені қалайды, нені аңсайды, экраннан не көргісі келеді, соны дөп басып, көрермен жүрегіне жол таба білген. Яғни, Рязанов фильмдері мен миллиондаған киносүйер қауым арасында көзге көрінбейтін нәзік көпір, өзара тығыз байланыс жібі ешқашан үзілген емес. Сондықтан да оның туындыларына деген халықтың ықыласы әрдайым ыстық.

– Мен жалғандықты, жасандылықты, жәдігөйлікті жек көрем, – депті Эльдар Рязанов бір сұхбатында. – Ондайларды байқадым ба, ешқашан жаныма жолатпауға тырыстым. Ал нағыз шығармашыл адамдармен үнемі жақсы араластым, өйткені, олардың талантын қадірледім, өнерінің алдында бас идім… Қазір мен кино көруді мүлде сиреттім. Себебі, ұнамайды, жанымды толқыт­пайды, жүрегімді тербемейді. Мен өз көрерменімді сүйетінмін, ал бүгінгі режиссерлердің көпшілігі көрерменді жақсы көрмек түгілі, сыйламайтын да сияқты, небір көргенсіздіктерге барады. Солар тіпті өздері сомдайтын кейіпкерлерді де жек көреді-ау, шамасы… Онда не үшін кино түсіреді? Түсінбеймін…

 

«Тағдыр тәлкегі…» – өмірден алынған оқиға

40Жаңа жыл мерекесінің шырша немесе шампан тәрізді тұрақты атрибуттарының біріне айналған «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» фильмінің шыққанына да енді бір жарымы айдан соң 40 жыл толғалы отыр. Фильм идеясы қалай туған? Бұл туралы өзінің «Түйінделмеген қорытындылар» атты кітабында Эльдар Рязанов былай деп жазады:

– Кімнің айтқаны есімде жоқ, біреуден естіген бір хикаям бар еді. Өмірде болған оқиға. Бірнеше дос бірігіп, әлдебір қуанышты атап өтеді. Моншадан шығып барған біреуі отырыс соңында қатты мас болып қалыпты. Қалжыңбас достарының бірі оны Мәскеу – Киев бағытына жүргелі тұрған пойызға алып келіп, жолсеріктің қолына 10 сом қыстырып, ес-түсін білмейтін әлгі бейшараны вагонға салып жіберіпті. «Моншаға барам» деп шыққан адамда не зат болсын, бейбақтың қалтасында көк тиын ақшасы да жоқ екен, көзі бозарып, бейтаныс қалаға барып түскенде, мұны кімдердің қалжыңы екенін бір-ақ түсінеді.

Маған осы оқиға қызық көрінді де, драматург Эмиль Брагинский екеуміз оған басқа да эпизодтар қосып, толыққанды пьеса жазып шықтық. Ол «Жеңіл буыңызбен!» деп аталды («Тағдыр тәлкегі» деген сөз кейіннен қосылды). Театрларда біраз қойылған соң, одан кинофильм жасау туралы ой туды. Дәл сол кезде Брагинский қатты ауырып қалып, біраз уақыт шығар­машылық жұмыстан қол үзуге мәжбүр болды. Амал жоқ, сцена­рийді өзімнің жазуыма тура келді. Бірақ спектакль мен фильм сюжетінде пәлендей айырмашылық болмағандықтан, Эмильдің соавторлық құқығын сол күйі сақтадым.

Қас қылғанда, түсіру жұмыстарына енді кірісеміз деп отырғанда, «фильмнің уақыты тым ұзақ, қысқартыңдар!» деп, Мемкино қырсығып қалды. «Комедия жанрына соншама «кило­метраждың» қажеті қанша? Қайдағы бір мас дәрігердің басынан кешкен хикаялары кімді қызықтырады?» деген де әңгімелер айтылды. Рас, бүкіл сюжет бір ғана тәуліктің ішіне сыйғызылған соң, фильм оқиғаларының баяу өрбитіні рас. Бірақ бір эпизод қысқарса-ақ туынды өзінің тұтастығынан айырылары анық еді. Ал мен міндетті түрде екі серия жасағым келді. Қойшы, не керек, ақыры кино өндірісі басшылығымен келісе алмадық. Сөйтіп, фильм телевидениеде түсірілді.

Фильмде Рязанов кеңес қоғамының жұртты әбден жалықтырған теңгермешілдік саясатын әжуалайтыны ғажап. Картинаның ең басындағы 5 минуттық мульти­пликациялық пролог есіңізде ме? Бір-бірінен аумайтын көпқабатты қорап-үйлер секунд сайын көбейіп бара жатады. Мұндай кіріспеден және Александр Ширвиндт оқитын автор түсіндірмесінен кейін басты кейіпкердің жоқ жерден жаңылысып, басқа қаладағы «өз пәтерін» оп-оңай тауып, оған кіріп алғанына аса таңқала қоймайсыз. Бұл жерде ре­жиссер комедиялық оқиға арқылы кеңес қоғамының инкуба­тор­лық сипатын көрсетіп отыр: үйлер де бірдей, кілттер де, жиһаздар да, көшелер де, адамдар да, тіпті олардың ойлары да бірдей… болуы керек. Ешкімнің ешкімнен бөлектенуіне, асып кетуіне, өзгеше ойлауына рұқсат жоқ.

 

***

Рязанов – өз халқын сүйген режиссер, бәлкім, сон­дықтан да шығар, оны да халқы сүйеді. Бізге де өз ұл­тын шексіз сүйетін режиссерлер керек. Көп керек. Себебі, кино сыншысы Бауыржан Нөгербектің сөзімен айтқанда, «бүкіл халық құмартып көретін кино – ре­жис­сер фильмді халықтың жанын сезіне отырып түсіре білгенде ғана болатын іс». Сонда ғана бізде де бая­ғыдағыдай оқиғалы, қазақы болмысты, актерлердің бар шеберлігі ашылатын кино түсіру жолға қойылатын болар…

Сәкен Сыбанбай 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста