Концерт залы – Жұбанов атында!
Қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда зерттеген көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың туғанына биыл – 105 жыл. Бар ғұмырын қазақтың ұлттық музыкасына арнаған өнерпаздың Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрін құруы – баға жетпес ерлік. Осы уақытқа дейін Кіші зал аталып келген концерттік залға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тұңғыш ректоры болған Ахмет Қуанұлының аты берілді.
Ахмет Жұбанов – өнерзерттеуші ғана емес, дарынды композитор. Ол талай қазақтың күйлерін ұлт-аспаптар оркестріне лайықтап өңдеді. Қыл қобыздың заманауи түрі прима қобызды оркестрге лайықтап жасады. Қазақтың тұңғыш көркем фильмі – «Амангелдіге» арнап, М.Гнесинмен бірге музыка жазды.
Төкпе күйдің атасы Құрманғазының ұлан-ғайыр күйлерін жинақтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, күйшінің шығармашылық жолы жайлы салиқалы пікір айтқан академик Ахмет Жұбанов болатын. Өнер зерттеушісі З.Қоспақов: «Көркем әдебиетте Абай бейнесін сомдаған Мұхтар Әуезов болса, ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көшбастаушысы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. ...Құрманғазыны айтқанда, аузымызға Ахмет Жұбанов есімі қатар оралатындығы да сондықтан», – дейді өз зерттеуінде.
Академиктің қазақтың ұлттық музыкасын асқақтатқан әншілер мен күй өнеріне елеулі үлес қосқан балбармақ күйшілер туралы «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі» монографиялық еңбектері – бүгінде студенттер қауымы үшін таптырмас дерек көзі.
Ажар АХМЕТҚЫЗЫ, композитордың қызы:
– Әкеміз біздің тәрбиемізге ерекше мән берді. Өнер – бір бөлек, балалары бір әлем еді. Бес баласын да оқытып, үлкен мамандық иелері етіп шығарды. Екеуі – химия ғылымы саласында, екеуі – музыкада, кенжесі мен – биология саласындамын. 1936 жылы Мәскеуде онкүндік болғанда, 30 жастағы әкем жаңадан құрылған оркестрді Мәскеу жұртшылығына тыңдатқан. Сонда залдағы тыңдаушылар сүйсінгеннен орындарынан тұрып, қошемет көрсеткен. «Правда» басқа да газеттер қазақ музыкасы туралы жарыса мақалалар жазған. «Қазақ музыкасы желпілдеген дүние емес. Махаббат деген тек қыз бен жігіттің арасындағы сезім емес, балалардың әдемі күлкісі, гүлдің шығуы, ағаштың бүршік жаруы барлығы жүрекке ерекше әсер береді», – деп айтатын әкем. Әкемнің шығармаларын тыңдаған адам табиғаттың осындай әдеміліктерін байқай алады.
Жәния ӘУБӘКІРОВА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:
– Қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда зерттеген өнертанушы ғалым, композитордың атына арнап, концерт залын беріп отырмыз. Менің ойымша, қазақ музыкасын биік деңгейге көтерген Ахмет Қуанұлындай адам кемде-кем.
Концерт залының алдына ғалымның мүсіні қойылып, консерваторияның өнерпаздары шағын концертін ұсынды.