Көкбай ауылы мәдениетті болды
Абай ауданының Көкбай ауылында ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Абай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, нысанға жөндеу жұмыстарын Семей қаласының «Нагель» құрылыс компаниясы жүргізген. Мәдениет ошағы жаңа заман талабына сай жаңарды. Қазір ауылға ерекше көрік беріп тұр.
Жаңарған ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ержан Сүлеймен, мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы, ауыл әкімдері, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
«Ауылдық мәдениет үйінің лентасын аудан әкімі Е.Сүлеймен, мәслихат хатшысы Т.Аманғазы мырзалар, Көкбай ауылының еңбек ардагері, ұстаз Ж.Ережепов қиды», – деді баспасөз қызметіндегілер.
Аудан әкімі ауыл жұртшылығын әсем ғимараттың ашылуымен құттықтап, мәдениет ошағының халық игілігіне жемісті қызмет етуіне тілектестігін білдіріп, мәдениет үйіне түрлі-түсті теледидарды тарту етті.
Сондай-ақ Көкбай ауылының әкімі Ш.Жылқайдаров, Көкбай халық театрының іргетасын қалаушылардың бірі Ж.Түсіпұлы, батыр ана Қ.Кәрімбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет үйінің болашағына зор табыс тілеп, игілікті істі ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Жиналған қауым «Қаламқас» халық ән-би ансамблі мен Көкбай ауылы өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.