Келер жылдан не күтесіз?
Халық арасында «қойдан жуас», «қой аузынан шөп алмас» деген теңеулер жиі қолданылады. Бұл қой жануарының момақан, көнбіс екендігін білдіреді. есіктен енгелі тұрған қой жылының қысы қытымыр емес, жылы, жазы жайлы болады деген сенім бар. Лайым, жаңа жыл жағымды жаңалықтарымен қуантып, мемлекетіміздің іргесі берік болғай!
Қой. Бала-шағасы бар ата-аналар үшін бұл жыл ерекше түсіністіктің жылы болмақ. Егер жаныңызды жегідей жейтін мәселелер пайда бола бастаса, оны тез арада шешуге тырысыңыз. Мазасыз тіршіліктен бас тартыңыз да, өзіңізге көңіл бөле бастаңыз. Жұрттың қамын жеп, қамқорлық жасау сіздің ғана маңдайыңызға жазылмаған. Жұмысыңыз кедергі келтіріп жүрген болса, демалыс алыңыз. Алғашқы жарты жылдықта мұндай өзгерістерді қабылдау қиын болғанымен, жаз айларынан бастап бәрі де қалпына түседі. Бұл – жеке және қоғамдық өмірге де, жұмысқа да қатысты айтылған болжам. Ал тұрмыс құрмаған жастар шаруаның астында жүремін деп, ата-анаға қамқорлық жасауды ұмытпасын.
Мешін. «Жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес» деп бабаларымыз айтқандай өзіңізді, өмірдегі орныңызды, сүйген жарыңызды, мақсатыңызды іздеуді жалғастырыңыз. Айналаңыздағылардың сенімсіздіктеріне, мағынасыз әңгімелеріне назар аудармаңыз. Қайнап жатқан қазанның бетін жауып, мақсатқа жеткізер тура жолды таңдайтын уақыт жетті. Сәттілік сіздің жағыңызда. Қысқасы, осы жылы асқан белсенділік танытыңыз. Сонымен қатар, оқу орнын, жұмысыңыз немесе тұратын қалаңызды ауыстырғыңыз келіп жүрсе, қой жылы ең ыңғайлы кезең. Жақсы қызметке ие болу немесе қаржылық жағдайыңызды жақсарту туралы мақсат-мұраттарыңыз толығымен орындалады. Жалпы, келер жылғы ең үлкен жетістік иегерлері – шығармашылық адамдары екен.
Тауық. Жаңа жылдағы өзгерістер қаңтар айынан-ақ басталады. Бойыңызда бұрын-соңды болмаған күш пайда болып, белсенділігіңіз артады. Осы талпынысыңыз арқылы біршама жетістіктерге жетесіз. Адамдарға деген қарым-қатынасыңызға көңіл бөліңіз. Ойыңызда қосымша білім алу жоспары жүрген болса, уақыт созбастан, дәл осы жылы құжаттарыңызды тапсырыңыз, арты сәттіліктерге толы болмақ. Елімізге білгір мамандар әрдайым қажет болады. Бұл жыл маңызды әрі елеулі оқиғаларға толы екенін ұмытпаңыз. Екінші жарты жылдықта міндетті түрде демалыс алатын болыңыз. Әдетте демалыс кезінде орын алатын үй жөндеу жұмыстарына кірісуге асықпаңыз. Өзіңізді сынап көріңіз және кәсіби өсу мен биік жетістіктерге жеткізер қадамдарды қорықпай жасаңыз.
Ит. 2015 жыл сіз үшін сәтті өтпек. Әлемде, елде болып жатқан жаңалықтардан қапы қалмай, өз пайдаңызға қолданыңыз. Өйткені сіздің шығармашылық белсенділігіңіз күннен-күнге артып келеді. Қой жылында алға қойған мақсаттарыңыздың көпшілігі орындалады. Сізді бизнес жолында көптеген табыстар күтіп тұр. Сондықтан өмірлік жоспарларыңызды тағы бір айқындап алыңыз. Үйіңізге және отбасыңызға көбірек уақыт бөліңіз. Жылдың алғашқы жартысында мансабыңыз өспек. Мақсаттарыңыз бен армандарыңыз бірте-бірте орындалып жатса, таңғалмаңыз. Өйткені бұл – сіздің жылыңыз. Қыс айларында жұмысыңыз алға басады. Сүйген жарыңызбен қосылып, берік отбасын құруыңыз мүмкін.
Доңыз. Өз өміріңізді қалай көргіңіз келсе, оны жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Сіз үшін қой жылында бизнес саласында оңтайлы жауаптар табылып, сәттілік серік болғалы тұр. Көктем – таңғажайып романтикаға толы кездесулер мезгілі. Қой жылы сіз үшін сезімге ерік беретін жыл болмақ. Егер әлі отбасын құрмасаңыз, іске кірісіңіз. Сәтті кездесулер үйлену тойына дейін апарады деген болжам бар. Жігітке жетпіс өнер де аз. Сондықтан көктемде, әсіресе сәуір айында жұмысыңызға ерекше көңіл бөлесіз. Маусым айынан бастап карьераңыздың өсуіне жол ашылмақ. Сонымен қатар, басқа жақтан ұсыныстар келіп түсуі мүмкін. Бәріне жауапкершілікпен қараңыз. Егер жеке бизнесіңіздің алға басқанын қаласаңыз, онда барлық сәттілікті күз айларында күтіңіз.
Тышқан. Қой жылы сіз үшін ең сәтті жыл болғалы тұр. «Қыз еркем кестесімен көркем, ұл еркем өнерімен көркем». Қайсар жан екеніңізді естен шығармаңыз. Кез келген маңызды және қиын жұмысты еш қорықпастан бастап кете аласыз. Сіз үшін, әсіресе, жылдың екінші жартысы табысты болмақ. Алғашқы жарты жылдықта көп уақытыңызды отбасыңызға бөліңіз. Сонымен қатар қой жылында оқуға, саяхат жасап, демалуға көптеген мүмкіндіктер туады. Мүмкін емес деген нәрселердің өзін еш қорықпастан армандаңыз, биыл сол армандар орындалатын сәтті жыл болмақ. Шешім қабылдауда шорқақтық танытпаңыз. Жаңа жылға жаңа деммен, жаңа мақсатпен қадам басыңыз.
Сиыр. Осы жылы көптеген мәселенің түйінін оңтайлы шешесіз. Сондықтан да төрімізге шыққалы отырған қой жылында жұмыста да, үйде де көптің назарында боласыз. Қазақ халқымызға дарыған қасиет қонақжайлығыңызды көрсетіңіз. Әріптестеріңізді, туыстарыңызды, жора-жолдастарыңызды ренжітіп алмауға тырысыңыз, арты жақсылыққа апармайды. Бұл жыл сізден еңбекқорлықты, төзімділік пен сабырлылықты күтеді. Тамыз, қыркүйек айларында өміріңізге елеулі өзгерістер енгізуден қорықпаңыз. Себебі, қараша айында сізді өте жағымды жаңалық күтіп тұр. Дәл қазір сіздің мәртебеңіз жеткілікті дәрежеде биік, сондықтан әріптестеріңіздің арасында көшбасшы болуға мүмкіндігіңіз бар. Тек теріс мінездеріңізді көрсетіп қойып жүрмеңіз.
Барыс. Бұл жылы бірінші кезекке отбасы мен үй шаруасын қойған дұрыс болады. Белсенділігіңізді қоғамда емес, шаңырағыңызда көрсетіңіз. “Аймалайтын анаң қымбат, асқар тауың әкең қымбат” деп бекер айтылмаған. Жылдың ортасы мен соңында жан дүниеңізде көптеген өзгерістер болуы мүмкін. Бірден жоғарыға ұмтылудың қажеті жоқ, алдымен өзіңізге не керек екендігін анықтап алыңыз. Жаңа үй тұрғызуға не ескі үйіңізде жөндеу жұмыстарын жасауға кіріссеңіз жөн болар еді. Осылай күшіңіз жұмысқа да, үй шаруасына да жетерлігін дәлелдеңіз. Қой жылында жеке өміріңізде келеңсіз жағдайлар бола қоймайды. Жыл басталысымен-ақ өзіңіздің басқаға керек екендігіңізді сезініп, бақытты күй кешесіз. Бұл жыл БАҚ-та жұмыс жасайтын Барыстар үшін қолайлы болмақ.
Қоян. Келер жыл сіз үшін ең бақытты жыл болғалы тұр. Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық — он саулық. Тек ретімен шатастырып алмаңыз. Сонда бәрі де дұрыс болады. Оптимизмнен қашпай, тек позитивті күн кешуге тырысыңыз. Жаныңыздағыларды таңдандырып, тек күліп жүріңіз. Жалғандықтың еш керегі жоқ. Бәрінің тек шынайы болғаны дұрыс. Егер балаларыңыз болса, оларға көп уақытыңызды жұмсаңыз. Сіз шығарып салған жылдан қалған сенім келер жылы біраз істің басын қайырып тастауға жетеді. Шектен тыс өркөкіректік танытудан сақтаныңыз. Егер бұл мінезіңізге бой берсеңіз, біраз жақсы адамдармен байланысыңыз үзіліп қалуы мүмкін.
Ұлу. Жүрген ортаңызда мерейіңіз үстем болып, дәрежеңіз арта түседі. Ең бастысы, басқаны тыңдаудан бас тартпаңыз. Дәрежеңіздің көтерілуі соған байланысты. Мынау есіңізде болсын: Қой жылында қиылған некенің ғұмыры ұзақ та, баянды болмақ. Сондықтан бойдақ жандар ойланғаны абзал. Қандай қиындық болмасын, сіз жеңе аласыз, соны ұмытпаңыз! Жылдың алғашқы жартысы тынымсыз болғанымен, екінші жарты жылдықта байсалды өмір кешесіз. Жаныңыз қалаған іспен шұғылданыңыз. Махаббат мәселесінде анау айтқандай қиындық болмайды. Күз айы жұмысыңыздың өрге басар мезгілі дей беруге де болады. Сіз өз биігіңізге асықпай, аяңдап жетесіз. Тек наурыз айында өзіңізді қай істе көргіңіз келетіндігін анықтап алып, сол бағытқа қарай жүргеніңіз жөн.
Жылан. Арманға жету үшін жеңіл жолды таңдау оңай болғанымен, одан түк шықпайтынын түсініңіз. Бұл жыл сізден төзім мен ақылды қажет етеді. “Дәнді шашпа, нанды баспа” деген сөздің жаны бар. Жыл бойы сіңірген еңбегіңіздің жемісін қараша айында көретін боласыз. Тәуекелге бел буып үйреніңіз! Күштілер мен тәуекелшілдерді таңғажайып сыйлықтар күтіп тұр. Бастысы, өзіңізге нақты ненің керек екендігін білу. Егер іске құлшыныспен кірісер болсаңыз, ол міндетті түрде жемісті болады. Екінші жартыңыз сізді үнемі қолдап, құлшынысыңызды арттырып отырады. Қараша айында өміріңізде айтарлықтай оң өзгеріс болады. «Баламен дос болсаң, бала боларсың, қариямен дос болсаң, дана боласың». Жоспарды қаңтар айынан бастаңыз, ең белсенді уақытыңыз - қазан мен қараша айлары.
Жылқы. Сіз осы уақытқа дейін жақындарыңызға үнемі қамқор болып келдіңіз, енді өзіңізді ойлайтын кез келді. Жаңа жылда көптеген саяхаттар күтіп тұр. Ой-өрісіңіз, біліміңізді кеңейте түсесіз, жұмысқа керек тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Білгеніңізді басқамен бөлісуде тартынбаңыз, ұжымға бірігіп істеген жұмысыңыз жемісті болады. Әсіресе мамыр айында менмендік қасиетті тізгіндеп ұстауға тура келеді, бұл қасиет жақсылыққа апармайтынын түсініңіз. Жұмыста қиындықтар туып жатса, әңгіменің басын ашып, бәрін тек бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. Егер сабыр сақтасаңыз, сіздің ұйымшыл топ құруға мол мүмкіндігіңіз бар. Барлық жұлдыздар сізге махаббат жолында көмектесуге әзір. Жұлдыздардың жорамалынша, жыл соңында сізге қамқор және еңбекқор адам жолығады.
www.halyk-gazeti.kz