"Комаға түстім": Иван Бреусов есірткіге тәуелділігі туралы бар шындықты айтты
Отандық танымал әнші Иван Бреусов басынан өткен аса ауыр кезеңін есіне алды. Өнер иесі есірткіге тәуелді болып, бірнеше мәрте комаға түскенін жасырмай айтты. Зиян заттарға әуес болған әртіс бұл қиын уақытта өзін тастап кетпей, барынша көмектесуге тырысқан жарына алғыс айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ "Дастархан" бағдарламасына сілтеме жасап.
Иван Бреусов жұлдыз ретінде таныла бастағанда есірткіге қалай тәуелді болып кеткенін өзі де білмей қалғанын айтты. Әнші бұл ауыр жағдайда жары кетіп қалмай, керісінше оған әуестікті жеңіп шығуға көмектескенін жеткізді. Өнер иесі зиянды заттардың барлығынан дүниеге тұңғышы келгенде тыйылған.
"Он алты жасымнан бері менің өмірімде көңілді отырыстар өте көп болды. Сен танымал жұлдыз бола бастағанда бәрі сенімен ішкісі келеді. Бәрі сенімен жақын араласқысы келеді. Сен ақырындап мұндай өмірге үйрене бастайсың да, ішінде не болып жатқанын білмей қаласың. Мысалы, ағзаң алкогольсіз өмір сүре алмайтындай болып қалғанын аңғармайсың. Әрбір өнер көрсету алдында міндетті түрде допингті қалап тұрасың. Біз жарыммен кездескен кезде көңілді кештер көптеп өтетін кезең болған. Ол жерлерде бәрі ішетін. Ондай жерлерде ештене байқалмай кетеді. Алайда, біз бірге тұра бастағанда бұл жайттар өмірімізге, біздің қарым-қатынасымызға елеулі түрде әсер ете бастады. Тәрбиелі болып көрінген жігіт нашақор болып шықты. Бірнеше мәрте комаға түскенмін.
Оның таңдауы болды. Кетіп қалуына да болар еді. Бірақ, ол олай істемеді. Меніңше, бұл үлкен ерлік. Балаларым дүниеге келген соң, мен түбегейлі өзгердім. Өмірімді өзгерттім. Қазір мен бар уақытымды жұмысым мен балаларыма арнаймын. Осы өмірім өзіме қатты ұнайды. Шын мәнінде енді өмір сүріп жатқандаймын" , - деді ол. Әншінің әйелі бастапқыда оның тәуелділігі осындай үлкен мәселеге алып келеді деп ойламаған болып шықты. Ол бұл жайт отбасылары үшін ауыр сынақ болғанын жасырмады. Меруерт Асанова жолдасының зиянды қызығушылығы салдарынан күйзеліске де түскен. Алайда, жаман күндер бүгінде ұмытылған. Ерлі-зайыптылар тату-тәтті өмір сүріп, екі баланы тәрбиелеп отыр.