Mimioriki ,Семирамида (SMD), LadyLike, Қуат, Textiline, Zibroo, ҚазСПО-N. Біреуге таныс, біреуге бөтен бұл атаулар – тәуелсіз елімізде қалыптасқан отандық киім-кешектің брендтері. Сапасы мен бағасы жағынан ТМД кеңістігінде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеген жеңіл өнеркәсібіміздің бұл субъектілері бүгіндері Украина, Ресей, Беларусь секілді мемлекеттердің тапсырысымен жұмыс істеп жатыр.
Жолымызда Қытай, Түркия, тіпті Қырғыз елі секілді киім-кешек өндірісінің алпауыттары тұрғанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту басқаға қарағанда қазаққа қиын соғары хақ. Бірақ, соған қарамастан, еліміздегі кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірқатар бағдарламаның арқасында отандық тігінші, шеберлер өздері үшін басты белесті еңсердік деп есептейді.
Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:
– Егер еліміздің тігін және тоқыма өнеркәсібі былтырға дейін қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп келсе, ал бүгінгі таңда бұл секторда сең қозғала бастады. Бұған, біріншіден, Кеден одағы аясындағы кедендік процедуралардың біріздендірілуі, екіншіден, бірқатар кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның болуы, үшіншіден, былтыр қабылданған 2011-2014 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы ықпал етіп отыр деп айта аламыз. Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп саласында 500-ге тарта отандық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында жиі халықаралық көрмеге шыққан қазақстандық тауар өндірушілер сырттан тапсырыс алып, өзінің өткізу нарығын да кеңейтуде. Сырттан сұраныстың болуы Қазақстанда жасалған тауардың сапасы мен бағасы – бәсекеге қабілетті деген сөз. Мәселен, «Семирамида» ЖШС-ін алатын болсақ, олардың өндіріс көлемінің 20 пайызы ресейлік тапсырыспен толығып тұр. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Қазақстандық тоқыма өндірісі де өз сапасымен тұтынушыларын тауып жатыр. Қалай дегенмен де, жеңіл өнеркәсіп саласында сең қозғалды. Бұл бізді қуантады. Егер қазір еліміздің тігін және тоқыма кәсіпорындары ішкі сұраныстың 10 пайызын қамтып отырса, оны 2014 жылға дейін 30 пайызға жеткізе аламыз деп ойлаймыз. Мұндай мақсат салалық бағдарламада нақты көрсетіліп, соған байланысты қабылданатын шаралар да түрлі ведомства деңгейінде талқыланған.
Жоғарыда аты аталған киім-кешек өндірісі компаниялары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында түрлі қолдауға ие болған. Бірі жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, бірінің мамандары мемлекет бөлген ақшамен шетелдің киім-кешек сауда-саттығы тілін меңгеріп, білігін арттырған. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаның белсенді қатысушысының бірі – «Семирамида» ЖШС-ін алатын болсақ, аталған тігін фабрикасы таяуда Алматыда дүкен желісін ашты. Бутик «show-room» форматында ашылған: яғни тұтынушы дүкенге келіп, тура сол жерде өз өлшеміне сай киім тігуге тапсырыс бере алады. Өйткені дүкен ішінде компания өнімдерімен қатар, конструкторлық цех орналасқан, ол арадан тігінші, шеберлер мен дизайнерлерді де таба аласыз. Мұнда 70 адам жұмыс істейді. 2011 жылы бұл компания «Даму – Өңірлер ІІ» бағдарламасы бойынша ЦентрКредитбанкінің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізді. Бұл қаражат негізінен технологияны жаңартуға, нақтырақ айтқанда, тігін цехына «Гербер» америкалық фирмасының киімді автоматты жобалау жүйесін орнатуға жұмсалған. 2011 жылы компания Ресей нарығына шығып, Новосібір қаласына өз өнімін өткізуге жол ашқан. Кейіннен компания «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Жаңа бизнес бастаманы қолдау» атты бірінші бағыты бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды. Жаңадан бөлінген осы қаржы ресурсының арқасында компания ЦентрКредитбанкі алдындағы жылдық өз міндеттемісін 3 пайыз сыйақы мөлшерлемесі деңгейіне дейін төмендетуге қол жеткізген.
Ләззат Ибрагимова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы:
– Бүгіндері еліміздің қайта өңдеу секторында 12 мыңға тарта кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі 1479 компания, яғни 12,3 пайызы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысқан. Дегенмен бағдарламаның аяғына, яғни 2020 жылға дейін бұл көрсеткіштің төрт есеге артатындығы болжанып отыр. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар. Соның ішіндегі бірегейі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Онда тақырдан басталған бизнес жобаларды жүзеге асырудың, оны дамытудың кешенді шараларымен қоса, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің, топ-менеджерлерінің білігін шетелде арттыру да қамтылған. Мұндай қолдаудан отандық жеңіл өнеркәсіп саласы да қалыс қалған емес.
Наталья Ахшабаева, «Семирамида» ЖШС-нің директоры:
– Біз бұл жетістікке бір күнде қол жеткізгеніміз жоқ. Аталған нарықта жүргенімізге 15 жылдан астам уақыт өтті. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы, «Даму» қоры арада делдал болып, саламыздағы кешенді мәселе шешіміне қатысты өтініш пен ұсынысымызды құзырлы орындарға жеткізуде үлкен рөл атқарды. Былтыр біз Мәскеудегі халықаралық жәрмеңкеге қатыстық, сөйтіп, киім топтамаларымыз сапасы жағынан бірінші орынға ие болды. Сол арада ресейлік компания тарапынан бірқатар тапсырыс келіп түсті. Сол бәйгеге қатысып отырған неміс әріптестеріміз де: «Тек ТМД емес, өнімдеріңіз Еуропа нарығына жол тартуға тұрарлық», – деді. Бұл – біз үшін ең жоғары баға. Экспорт жолын кеңейтіп, қазақстандық киім-кешек брендін шетелге таныту туралы алға қойған мақсатымыз да бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген қаржылық ресурстарға ие болдық, сөйтіп, техника-технологиямызды жаңарту арқылы киім сапасын да мықтап, бизнесімізді кеңейтуге мүмкіндік алдық.
Сондай-ақ мамандар бүгіндері әскерилерге арналған киім-кешек тапсырысын отандық компанияларға беру туралы билікпен шешім шығарылғанын айтады. Осыған байланысты салалық қауымдастық мемлекеттік тендерге қатысатын компания тізімін де түзіп жатқан көрінеді.
Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:
– Қазақстанның пагон секілді әскери белгілері бүгіндері Қытайдың базарында самсап тұр. Көргенге ұят! Қауіпсіздігіміз үшін әскери киімдерді тігіп шығаруды отандық компанияларға беру керек. Осыны айтып, талай уақыт түрлі ведомства табалдырығын тоздырдық. Ақыры нәтиже бар секілді. Таяуда әскери құрылым басшыларынан, дизайнерлерден, тігіншілерден, салалық ведомства өкілдерінен арнайы комиссия құрылмақшы. Олар қандай отандық кәсіпорын бұл тапсырысты қабылдап алатынын анықтамақ.
Яғни, таяу болашақта әскерилерге де арналған киім-кешек шығаратын жергілікті бренд анықталмақ. Осы жағынан алғанда, бертінге дейінгі шенеуніктердің еліміздің жеңіл өнеркәсібіне деген жеңіл көзқарасы жойылып, түрлі деңгейде бұл салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау киім-кешегіміздің ұлттық брендтерін ақырындап айқындай бастаған секілді деп түйін жасауға болатын тәрізді.
Киім-кешектің ұлттық брендтері айқындала бастады
Последние статьи автора