«Адам жанының тәрбиешісі», рухани құндылықтардың қайнар көзі саналатын кітапқа, әдебиетке жетері бар ма? Бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып отырған кезінде балаларымызды күні бойы компьютердің алдынан тұрғыза алмай әлекпіз. «Заманауи құралдар біздің бүгінгі ұрпағымызды «торына» түсіріп, шырмап алғандай. Қала берді, ұялы телефон бар. Ол да шексіз мүмкіндіктерімен баланың басын айналдырып, көзін байлап тастағандай. Балаға кітап ұсынсаң, селқос, енжар қарап, сәлден соң оны ысырып тастап, компьютерге телміретінін қайтерсіз...
Соңғы жылдары қазақ баспаларынан шыққан кітаптардың полиграфиялық сапасы жақсарып, мазмұны тереңдей түсті. «Алматыкітап», «Аруна», «Атамұра», «Балалар әдебиеті», «Балауса» сынды баспалардың өз өнімдерін безендіруде ұлттық нақышқа басымдық беретіні көңілге қуаныш ұялатады. Қазір ТМД елдерінің арасында кітап басу ісі жағынан Қазақстан алдыңғы орындарда. Десек те, бұл біздің «кітапқұмарлығымыздың» көрсеткіші бола алмай тұр.
Елімізде 282 баспа ісімен айналысатын мекеме бар. 142 әмбебап баспа, 60 жоғары оқу орнының баспасы, 20 ғылыми-зерттеу мекемелері мен 14 қоғамдық ұйым баспалары бар. Мемлекеттік тапсырыспен 432 аталым кітап жарық көрген, оның ішінде 47 аталым саяси әдебиеттер, 126 аталым оқулықтар, 30 аталым анықтамалық басылымдар, 10 аталым ғылыми-көпшілік әдебиеттер, 13 аталым балалар әдебиеті, 159 аталым көркем әдебиеттер, 11 аталым өмірбаян мен 8 фотоальбом шыққан. Кітап палатасының деректерінде 2009 жылға қарағанда 2011 жылы баспа өнімдерінің көлемі 6,58 пайызға артқаны айтылады. Демек, қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, кітап таратпай отыр. Баспагер ағаларымыз кітаптарының өтпейтінін жиі айтады. Қазақстандықтардың тек 17%-ы ғана белсенді оқырман қатарына енеді. Әр адам жарты жылда орташа есеппен тек 3,7 кітап сатып алады. Соңғы 15 жылдағы жас толқынның басым бөлігі көркем әдеби шығармалармен таныс емес. Ал орыстілді оқырман арасында Ресей баспаларының жеңіл-желпі махаббат романдары мен детективтері сұранысқа ие.
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ кітаптарының таралмауына олардың таралымының аздығы да бірден-бір себеп болып отыр. Ал, негізінде қазақ, баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, олар қандай кітап шығару керектігіне мән бермей жүр. Батыс баспалары, соның ішінде Ресей баспалары 2000 жылдың басында кітап саудасын едәуір жолға қойды. Олар, біріншіден, нарықты зерттеп, кітап маркетингін дамытқан. Байқасақ, батыс баспалары өз тұтынушыларын жобалап алмай, өнім шығармайды. Әртүрлі сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер негізінде оқырманды қай автор, қандай тақырып қызықтыратынын анықтайды. Біздің қазақ баспаларына да кітап маркетингінің қыр-сырын меңгеретін уақыт жетті. Екіншіден, қазақ баспалары кітап шығармай отырған жоқ, тарата алмай отыр. Мысалы, Алматыдағы Баспалар үйіне (Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы) бара қалсаңыз, баспа жанындағы кітап дүкендеріндегі өнімдерге көз тоймайды. Қазақ классикалық әдебиетін серия-сериясымен шығарып жатқандары да бар. Бірақ сол кітаптар Баспалар үйінен ұзап кете алмай, оқырман қолына тимей отыр.
Ғалымдардың айтуынша, 10 мың тұрғынға бір кітап дүкені болуы керек. Кеңес үкіметінің тұсында 1500-ге жуық кітап дүкені болған. Қазір аудандар мен ауылдардағы кітап дүкендері жабылған. Сондай-ақ кітап таратумен айналысатын фирмалар саусақпен санарлық. Ресей баспаларының өнімдерін бұрынғы ТМД елдеріне таратумен айналысатын фирмалар күн санап дамып келеді. Баспалардағы маркетингілік шараларға кітап дүкендерінің аздығы мен кітап таратушы мекемелердің жоқтығы кедергі келтіріп отыр. Алматы қаласында Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. Олар көбіне өз сөрелеріне қазақ баспаларының өнімдерін қоюдан қашқақтайды. Себебі, олардың ойынша, қазақ кітаптары өтпейді. Ресей баспаларының өнімдерімен салыстырғанда біздің кітаптарымыздың таралымы аз болғандықтан, бағасы да қымбат. Қазақстанда сапалы қағаз шығаратын өндіріс те жоқ. Қағазды Ресей мен Қытайдан тасымалдаймыз, жоғарыдағыға 13% қосымша құн салығын (ҚҚС) қосыңыз. Осылардың барлығы, қазақ кітаптарының өзіндік құнына әсер етуде.
Үшіншіден, қазақ кітаптарына жарнама жоқ. Жалпы, көпшілік оқырман баспалардан қандай өнім шығып жатқандығынан бейхабар. Қазақ баспаларында аудиовизуалды ақпарат құралдарына жарнама беретіндей қаржы жоқ екендігі белгілі. Осы мәселеде мерзімді басылымдар да қазақ кітабына жанашырлықпен қараса екен деген ойдамыз. Алайда баспалар да қарап отырмай, жоғары оқу орындарымен, мектептермен, өзге де мекемелермен тығыз байланыс орнатып, көрмелер ұйымдастырып, жарнамалық каталогтер мен парақшалар таратып, әрекетке көшетін уақыт жетті. Тендерге телміріп отыра беруден баспагер ағаларымыз әлі жалыққан жоқ. «Кітап-пошта» жүйесін дамытып, авторлармен кездесулер, кітап жәрмеңкелері сынды шараларды атқаратын кез келді. Тіпті кітап оқуды жастар арасында жаппай насихаттасақ та артық болмас еді. Төртіншіден, қоғамда оқырман азайды, жастар мүлде кітап оқымайды деген пікір бар. Ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Балалар басылымдарын шығаратын «Балауса», «Аруна» сынды баспалар балабақшалармен, мектептермен тығыз байланыс орнатып, авторлармен кездесулер және көрмелер ұйымдастырса, балаларды қызықтырып, әдеби-танымдық кітап оқуға машықтандырса, өз тұтынушыларын табар еді.
Кезінде жоғалтып алған кітап таратудың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені мәлім. Алайда қазақ баспагерлері де қазақ кітабына жанашырлықпен қарап, өз өнімдерін сұранысқа сай шығарып, қалайда оқырман қолына жетуіне мүдделілік танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, Қазақстан баспагерлері мен полиграфистерінің ассоциациясы өз жұмыстарын дұрыс жолға қоя алмай келеді. Егер кітап тарату мәселесін тез арада шешпесек, 17 пайыз оқырманымыздан да айырылып қаламыз. Бәсекеге қабілетті 50-ге жуық баспамыз күш біріктірсе, оларға мемлекет және БАҚ тарапынан қолдау болып жатса, қазақ кітабының бағы ашылар еді. Қазақ кітап оқымайтын елге айналып бара жатса, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қалай қосылмақ? Экономикалық дағдарыс рухани дағдарыстың жанында түк емес екенін түсінетін уақыт жетті.
Мәлім ет...
Әлемдегі бірқатар елдерде кітапқа салынатын қосымша құн салығының төмендігі айқын байқалады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және т.б. елдерде бұл мүлдем жоқ. Ал өзге елдерде кітапқа қосылатын қосымша салық өзге тауарлар салығынан әлдеқайда төмен. Атап айтар болсақ, Германияда өзге тауарға қосылатын салық 16% болса, кітаптікі – 7%. Ал Францияда – 19,6% және 5%, Испанияда – 16% және 4%. Ал АҚШ-та салық кітаптың жанрына қарай қосылады екен.
Қаперге
Әлем бойынша көп оқитын елдердің бірі – жапондар. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап түседі. Демек, әрбір жапондыққа 11 кітаптан келеді екен. Ал кітап басу ісі бойынша көшті Ұлыбритания бастаса, жапондар – Германия мен АҚШ-тан кейінгі төртінші орында. Зерттеушілер Жапонияны Ресейдің өкшелеп келе жатқандығын айтады. Күншығыс елінде 4 мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 6,7 млрд дана баспа өнімдерін шығарса, оның 500 млн данасы тек кітап өнімдері екен. АҚШ-та 6,5 мыңға жуық әртүрлі баспа жұмыс істейді екен.
Мәрия Майлықұтова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспа ісі және дизайн кафедрасының аға оқытушысы