– Кентау, екеуміз кіндік қанымыз Қарауылда тамған жерлес, түй құрдас екенбіз. Семейде біздің «Абай» журналының редакциясына келіп ән салғаның ойымда. Дауысың тамаша тенор екен. «Алдымда ағаларым аман жүрші» деген әніңді домбырамен шырқағаныңда Ырысхан аға Мұсаұлы ризашылықпен тебірене тыңдап қалды. Әншілігің мен композиторлығың құстың екі қанатындай қосарлы болғаны артықшылық деп санаймын. Әуенге ену үшін былайғы жұртқа беймағлұм тылсым қуат керек. Әу баста көркемсурет факультетін бітіргенің таңғалдырды. Суретшілікті қойып, композитор болуыңа не әсер етті?
– Иә, Айгүл, әр қазаққа туған жері құт мекен, біз үшін ұлылар елінде туу зор мәртебе, «Болмасаң да ұқсап бақ» деген хакім Абай. Абай елінің азаматы деген атқа лайық болу үшін өзімді жақсы жағымнан көрсетуге талпынуым керек деп түсініп, осы принципті ту етіп, алға жүріп келемін.
Мектепте тәтті ойға шомып, бабымен сурет салуды жақсы көретінмін. 10-сыныпта ән айтуға ынтызарым арта бастады. Семейдегі педагогикалық институттың көркемсурет факультетіне оқуға түстім. Институтта көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болдым. Ән жазуыма бірден-бір себеп болған қазақ жастарының намысын оятып, жігерін жаныған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еді.
Отбасы, ошақ қасы тіліміздің мүшкіл халіне оттай жанған жүрегіммен неге бұлай деп аласұра жауап іздеп, ой толғап жазған алғашқы әнім – «Анамның тілі» дүниеге келді. Содан бастап өзімді толғантқан өмірдегі сан қырлы тақырыпты шама-шарқымша әнмен суреттейтін болдым. Ән шығаруыма суретші мамандығым айтарлықтай әсер етті ме деп ойлаймын. Сурет деген әсемдікті көру, тамсану, ғажайыпқа шаттану ғой, ал осы құдіретті байқап, көре тұра ән жазбау мүмкін емес.
Көңіліңді толқытқан бір ғажайып дүниені байқап, көру арқылы таңдана тамсанып түйсігіңе түйесің, санаңмен қабылдайсың, бүкіл тұла бойыңды тербетіп, жүрегіңді елжіретіп, сезім қылымен еркелей жүріп, дүниеге келген әуен шынайы болса тыңдарманын тәнті етері сөзсіз сияқты.
Ән шығаруыма, әнімнің тыңдарманға сол қалпында жетуіне ептеп ән айтуым үлкен септігін тигізді. Өйткені, жақын-жуық арасында өзімнің ұнаған әндерімді айтып, сынатып алып барып, әншілерге ұсынамын.
Аллаға мың рахмет, Семей өңірінің Рысхан Мұсаұлы бастатқан ақсақалдары өнерімді тыңдап, риза болып, ақ батасын берді. Мәдениет Ешекеев, Санақ Әбеуов, Дауыл Хайрулин, Тұрсынғазы Рахимов пен Амангелді Жікенов – иісі қазаққа танымал әнші ағаларым әндерімді нақышына келтіре орындап, талаптанып, өрге тартуыма зор ықпал етті.
– Жидебай иісі қазаққа Абайымен сүйкімді. Елден табаны аумаған ақын Төлеген Жанғалиев: «Айналайын, кең тынысты Кентауым, Кемел елдің көркі болып көп жаса! Кіндігіңнен шықпаған соң өзіңнің, Кім береді Нұрғиса мен Шәмшісін», – деп өзіңе жыр арнапты. Абай, Шәкәрім, Шәкірдің композиторлық өнері белгілі. Кейінгі ұрпаққа эпик ақын Шәкір Әбенұлының әрі талантты композитор екенін де таныту керек. Өзің пір тұтқан сазгер кім болды? Алғаш ән шығаруыңа не түрткі болды?
– Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі өлке әрдайым тума таланттарға кенде болмаған. Солардың бірегейі эпик ақын, композитор Шәкір Әбенов атамыз болашақ ұрпаққа өлең, жырларымен қоса саф алтындай мол ән мұрасын қалдырды. Ақын әндерін жақсы меңгерген мен білетін екі адам бар. Шәкір атаның Қасқабұлақтағы досы Амангелді Жікенов пен ауылдас інісі, қазір Қапшағайда тұратын шәкірті Серікболсын Қыдырбайұлы.
Шәкір Әбенұлы әндерінің нотасын Серікболсынның айтуында түсірген – Теміржан Базарбаев. Оны кейінгі ұрпаққа насихаттап жеткізу өнертанушылар мен әншілердің міндеті деп ойлаймын.Төлеген Жанғалиев үлкен жүректі талантты ақын ағам. Ол маған үнемі өмірден көрген-білгенін, ақыл-кеңесін айтып отырады, шабыттансын деп маған екі өлең арнап, рухыма жігер қосты. Өнерде үлгі тұтатын сүйікті сазгерлерім: Ұлы Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Біржан сал, Шәкір Әбенұлы,Теміржан Базарбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жамақаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Төлеген Мұхаметжанов, Кеңес Дүйсекеев.
– Жақында Астананың «Шабыт» Ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы үлкен концерт залында шығармашылық кешің өтті. Өнерді, талантты биік бағалайтын ағамыз, академик Мырзатай Жолдасбеков ел алдында тұсауыңды кескендей, ағалық батасын беріп, «Біржан сал мен Ақан серінің ізбасарысың» дегендей қылып қолдау көрсетті. Бұл кеш Елорда өнеріңді қабылдаған алғашқы қадамың болсын. Композиторлық өнер өте талғампаз. Көкжиекте Кентау Назарбек болып жұлдызың жарқырап шығуың үшін не істегің келеді?
– Рахмет, Айгүл! Бұған дейін Семейде үш, Талдықорғанда бір мәрте шығармашылық кешім өтіп, өнерсүйер қауымның қошеметін көрдім. Өнер қонған адамға тоқтау қиын екен, аңсарым ел ордасы Астанаға ауды да тұрды. Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, қазақ өнері, руханиятының жанашыры Мырзатай ағаны сырттай құрмет тұтып, қадірлеп жүретінмін. Астанада әлем әртісі, профессор, ҚҰӨУ-нің ректоры Айман Қожабекқызы Мұсаходжаеваның қабылдауында болдым, ол кісі мені Қорқыт ғылыми зерттеу институтына қызметке қабылдады. Бірде Мырзатай ағаға әндерім бар үнтаспаны ұсындым. Талантты тез танитын ел ағасы ғой, әндерімді жоғары бағалап, рухани қолдады. Ол кісі өнер кешін ұйымдастыруыма өзі ұйтқы болды. Концертімді Мырзатай аға зал толы тыңдарман алдында сөз сөйлеп, ақ батасымен ашса, Қазақстанның майталман өнер жұлдыздары қатысып, әндерімді нақышына келтіре шырқады. Кешті ерекше үні бар қазақи, таңдаулы әнші Ерлан Рысқали жүргізді. Қазақ тілінің жанашыры, мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазықызы сөз сөйлеп, өнеріме ақ жол тіледі. Мен жазған дүниелерімнің халыққа керек екенін сезіп, бір жасап қалдым.
Шығарған әндерім қазақы рухын, шынайылығын, әуезділігін сақтауы керек деп ойлаймын. Ал жылаңқы, ыңырсыған немесе арнау әндер жазбауға тырысуым керек, өзіме тән стилімді сақтауым керек деп түсінемін.
– Қазақтың үлкен композиторы Теміржан Базарбаевтың шәкіртісің. Ол кісінің сендегі ұшқынды байқауы тегін болмады. Ол туралы не айтасың? Теміржан аға әндеріңді қалай бағалады, қандай сын айтты?
– Өнерімді өзгелер көрсе де, көрмегенсіп теріс пікір айта бастаған кезде, өнердегі ұстазым Теміржан аға: «Әндерің жақсы, ешкімге алаңдамай жаза бер», – деп жол сілтеді. Теміржан аға шындықты бетке айтатын турашылдығымен, адалдығымен жұртқа беделді, сыйлы адам болатын. Ағаның алдына ойдан-қырдан өнерін бағалатуға өнерпаздар келіп жататын. Теміржан аға ерінбей-жалықпай алтын уақытын бөліп тыңдайтын. Егер алдына келген адамның шығармасы түкке тұрмаса, оны мәймөңкелемей тура бетіне айтатын, нәрлі дүниесі бар талант болса мойындап, қамқорлық қылатын. Теміржан ағаның ақ батасын алған шәкірттері – Төлеген Мұхаметжанов, Жолан Дастенов, Тұрсынғазы Рахимов, Мейрамбек Жанболатов, Болат Сыбановтар өнерімен барша қазақтың ықыласына бөленген беделді композиторлар. Ағамен үнемі тығыз байланыста болдым, біраз бармай қалсам, қайран ағам өзі іздеп отыратын. Теміржан аға Шәмші Қалдаяқовпен консерваторияда бірге оқыған. Бір әңгімесінде Шәмші ағаның бірталай танымал әндерінің шыққан кезінде жанында болғанын айтқаны есімде. Ағаның әндерге түсірген нотасы сапалы болатын, қандай мықтыға апарсаң да, нотадан қате таба алмайтын. Алдына апарып тыңдатқан әндеріме ол кісі сын айтқан емес.
– «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, әндеріңнің ішінде халық жүрегіне риясыз жол тапқан «Бір бәйтерек, бір шынар», «Ардағым», «Мен қазақпын» сияқты үздіктері бар. Көп әндеріңнің табиғаты қуанышқа құрылған. Келін түсіру, шашу, бақытты аңсау, ата-ананы сүю, отбасы құндылығын сақтау идеясы айқын тұр. Әндеріңде құлазу, жабығу жоқтығы ұнады.
– Менің түсінігімде, өнер адамы басындағы қиындығын творчествосына арқау ете бермеуі керек, оған не жетпейтінін халық өзі де байқайды. Ол, керісінше, елге не қажет екенін байқауға тырысып, халықтың рухын көтеріп, бірлікке шақыратын, қиналған сәтте көңіліне медеу болатын, адами тұрғыда сыйластықты дәріптейтін тәрбиелік мәні бар тақырыптарды творчествосына арқау етуі керек. Ата-ана, махаббат туралы, мейлі бақытты, басқаны аңсайсыз ба, ән жігерлі, оптимистік көңіл күйде болуы керек деп ойлаймын. Шығарма шынайылығын сақтауы керек. Ұстазым Теміржан Базарбаев үйреткен, өмірдегі, өнердегі қағидам осы.
– Бір сарынды әуен композиторлық өнерде кездесіп қалып жатады. Тыңдарманды тартпайтын әндерім бар деп ойлайсың ба?
– Композитордың бір мақсаты әр ақынның болмысына, өлеңдегі философиясына сай әуен табуда. Абайға Абайдың стилінде, Шәкәрімге Шәкәрімнің стилінде, Мұқағалиға Мұқағалидың стилінде жазып, ақынның айтар ойын терең зерттеп, байыппен ұғып, өлеңінің деңгейіне жетуге күш салмасаңыз, шығарған әндеріңіз нәрсіздігімен қоса, бір-біріне ұқсап кетері сөзсіз деп ойлаймын. Мен өзім шамам жеткенше әр ақынның болмысын ұғуға, стиліне сәйкес әуен табуға талпынып келемін. Әрине, менің де тыңдарманға ұнамайтын әндерім бар, жоқ дей алмаймын.
– «Мен қазақпын» – отансүйгіштік рухтағы, баяғының жауға шапқан батырлары ұран салғандай атойлаған ән екен. «Желтоқсанда мұзға от жақтым» деген бір жолы: «Бұз үстіне от жағып, Бұзмай бұлан пісірген», – деп жырлаған Шалгез жыраудан жалғасқан бабалар рухын жаңғыртқандай. Сүйінбайдың қырғыз Қатаған ақынмен айтысындағы өршіл елдік рух пен Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» өлеңін еске түсіреді.
– Тәуелсіздік алған тұста барша қазаққа ортақ, ел үшін еңбек еткен қасиетті тұлғаларымызды анау сенікі, мынау менікі деп бөлісу қылаң бере бастады. Сонымен қоса ішінара қалаларда, ауылдарда қолында барлар өздеріне ғана белгілі өз ата-бабаларын дәріптеуді артық көрді. Бұл буыны қатпаған болашақ ұрпақты адастыратын, тарихқа иненің жасуындай да пайда тигізбейтін келеңсіз жағдай еді. «Мен қазақпын» ән-толғауы Абай ата сөзімен айтқанда: «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос»дегенге келеді. Кемеңгер халқымыз: «Жүзге бөлінгеннің жүзі қара, руға бөлінгеннің құруға асыққаны, атаға бөлінген адыра қалады, көпті қорлаған көмусіз қалады», – деп айтқандай, өз тарапымнан иісі қазаққа ортақ айтулы ерлерді аспандатып, елді береке-бірлікке шақырған, отансүйгіштік рухта жазылған ән болды ма деп ойлаймын. Бұл менің өнер адамы ретінде әсірерушылдыққа берген жауабым еді.
Айгүл, мен көп ойланып-толғанып, қазіргі заманғы қазақты төрт топқа бөліп қарайтын болдым. Бірінші топ: Ұлттың әдет-ғұрпы, салт-санасы, тілі, діні, имани құндылықтары бұларға жат. Ұрпағы кімге тисе де, кімді алса да, қай тілде сөйлесе де, бұларға бәрібір. Әртүрлі сектаға кіріп, қазақ мүддесінен гөрі, өзінің, сектаның мүддесін жоғары қоятындар немесе жаһандануды жақтайтындар, өзінен кейін не болса да, бұларға мейлі, өздері, балалары жақсы өмір сүрсе болды. Қысқасы, бұларға бәрібір.
Екінші топ: Қазақтың мүддесінен өз руының мүддесін жоғары қоятындар. Бұлардың түсінігінде, өзінің руы қазақтың басқа руынан қадірлі, қасиетті. Қолынан келген жақсылығын тек руластарына ғана жасағысы келетіндер, яғни сана-сезімі, азаматтық қалыбы таптық деңгейде қалып қойғандар. Барша қазақтың тұтастығы мен береке-бірлігі бұларды аса ойландырмайды. Бір жақсысы, әдет-ғұрыпты біледі, қазақша жақсы сөйлейді.
Үшінші топ: Елдік деңгейге жеткен тұлғалар. Бұлар қазақ елінің, яғни бар қазақтың болашағын ойлап, жан аямай қызмет еткендер. Шіркін, алдыңғы екі топтағы қазақтарға Құдай сана беріп, осы топтағы қазақтардың санын көбейтсе, қазақ елінің болашағы жарқын болар еді деп ойлаймын.
Төртінші топ: Әлемдік деңгейге жетіп, қазақтың атынан әлемдік көшке үн қосқандар. Бұл топқа барша қазақ талпынғаны дұрыс, бірақ екінің бірі кіре алмас.
– Абай хакімге арнау ән жазу көкейіңде бар ма?
– Абай атамның алты-жеті өлеңіне ән жаздым. Марқұм ұстазым Теміржан аға Абайдың өлеңдеріне жазылған әндерімді тәуір бағалаған секілді. Абайдың 150 жылдық тойында ақын сөзіне жазылған композиторлар әндеріне халықаралық байқау жарияланған болатын. Сол байқауға «Жастықтың оты қайдасың» деген әнімді маған айтпай, бағын сынасын деп бәйгеге қосып жіберіпті, қызық болып, жүлделі орын алғаны бар еді. Ұлы Абай бабамызға ұрпағы қанша арнау жазса да көптік етпейді. Ақынның баға жетпес шығармаларын дәріптеп, ақын Әділғазы Қайырбековтың сөзіне «Абайдың өлеңі» деген ән жаздым. Алла бұйыртып, бұл ән әншісін тапса халық тыңдайды.
– Кентау, әңгімеңе рахмет! Өнерің өрлей берсін!
zhasorken.kz сайтынан алынған