«Келбеттің» де өзіндік келбеті бар
Ұлт санасына серпін берген «Қазақстан» телеарнасы бүгінде көрермен қауымды тың жобалармен қызықтырып, төл туындыларымен эфир аясын кеңейтіп келеді. Әрине, жаңа әрі сауатты тележобалардың көп болғаны жақсы. Сонымен бірге өз көрерменін тапқан, ой салары да, айтары да бар тұрақты бағдарламалардың орны бөлек. Солардың бірі – ұлттық арнадағы «Келбет». Біз үш жылдан астам тарихы бар бағдарламаның продюсері Жаңыл Асылбековамен аз-кем әңгіме құрып, аталған жоба төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Жаңыл Мәмежанқызы, бүгінде «Келбет» бағдарламасынан еліміздің сан саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың өмірбаянымен жақын танысуға мүмкіндік бар. Әдебиет, заң, экономика, медицина тағы басқа салаларда беткеұстар аға-апаларымыз туралы туындылар өз көрерменін тапты деп айтсақ та болады. Дегенмен осы «Келбеттің» кейіпкерлеріне айналған аға-апаларымыздың ізін басуға лайық жастар бар ма? Бар болса, Қазақстанның кешегі, бүгінгі емес, келешек келбетіне көз жүгіртіп, сондай дара таланттар туралы бағдарламамен ұштастырса қалай болар еді?
– «Келбет» бағдарламасының көтеріп отырған жүгі де, алдына қойып отырған мақсаты да – елімізге еңбегі сіңген тұлғаларды насихаттау. Оны көрермен ретінде байқағаныңыз, бізді қуантады. Негізінде, бұл бағдарламаға қатысушы кейіпкердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Яғни өзіңіз көріп жүрген аға-апаларымыздың ізін басып келе жатқан жас ұрпақ ұлтқа еңбегі сіңіп жатса, олар да бағдарламаның кейіпкері бола алады. Бірақ елге еңбек сіңіру бұл бір күннің шаруасы емес қой. Оның үстіне, өмірден көріп-білгені, жалпы, белгілі бір тәжірибенің болғаны дұрыс. Ал бүгінгі «Келбеттің» негізгі міндеті де соған саяды, ол – өмірден көргені көп, түйгені мол тұлғалардың өмірлік жолын ашып көрсету. Себебі өзіңіз айтып отырғандай, ел мәдениетіне, өнеріне, білімі мен ғылымына еңбегі сіңген ұлт зиялыларының өсуі, олардың жүріп өткен жолы кім-кімге де қызықты болатыны сөзсіз.
Қазіргі күйбең тіршілікке көз жүгіртіп қарасақ, адам көп жағдайда тек бүгінгі күнмен, қазіргі уақытпен ғана өмір сүріп жатқанын көресіз. Ал біздің кешегіміз бар емес пе?! Болашақтың қазығын қаққандар да сол аға-апаларымыз емес пе?! Оларды қалай ұмытасың?! Сондықтан біз ұлт намысын қорғаған, халқымызды әлемге танытқан өз саласының нағыз майталмандарын насихаттауды бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде белгіледік. Солар арқылы елдігімізді дәріптеуді көздейміз.
– Осы уақытқа дейін сіздің бағдарламаңыздан елімізге еңбегі сіңген біраз азаматтарымыздың өмірбаянына қанық болдық.
– «Келбет» бағдарламасы эфирге шыққалы бері үш жылдан астам уақыт өтті. Халық жазушысы, әйгілі Әзілхан Нұршайықов, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланова, Халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев, КСРО Батыры Сағадат Нұрмағамбетов, Халық әртісі, күйші Қаршыға Ахмедияровтай аға-апаларымыз бағдарламаның алғашқы қонақтары болған. Осы кісілердің шыққан биігі, жеткен жетістігі әрбіреуімізге – үлкен үлгі, өшпес өнеге. Одан бергі уақытта 97-ге келіп, бір ғасырды өз көзімен көрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымының докторы Камал Ормантаев, Халық әртісі Гульвира Разиева, КСРО-ның, Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова тағы басқа майталмандар туралы бағдарлама дайындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ағамыз туралы бағдарламаға ризалығын білдірген жұрт телефонға тыныштық бермеді. Ол кісінің бала кезіндегі ұшқыш болам деген арманына қалай қол жеткізгені, қабырғасы қатпай жатып қара жұмысқа жегілгені, анасына деген қамқорлығы, тіпті кейін ержетіп, әскерде жүрген кезінде қатты науқастанып жатқанда, радиодан Бибігүл апамыз салған қазақ әнінен қуат алғандығы туралы әңгімесі көрермен қауымды қатты қызықтырды. Бағдарламаның қай-қайсысын алсаңыз да, өзіміздің ортамызда жүрген аға-апаларымыздың қайсарлығына, солардың ерік-жігерінің мықтылығына риза боласыз.
– Өзіңіз үшін «Келбеттің» кай шығарылымы есіңізде ерекше қалды?
– Әрине, бағдарламаның басы-қасында жүргеннен кейін ешқайсысын бөле қарауға болмайды. Дегенмен түсірілім барысында кейіпкеріңді басқа қырынан көретін кездер болады. Жақында эфирден өткен бағдарламаларға көз жүгіртсем, жазушы Бексұлтан Нұржеке туралы хабар түрлі оқиғаларға толы болды. Ол кісімен бір жылдан астам уақыт келіссөз жүргізілген болатын. Шығармашылықпен айналысып жүргендіктен қолы тимей жүрді. Мен де өз ұсынысымды алға тарта бердім. Маусым айының соңында түсірілімге келістік. Қаламгердің өз сөзімен айтқанда: «Менің келбетім – менің туған жерім. Көргілерің келсе, жүріңдер», – деді. Біз де асай-мүсейімізді артып соңынан ере бердік. Туған ауылына барып, балалығы өткен жерді бейнетаспаға түсірдік, сыныптастарымен кездестік. Ол кісінің балалық шағы өткен сонау өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған қоржын там үйдің белағашы майыса бастағанымен, әлі де қалқиып тұр екен. Біз өзіміз де таңғалдық. Қаламгер сол үйде өмірде ең жақсы көрген жандары – о дүниелік болған ата-әжесін еске алды. Одан ары қарай Белжайлауға бет алдық. Тарихи оқиғаның куәсі болған Орбұлақты, әлі де зерттелмеген балбалтастарды өз көзімізбен көрдік. Түсірілім жұмыстары аяқталғанда қаламгер: «Келбетім қалай екен?» – дейді. «Келбетіңіз келісті екен» деп, түсірілімнің сәтті өткеніне біз де риза болдық.
– Сөз соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... Көрермен қауымды қандай кейіпкерлер күтіп тұр?
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қалыптасқан заңдылық бар. Сондай заңдылықтардың бірі – бір жылдың жұмыс жоспарын алдын ала бекіту. Көркемдік кеңеске берілетін ұсыныс аз емес. Бірақ, жоғарыда айтып өткендей, келбеті келіскен кейіпкерлер туралы ғана бағдарлама дайындау жылдық жоспарға енеді. Содан кейін журналистік зерттеу, түсірілім жұмыстары, монтаждау, дыбыстау басталады. Жақын арада, дәлірек айтсам, желтоқсан айының соңғы аптасына ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымының докторы, профессор Серғазы Мыңжасарұлы Әдікенов туралы «Келбет» бағдарламасын эфирге шығару жоспарланып отыр. Ол кісінің Қазақстандағы фитохимия саласын дамытуға сіңірген еңбегі ерекше. Қазақтың кең даласында өсетін кәдімгі жусаннан қатерлі ісікке қарсы тұратын дәрі-дәрмек жасаудың өзі – үлкен жетістік. Бұған бүкіл әлемнің назары ауып тұр. Тәубе дейік, елімізде мұндай тұлғалар да баршылық. Сондай-ақ Қазақ қыздар педагогикалық университетінде 16 жыл ректор болған, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызы туралы бағдарлама дайындалуда. Сонымен қатар КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, әлем чемпионы, әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, 24-25 Олимпиадалық ойындардың күміс, қола жүлдегері, палуан, грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыхановтың да «Келбетін» көре аласыздар. Жалпы, барлық жоспарды алдын ала жайып салуды өз басым дұрыс көрмеймін. Эфирде тұрған бағдарламаға екі апта бұрын анонс дайындалып, үнемі беріліп отырады.
– Көрерменге тілегіңіз...
– Көрермендерге айтарым, «Келбеттен» көз жазып қалмаңыз, бағдарламаның кейіпкерлері сіздердің араларыңызда жүр!
– Әңгімеңізге рақмет!