Көне Баршынкентке кім көңіл бөледі?
Бүгінгі күні қазақ халқы өткенін түгендеуге мән бере бастады. Бұл – қуанарлық жағдай. Әрбір ұлт өзінің тарихын зерделеуге құмбыл. Бұлай боларлық жөні бар. Ешкім өзгенің алдында еңсесінің пәс болғанын қаламасы анық. «Сонау бір заманда біз мынадай әлемді аузына қаратқан ұлт атанған едік» деп жаһанға жар салған артық емес шығар. Әсіресе қаншама ғасырлар бойы бодандық қамытын киіп, тағдырдың тартуымен бостандық байрағын бекем ұстап отырған Тәуелсіз Қазақстан үшін тарихтың әрбір бетіндегі дерек бағалы деп толық сеніммен айта аламыз. Алайда бұл орайда көңілден шығарлық қандай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз? Әзірге жасалған жұмыстан гөрі қолға алатын істің қатары көп екенін көзіміз көріп жүр. Қаншама жылдар бойы өзгенің қас-қабағына қарап, төл шежіремізді түгендеуге мән беруге үркіп қарап келдік. Соның салдарынан сан алуан құндылық пен жәдігерді қолымыздан беріп, олардың кейбірінің қазір қай жерде тұрғанын да біле алмайтын жағдайға жеттік. Мақұл, енді барымызды бағалай білейік. Қазақтың даласы қаншалықты кең болса, тарихи дүниелер де соншалықты мол екенін білеміз. Әсіресе тарихшылар қалың қазақтың құт мекені, ұлтымыздың ұйысқан киелі өңірі – Сыр бойында сан алуан құндылық пен жәдігердің көп болғанын айтады. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің бедерінде олардың көбісі жермен-жексен қирап, ел мен жұрттың назарынан тыс қалып қойып жүргені рас. Бүгінгі күнге дейін оны түгендеуге келгенде кежегеміз кейін тартып келгені тағы да белгілі. Солардың бірі Баршынкент шаһары жайында айтуға болады.
Жергілікті қаламгер Адырбек Сопыбеков оның орта ғасырлық қала болғанын тілге тиек етеді. Ол бұрынғы кезеңдегі шетелдік ғалымдар мен жиһанкездер қалдырған деректер бойынша түрліше айтылады. Мәселен, кейбір тарихи еңбектерде бұл шаһар Сырлытам, Қызқала, Қышқала деген атаумен бізге белгілі. Баршынкентті бір зерттеушілер қазіргі Қызылорда қаласының оңтүстік-батыс бөлігіне бойлай жүргенде 25 шақырымдай жерде орын тепкен дейді. Бұл деректі ресейлік шығыстанушы, археолог Петр Иванович Лерх, тағы бір ресейлік шығыстанушы Василий Андреевич Каллаур және 1946 жылы Хорезм экспедициясын басқарған тарихшы, этонограф Сергей Павлович Толстовтар өз еңбектерінде осылайша ой-пікірлерін білдіріп өткен. Қазақтың түптамырын тереңінен зерттеуге сүбелі еңбек сіңірген Әлкей Марғұлан Баршынкентті «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршын есімімен байланыстырады. Жалпы алғанда, қазақтың қаһарман ұлының өмір сүрген уақыты осыдан 1200-1300 жылдай бұрын деп есептеледі. Ендеше, оның құдай қосқан қосағы Гүлбаршынның атымен аталатын қала да сол кезеңдерде болғанын жорамалдау қиынға соға қоймас. Тағы бір тарихи деректерде аталмыш қоныстың Шыңғысхан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызы бар стратегиялық бекініс пен мәдени-сауда орталығы болғаны айтылады. Бұл қаланың тұрғындары Хорезм, Қыпшақ, Қимақ хандықтарының әскерлеріне табанды қарсылық көрсеткен. Баршынкентке Жошы хан әскері де шабуыл жасаған. Ұзақ уақыт бойы олар Баршынкентке кіре алмаған көрінеді. Ақырында қалың әскер қамалды қоршаған орға өзен суын бұрып, қалаға топан суды жіберген. Соның салдарынан қайсар мінезді қала тұрғындары амалсыздан берілуге мәжбүр болған екен. Кейіннен қайтадан қалпына келтіріліп, Жошы ұлысының Сыр өңіріндегі орталығының біріне айналған.
Адырбек СОПЫБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың аймақтағы тарихи мұраларды түгендеуге арналған оң көзқарасы жергілікті жұртшылықты қуантып отыр. Осы орайда мен талай ғалымның тартысына айналған Баршынкент жайында ой-пікірімді білдіре кетсем деймін. Кейбір зерттеушілер оны Ақмешітке, қазіргі Қызылордаға жақын Баршындария сағасынан, Сырлытам мазарының маңынан (бұрынғы Тереңөзек ауданы) іздейді. Қызылорда қаласы тұсынан Сырдария өзенінің сол жағасынан батысқа қарай созылып жатқан Жаңадарияның ескі арнасын бұрынғы Баршындария еді дегенді меңзейді. Сырлытам мазарының алдында көне кенттің орны байқалады, тарихшылар таба алмай жүрген Баршынкент осы болуға тиіс дегенді айтады. Сонымен, атақты Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлудың әкім болған және оның атындағы көрікті Баршынкент қаласының нақтылы орны қайда және қай жерде болды?
Бұл сұрақ талай жылдардан бері мені де көп ойландырды. Осыған байланысты талай тарихтарды ақтардым, мұрағаттардың шаңын қақтым, шежірелерді қарадым, бірақ нақтылы ешнәрсе қолыма түсе қоймады. Ал бұрынғы кейбір зерттеушілердің меңзегеніне көңілім оншалықты толыға қоймады. Биылғы тамыз айында Алматыдағы Республикалық Ұлттық кітапханада арнайы болып, соның «Әлем әдебиеті» бөлімінің сирек кездесетін кітаптарының арасынан «Атлас Тартарииді» тауып алып қарадым. Соның 17-бетінде Сырдарияның сол жағасынан, Өзгент қаласына жақын маңнан, солтүстік жағынан Баршынкент қаласы шыға келді! Картада Барчыглыкент деп жазылыпты. Баршынкент қаласы бұрын тарихтарда бірде Барчыглыкент, бірде Баршынлығкент, енді бірде Барчынлығкенд деп әртүрлі жазылып келгендігі белгілі. Сонда бұл Баршынкент қаласы Гүлбаршынның әкесі Қармыс бай тұрған Өзгент қаласының солтүстік жағында 15 шақырымдай жерде болған. Бұл деген Баршынкент қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 180 шақырымдай жерде, Жаңақорған ауданы аумағында дегенді білдіреді.
Біз бүгінге дейін қолда бар осы бір деректерді көңілге медеу тұтып, Баршынкент жайында одан әрі ізденіс жасауға мүлдем талпыныс жасап отырған жоқпыз. Жалпы, Алпамыс батыр ұлт тарихындағы салмағы бөлек тұлға екенін жұртшылық жақсы біледі. Ендеше, ол жайында көбірек зерттеу жүргізгеніміз артық емес. Оның құдай қосқан қосағы Гүлбаршын жайында білетініміз көп емес қой. Бар білеріміз, оның мәңгілік дамыл тапқан жері – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы аумағы деп айтамыз. Сондай-ақ батырға тірек, ақылшы бола білген ардақты анамыз сол өңірде дүние есігін ашқанын да ғалымдар жиі айтады. Оның өмірден өткеннен кейін ауданның Төменарық ауылы маңындағы Көккесене кесенесінде жерленгенін білеміз. Сол бір тарихи орын өткен ғасырдың бастапқы жылдарында мүжіліп, жермен-жексен боп қирап, жер бетінен жоғалып кетті.
Тәшім ОРАЗБЕКОВ, Қызылорда индустриялық-техникалық колледжінің директоры:
– Көккесене орын тепкен Қожамберді батыр ауылында дүниеге келгенмін. Аталмыш ескерткішті бала жасымыздан көріп өстік. Қабырғасы әбден мүжіліп біткен кесенеге ешкім қамқорлық таныта қойған жоқ. Ескерткіштің елдігіміз үшін маңызы зор деп санаймыз. Сондықтан оның ескерусіз қалғаны жөн болмайды. Оның қандай болғаны жөнінде айғақтайтын ескі суреттер бар. Өкінішке қарай, біз қазірге дейін бұл бағытта ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Алдағы уақытта оны қалпына келтіріп, еңселі ескерткіш орнатсақ, оған келушілер аяғы да үзілмейді деп ойлаймын.
Рас, 70 жылдан астам уақыт бойы біз ондай дүниелерге мән бере алмай келдік. Кесенені қалпына келтіру шаралары жасалмады. Тәуелсіздік алғанымызға да 20 жылдан астам уақыт өтті емес пе? Бұл игілікті шараға қашан көңіл бөлеміз? Жермен-жексен қирап кеткен кесененің орнына жаңасын қалпына келтірсек, артық емес. Мұндай істер әлемдік тәжірибеде бар дүниелер. Сол арқылы оны өзгелерге насихаттай аламыз. Өйткені Алпамыс батыр түбі бір түркі жұртына ортақ тұлға саналады емес пе?!