Киіз үйдің қадіріне жетіп отырмыз ба?
Ықылым заманнан қазақ танымы өзінің «кіші әлемін» қадірлеуге, әспеттеуге құрылған. Ол – сенің береке-бірлігің, құт ұйыған алтын ұяң. Көшпелі мен қалалық тұрмыс-тіршілікті қатар кешкен бабаларымыз шаңырақты кие тұтып, босағаны баспады, табалдырықты кермеді.
Ал бүгін ше? Киіз үй мерекелік жиындар мен қымызханалардың қажеттілігін өтеп тұр. Оған да шүкір дерсіз. Иә, бірақ ол атам қазақ көшіп-қонған киіз үй ме екен? Жоқ, қайдағы. Бақаны жоқ, кереге мен шаңырағы (егер оны шаңырақ деуге келсе) темірден жасалған киіз үйді қазаққа телуге әсте болмас. Бір кездері тиын-тебенге тонналап шекара асқан металлоломдарымыздың бір парасы енді бізге мың долларлық темір тордай киіз үйлер болып оралып жатыр. Киіз орнына – палатка, ағаш орнына – темір. Қазақты қолға үйренген тоты құстай темір торға қамағысы келген болар, бәлкім. Көшпелі баспанадан күнкөрістің есебін тапқан ағайынның санасы тарихи танымнан жұрдайлығына қарның ашады. Иә, ақыры қымызхана ашуға бел буған екенсіз, қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабардар болуға не кедергі? Иә, киіз үйдің ішін желбаумен, басқұрмен, ұлттық жиһаздармен безендіру жағы да сын көтермейді. Одан бөлек, қымызханаларда ұлттық әндеріміз бен күйлеріміздің күйтабақтары ойнап тұрса ғой деп армандайтынымыз рас, енді. Әйтпесе дүңкілдеген-дүрсілдеген музыкадан киіз үй мен қымыздан алып отырған тәп-тәуір әсеріміздің быт-шыты шығып жатады. Әлгі қымызханалар маңында қазақтың ұлттық тағамдары мен киіз үйі жөнінде ақпараттық тақтайшалар ілінсе, тіптен қатып кетер еді. Бұл қымызхананы мәнді де сәнді етіп, өзіміз түгіл өзгелердің де тарихымызды тануға септігі тимек.
Иә, айтпақшы, Кеңес Одағы тұсында Үштөбеде бұрынғы одақ бойынша киіз үй жасайтын жалғыз фабрика жұмыс істейтін. Бұл фабрика 1960 жылдардың орта тұсында ашылған еді. Оның өнімдері мал шаруашылығы саласында, құрылыс отрядтарында, демалыс орындарында, сонымен қатар жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты табиғат апаттары кезінде де қолданылды. Кезінде фабрика алтын медальге ие болған. Тәуелсіздік орнаған тұста комбинат құрдымға кетті. Енді киіз үйлердің сүйегінің ағашы бар, темірі бар – барлығы дерлік шетелдерден тасымалданады. Қытай, Моңғолия, Қырғызстан сияқты елдерден аспандаған бағамен сатып алумен келеміз. Бізде маман да жоқ емес, ағаштан түйін түйген шеберлер жеткілікті. Тек солардың басын біріктіріп, іске қосатын арнайы жүйе жетіспейді. Ұсталардың мемлекет қамқорлығынсыз қалғандығы өз алдына бөлек тақырып.
Киіз үйдің маңдай алды міндетті түрде күншығысқа қаратылып тігіледі. Таңсәріде шапағы шашырай көтерілген күнге мінәжат етіп, шапағат тілейтін арғы ата-бабаларымыз. Есіктен түскен сәуле күн биіктегенде шаңырақтан шуақ боп төгіледі. Өлім аузындағы жан «өлсем де күн нұрын бір көріп көз жұмайын» деп басын құбылаға төсейтінін ұмытпаған жөн. Бүгінгі киіз үй тігушілерге «есігін шығысқа неге қаратпадың?» десең, айтқанға көне қояр ма екен?
Киіз үйді қазақтардың кіші әлемге балап, кие тұтқанын Ақселеу Сейдімбектің «Киіз үйді де іргесі, белдеуі, шаңырағы деп үшке бөледі. Көк күмбездің Тәңірі тектес құдірет саналатыны сияқты, киіз үйдің де шаңырағы – ең киелі бөлігі. Көшпелілер шежіресінде ел бастаған көсемнің, қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің шаңырағы қай баласына бұйырса, сол үй үлкен үй, қара шаңырақ аталып, ол үйдің иесі айрықша сый-құрмет пен жол-жоралғыны еншілейтін болған» дегенінен аңғарамыз.
Арғы бабаларымыздың әлемнің, жердің шеңбер пішіндес екенін жазбай танығанын осы киіз үй құрылымынан бажайлаймыз. Көшпелі тұрмысқа ыңғайлы үйдің сан алуан түрінің барлығының (қос, күрке, абылайша, туырлық үй, ақ үй, қара үй, отау, орда) шеңберленіп келуі осыған саяды. Есте жоқ ескі замандар қойнауындағы қорымдардың дөңгелене салынуы біздің бұл тұжырымымызды бекіте түседі. Тәңірімен тілдесу нүктесі ретіне сүйірлене биіктейтін ғұн, сақ, үйсін қорғандарының киіз үймен, шексіз әлеммен байланысы жоқ деп кім айта алады. Ертеден бүгінге дейін ұлы адамдардың басына тұрғызылған күмбездердің шеңберлі пішіні ұлттық сәулет өнерімізден там-тұмдап болсын хабар беріп тұрғандай көрінеді. Әлгіндей ғажайып танымның арқасында әлемдік өркениеттің алғашқы жаңалығы – дөңгелектің дүниеге келгені деп білген жөн. Әйткенмен «Осы күні киіз үйдің сұлбасын беретін шығыстық үлгідегі ғимараттар, ұлттық ою-өрнектегі зәулім үйлер қазақ жерінде неге жоқ?» деген сауал өз-өзінен көлденең шығады.
Қазақта тұрақты және жылжымалы баспанаң болғаны – көшпелі де, отырықшы да тұрмыс-тіршіліктің нышаны. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласында киіз үйдің қола дәуірінен бастап болғандығы жөнінде деректер бар. Қазбалай түссек, бұл төңіректегі деректер, мүмкін, тым әріден бастау алуы да мүмкін. Біз мұны Алтай тауларындағы, Сібір Баяр жартасындағы, Қырымның жақпар тастарындағы суреттерден бажайлаймыз. Алтайдағы Пазырық және Моңғолиядағы Ноин-улин қорғандарынан табылған киіз үлгілері – өте ерте заманның заттай айғақтары. Тарихтың атасы Геродоттың көшпелі скифтер туралы жазбалары да молшылық.
Ендеше, ұлы даланың төсінде ат тұяғымен ойнақ салған ата-бабаларымыздың баспанасы болған, ерте дәуірлерден бастау алған, мәні мен қасиеті, сәні мен салтанаты ұшан-теңіз, тіпті Тәңірімен тілдестірген киіз үйдің қадірін неге төмендетіп жібердік?
Бір дерек
«Доңғалақты үй», «үйлі арба» жөнінде орта ғасырларда қазақ жерінде болған Гильм де Рубрук, Әбу Абдаллах Ибн Баттута, Фазаллах Ибн Рузбихан, Антони Дженкинсон секілді жиһангездердің жазып қалдырғандары дерек береді. XVI ғасырдағы парсы деректерінің бірінде мынадай мағлұмат кездеседі: «Қазақтардың мұндай үйлері ағаштан тұрғызылған, қаңқасы сарайдікі сияқты көтеріңкі және мейлінше кең. Ақ қайыңнан құрастырылған қабырғалары мінсіз, өте сәнді, киізбен, сирек кездесетін түстерге боялған қой терілерімен қапталған. Осындай үйлерде қазақтың сұлтандары мен ақсүйектері тұрады. Құрылымы ерекше үйлестірілген доңғалақты үйде 20 адамның жатып-тұруына болады екен. Мұндай үйлерді қосарлап жегілген көп түйе тартады. Үйлер зәулім, биік және сыйымды, тұс-тұсынан ашпалы көздері бар терезе ойықтары берілген. Сырты киізбен жабылған. Ішкі жиһаздары әмірлер мен сұлтандардың сарайларындағыдай мейлінше әсем де үйлесімді».