Ақпараттық технологиялар дәуірі аса жоғары қарқынмен сатылап дамып келе жатқан қазіргі кезеңде кейінгі ұрпақтың ұлттық көркем әдебиеттен біршама алшақтап қалғаны анық байқалады.
Бүгінде қара сөздің қаймағын сапырған әдеби көркем дүниелер оқылмайды деген пікір бар. Дегенмен отандық интернет сайттары мен әлеуметтік желілерде қазақ қаламгерлерінің поэзиялық, прозалық, драматургиялық және сын-сықақ шығармалары молынан жарияланып жүр. Ғаламторда әдебиет туралы ой-пікірлер де жиі ортаға салынып, жекелеген үлкенді-кішілі қаламгерлер өз сайттарын ашуда. Осыған қарап, «қазіргі әдебиет интернетке ойысып бара жатқан жоқ па» деген де ой қылаң береді. Интернеттегі оқырмандар контингентінің талғамы қай деңгейде? Жалпы, біз интернетті әдебиет пен руханият игілігіне пайдалана аламыз ба?
Бұл ретте жастардың өз сөздеріне зейін қойсақ:
Әркім өзіне керегін алады
Әсия Бағдәулетқызы, журналист:
– Әдебиеттің ғаламторға ойысуында тұрған ештеңе жоқ. Кейбір жастарды «интернеттің ақыны» деп кемсітетінді шығардық. Оны интернетте оқып, цитата келтіріп жатса, несі жаман?! Дүкеннен ешкім кітап сатып алмайды, бірақ интернетте оқиды деген сөз. Интернеттегі ақын оқырманмен тікелей тілдесе алады, пікірлеседі. Кітап шығаруға мұршасы жоқ жастар интернет арқылы оқылып, танылып, талқыланып жатыр. Жақсы емес пе?! Біз оларды жарнамашыл деп жазғырғанша, күллі қазақ әдебиетінің ғаламторды жаулап ала алмай отырғанына қынжылуымыз керек. Өз басым интернеттегі жастардан гөрі, интернеттен мақұрым аға буын ақындарға жаным ашиды. Бұл олар оқылмай қалады деген сөз емес. Бірақ ғаламтордың тегін игіліктерін пайдалана алмай отырғаны өкінішті. Ғаламтордағы оқырманның деңгейі – қазақ оқырманының деңгейі. Оның арасында зиялысы да, «зияндысы» да бар. Әрине, интернетте қоқыс көп. Бірақ күллі әдебиеттің деңгейі интернетпен өлшенбейді ғой?! Ғаламтордың белгілі бір әдеби шығарманы елеп, екшеп, оқырманның сүзгісінен өткізіп алатын тамаша мүмкіндігі бар. Біз қазір интернетті руханият игілігіне пайдалана аламыз ба деп емес, интернетті руханият игілігіне қалай пайдаланамыз деп сұрауымыз керек. Ғаламдық желіні қазақ тіліндегі сапалы әдебиетпен толтыру – өзімізге сын. Интернетті сауатты пайдаланып, мүмкіндігінше әдебиетке қызмет еткізе алсақ, нәтижесін көруге болады. Бүгінгі таңда оқырман сұранысын тек кітаппен қанағаттандыра алмаймыз: біріншіден, кітаптың таралымы аз, екіншіден, әлеуметтік желілер арқылы оқу біршама жеңілдік әкеледі.Десек те, өз басым интернеттен оқыған дүниелерден кітаптан оқығандай нәр ала алмаймын... Интернеттегі оқырман талғамының бәрі жоғары деңгейде деуге келмес. Әркім өзіне керегін алады.
Интернетті насихаттау құралы деп қабылдау қате
Мәди Алжанбай, жазушы, аудармашы:
– Ғаламторда кез келген адам қалаған дүниесін жариялай береді және оған кез келген жақсы-жаман пікірлерін білдіріп жатады. Бұл жағынан интернетте мақтанға толы дүние бықып жатыр. Ендеше, интернет мақтауға, яғни насихаттауға жағымды әсер тигізіп отыр дей алмаймыз. Себебі мақтанның бәрі кәсіби тұрғыдан өсірмейді, керісінше, өшіреді.
Әрине, әлемдік желі өз қызметін атқара береді. Есесіне мерзімді баспасөз, яғни газет-журнал оқылмайтын болып бара жатқанын көріп жүрміз. Ал жариялау міндетін алғандықтан, интернет арқылы қалаған шығармаларды оқи аламыз. Әдебиеттің интернет желілеріне ойысып кеткенін қазіргі сайттардан байқауға болады. Себебі газет-журналдардың аудиториясы аса ауқымды емес. Ал оқырманның талғамына келер болсақ, «шөп те – өлең, шөңге де – өлең» дейтіндер әрқашан да болған, бола береді де. Интернет те ондай қалың оқырманнан кенде емес. Әйтсе де қарапайым кітаптың құндылығы ешқашан жойылмайтындығын баса айтқым келеді.
Ғаламторға бақылау қажет
Ғазиза Ұзақ, СТВ телеарнасының продюсері:
– Бүгінгі таңда әдебиеттің орнын интернет басып бара жатқандай. Қазақ көркем әдебиетінің үзінділерін, бір-екі тармағын ғаламтордан кездестіруге болады. Баз біреулер көркем шығармаларда қолданылған сөздерді өздерінің микроблогына жазып жүр. Әсем сөзді көрген өзгелер де оны ұнатып, өзіне көшіріп алады. Алайда көпшілік оның қай шығармадан алынғанын, авторының кім екенін біле бермейді. Сол себепті де интернетті әдебиет пен руханият игілігіне пайдаланудың оңтайлы жолын тапқанымыз абзал. Менің ойымша, көркем әдебиетті ғаламтор көмегімен насихаттауды жетілдіре түсу қажет. Тек оны әрдайым қадағалап, жіті бақылау керек сынды.
Мониторға телміріп, қолдарына iPhone, iPad ұстаған жастардың кітап дүкендері мен кітапхана атаулыға бас сұға бермейтіні рас. Дегенмен көпшілігіміздің қалыптасқан «классикалық әдіспен» қолымызға ұстап оқитын кітаптың өзін парақтамасақ та, керегімізді сан қатпарлы ғаламтордан қиналмай-ақ тауып алатынымыз рас. Бұл ретте заманауи технологияның жеделдігі мен тиімділігінің өз алдына айрықша артықшылықтары бар екені даусыз. Дегенмен біреудің шылауына бағына бермейтін, талғам мәселесінде де ешкіммен санаспайтын интернет тамыры тереңде жатқан ұлттық әдебиетіміздің кеңінен насихатталуына қаншалықты оң әсерін тигізіп отырғанын сараптап отырған және ешкім жоқ.
Алдағы болашақта латын қарпіне көшеміз деп жатырмыз. Мүмкін, ұлттық дүниелерімізді ғаламтор арқылы лайықты дәрежеде насихаттау сонда дұрыс жолға қойылар. Ал әзірше қайтпек керек?