Осыдан аттай 178 жыл бұрын, 1833 жылы қазіргі Қарағанды қаласының орнында Апақ Байжанов суыр інінен қазып алған жанатын тастың арқасында осы өңірдің болашақ тарихының алғашқы іргетасы қалана бастап еді. Бұл туралы қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафин «Оянған өлке» романында «Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Апақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас – көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін әкесіне әкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, арғы жағы сіресіп жатқан тас көмір екен...» деп жазған. Иә, сол жанатын тастың арқасында Қарағанды қаласының іргесі қаланды, аймақта шахталар, металл өңдейтін алып кәсіпорындар салынды. Бір сөзбен айтқанда, Қарағандының қала мәртебесін алуына, көмірдің, оны өндіретін кеншілердің тікелей қатысы бар. Ал сөйткен кеншілерді Қарағанды жұртшылығы өз дәрежесінде қадірлей ала ма?
Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қарағандының оңтүстік-шығыс тұрғын аймағындағы бас көшелердің бірі саналатын Шахтер даңғылының тең жартысы айдың күні аманда Язев атындағы көше боп ауыстырылды. Е.Бөкетов атындағы Мемлекеттік университеттің бас ғимаратына тірелетін даңғылдың бел ортасына В.Язевтің ескерткіш-бюсті қойылды. Кеншілер тұрғызған қазақтың үлкен қаласындағы даңғылдардың бірін «басып алатын» В.Язев кім еді? Сөйтсек, кеңестік кезеңдегі құрылыс прорабы екен, бар болғаны. Балқаш қаласының құрылысы мен құрылымы керемет жасалған деп ешкім айта алмас еді қазір. Зауыт түтініне тұншыққан қала салғаны үшін, кеншілер қаласын 20 жыл ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған прораб үшін бір даңғыл бере салатын жомарт екенбіз. Алаш арыстары мен алыптарымыз көше түгіл, тұрған үй, туған топырағына ескерткіш-белгі қимай жүріп, қайдағы бір прорабқа кеншілер көшесінің жартысын кесіп алып бердік. Осы бір ғана мысалмен Қарағанды басшылығы кеншілерді қалай қадірлейтінін аңғартып еді.
Мұның сыртында, Қарағандыда әлі күнге дейін кеншілерге арналған мұражай да жоқ. Жалғыз ескерткіш және мәдениет сарайы бар. Сонымен бірге, кеншілер астанасындағы Жаңа Майқұдық мәдениет сарайында кеншілерге арналған шағын ғана бөлме бар.
Қарағандыда кеншілерге арналған мұражай болса, артық емес еді расында. Ол мұражайға қойылатын экспонат та жеткілікті: кеншілердің ескірген құрал-жабдықтары, киімдері мен керек-жарағы әр шахтадан, әр кәсіпорыннан табылар еді. Шахталар ашылғаннан бері апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің тізімі, рекордтар тізбесі, кеншілер туралы кітап-мақалалар, шахта-забой макеттері, кен машиналарының үлгілері... Экспонат сыйдыра алмай қалар ек, тіпті. Тек мұражай ашу ғана жетіспейді. Кеншілерге арналған мұражайға алып ғимарат тұрғызып, шығынға батпас та едік. Шынтуайтында, қала маңындағы ескі шахта забойларының бірін тазалап, қауіпсіз қалыпта қайыра жабдықтап, кіреберісінен төріне дейін кенші еңбегінің қиындығы мен ерекшелігін сездіретін мұражай жасауға болар еді ғой...
Әлбетте, кеншілерге арналған мұражай ашу керек деген ойды текке қозғамағанымыз анық. Бұл, ең әуелі жастарды еңбек арқылы отансүйгіштікке, салауаттылыққа тәрбиелеуге таптырмас құрал болар еді. Оқу орындары үшін таптырмас жорық нысаны болар-ақ еді. Алыс-жақын шетелдерде кеншілерге арналған мұражайларды шетелдік туристер таңғала тамашалайтын орын ретінде ерек насихаттайды. Бұл – біз үшін де елге турист тартудың бір себебі бола алар еді.
Кенші еңбегіне деген құрмет – адам жасампаздығына, туған өлке тарихына деген тағзым болары анық.
Наталья ТОМИЛОВА, «Шахтер отбасы» қоғамдық қорының төрайымы:
– Қарағанды – кеншілер астанасы деген атауға сай болуы үшін бұл өте керек шаруа! Мен біраз жыл бұрын Германияда болдым. Немістер бұрынғы шахта орнынан тамаша мұражай жасап қойғанын көрдік. Керемет! Кенішке түсетін лифтімен мұражайға енесіз. Бәрін аралап көргенде, жер астындағы еңбектің ерекше лебін сезесіз! Ұрпақ үшін таптырмас тәрбие құралы бұл! Біздің шахталардың әрқайсысында шағын мұражай бұрыштары бар. Бірақ ол қала көлеміндегі үлкен мұражай емес қой. Егер кеншілерге мұражай ашуға талпыныс жасалса, біз қуана қол ұшын берер едік.
Керек дерек
Ресейдің, Украинаның бірнеше қаласында кеншілерге арналған мұражайлар баршылық. Жалпы, көршілес елдерде кеншілерге арналған 100-ге тарта мұражай бар.
Кузбасс қаласындағы №25 орта мектепте «Кенші даңқы» мұражайы ашылғанына 35 жыл болған.
Боливияның Оруро қалашығында кеншілерге арналған этнографиялық мұражай ескі кеніштің өзінде орналасқан. Мұнда жылына мыңдаған турист арнайы келеді екен.
Қарағанды облысында үлкенді-кішілі 20 мұражай жұмыс істейді. Олардың бірі – Қарсақпай кентіндегі мыс балқыту және металлургия ісіне арналған мұражай.
Қарағанды мұражайларына жыл сайын, орта есеппен, 400 мың адам бас сұғады екен.