Кішкентай Жамбылдың үлкен кеші өтеді
Алматыда бір тамаша ақын тұрады. Өлеңдері сондай ұтқыр, ойлары терең, ұйқастары шымыр. Жеке жыр жинағы да шыға қоймаған. Жазушылар одағының да мүшесі емес. Бірақ бірді-екілі жыр додаларында алдына қара салдырмай, бас бәйгені иеленген. Қазақтың қара өлеңіне адал, сөзге ұста ақын уақыт өткен сайын өз оқырманын көбейтіп келеді. Ол ақынның есімі – Жамбыл.
Атақты сөз зергері Сүйінбайды пір тұтып, қызыл жолбарысты киесі санаған жыр алыбы Жамбылдың есімін иеленген бұл ақын – Алматы қаласындағы №131 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы. Ол жай ғана бала емес, ол – туа бітті ақындық дарын иесі. Мектепте озат, сыныптастарының алды. Тілі ерте шығып, қатарынан оза туған оның бойындағы ақындық қабілеті тым ерте аңғарыла бастаған. Алғашында балаларының мұндай ерекшелігіне мән бермеген ата-анасы, келе-келе кішкентай Жамбылдың жұдырықтай жүрегінде үлкен таланттың буырқанып жатқандығын анық сезеді. Қазір ол жеті жаста. Әдетте мұндай жастағы балдырғандар былдырлаған тақпақтар жазып, өлең жолдарын да әупірімдеп ұйқастырғандай болады.
Өнер адамға Алладан беріледі дейді. Сол қасиетті ұстай білген жан ғана биікке көтеріліп, өзін мойындата алады. Табиғи дарын мен айрықша қабілеттер адам бойынан бірден байқала бермейді. Біреудің таланты ерте ашылып, біреуінікі кеш байқалып жатады. Десек те Тәңірден беріліп, қанмен сіңіп, ана сүтімен дарыған ерекше дарындылықты тынымсыз еңбекпен ұштастырмаса, бұл қасиеттерден айырылып қалу да қиын емес. Әйтсе де «Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген сөз бар. Демек, қазақ айтатын «Өнерлі өрге жүзеді», «Өнерліге өріс кең» дейтін сөздер тегін айтылмаса керек. Құдайға шүкір, қазақта осындай өнері өрге жүзген, ой-өрісі кең жас жеткіншектер аз емес.
Бірақ Жамбылдың жөні тым бөлектеу секілді. Оның шығарған өлеңдері ересек ақындардың қаламынан туған сияқты, «теп-тегіс, жұмыр келген айналасы» – сауатты жазылған жырлар. Осының тегін емес екеніне көз жеткізген анасы талантты тұншықтырып алмайық деп, баласын ақындыққа баулып, поэзияның қыр-сырына қанықтырып, онсыз да бұлқынып тұрған талантын ұштауға кірісіп кетеді.
Қазіргі уақытқа дейін кішкентай Жамбылдың жеткен үлкен жетістіктері де бар. Ол – «65 жыл толды бүгін Ұлы Жеңіске!» атты қалалық байқаудың, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған поэзия оқуының, М.Мақатаевтың 80 жылдығына орай өткізілген қалалық, одан кейін республикалық байқауларының бас жүлде иегері. Шығармашылық жетістіктері үшін Б.Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында арнайы төсбелгімен марапатталған.
«Қазақпын мен, пір тұтамын тілімді,
Қара нар боп көтеремін жүгіңді.
«Қазағым» деп қарс айрылған жүрегі,
Бала Жамбыл мен боламын бүгінгі!» – деп жыр толғап, өлең өлкесіне емін-еркін еніп келе жатқан жеткіншек ақын енді қалың оқырманының басын қосып, салиқалы жыр кешін өткізбекші. Жас шыбықтай жайқалып өсіп, енді ғана бүр жарып келе жатқан жас талантқа шығармашылық табыстар тілейміз. Қаламы ұштала берсін. Алла тіл-көзден сақтасын!
Дүйсен ИБРАИМОВ, Жамбылдың әкесі:
– «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деуші еді, ұлымның шешесі – Мұқағали туған Қарасаз ауылының тумасы. Есімін де Жамбыл атасындай дарынды болсын, көп жасасын деп ырымдап қойған едік. Өзі зерек әрі алғыр. Екі жасынан бастап тілі шықты. Әріптер мен сандарды да сол кішкене күнінен меңгерген. Баламның өлең шығарып, бірдемелерді шимайлап жүретінін байқағанымызбен, алғашында аса мән бере қоймадық. Жарым – Кәмшат тіл маманы, әдебиетке жақын адам. Жамбылдың қарым-қабілетін шыңдап, тәрбиелеп жүрген де – сол. Бірақ балаға кішкене бағыт-бағдар бергеніміз болмаса, жазғанын қайта шимайлап, көмектескен емеспіз. Ақындық қолдан жасалатын өнер емес қой. Қанында болмаса, қанша үйретсең де ешкім ақын бола алмайды. Байқауларға қатысқанда әділқазылардың талайы оның жазғандарын оқып шығып, «осының бәрін, шынымен, өзің жаздың ба?» деп таңғалады. Олар тұрмақ біз де таңғаламыз. Бұл Құдайдан дарыған қабілет деп білемін.
Жамбылдың жыры
Мәртебелі елім!Жас ғасыр толы думан, шаттық үнге,
Қайта оралдым жоғалған дәстүріме.
Еңселі елміз бүгін егеменді,
Қол жетті арман еткен жақсы күнге.
Құшағын кеңге жайып қанатының,
Жаңғырып, жатыр бүгін Ана тілім.
Татулық ұран болған бұл өлкеде,
Тапқандай ұлы достық жарасымын.
Ұрпағы ұран еткен баба даңқын,
Қазағым – қасиетті, дана халқым.
Елміз біз еркіндігін ту ғып өткен,
Ертеңі, болашағы – жаңа, жарқын!
Құлаққағыс!
«Жас Отанның» жанындағы «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен 23 ақпан күні Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясында Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Жамбыл Дүйсеновтің жеке шығармашылық кеші өтеді.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және жыр алыбы Жамылдың туған күніне орайластырылған бұл кеш «Тәуелсіздігім – Тәңірден жеткен тәтті сый» деп аталады. Басталуы сағат 18.00-де. Жас қалам иесіне қолдау көрсетейік, қадірлі өлеңсүйер қауым!