Із тастап аққан бір жұлдыз...
Атырауда ақын Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған фестиваль өтті
«Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға». Екі жол өлеңінің өзі данышпанның даналығындай нақыл сөзге айналып кеткен Табылды Досымов көп ақынның бірі емес еді. Атақ пен мансаптан туған жерінің самалын, туған үйінің түтінін биік қойған азамат ақынның өмірден өткеніне де жылдан асты. «Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ем бір тауды» деп арман қылған ақынды туған жері еске алды. Қазақтың тұңғыш бард-ақынының шығармашылығына арналған аймақтық фестиваль жоғары дәрежеде өтті. Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Орал, Атырау қалаларынан және Қытай Халық Республикасынан келген фестивальге қатысушылар алдымен ақын туған топыраққа – Индер ауданына барды.
«ДЕНДЕРІМ-БАЙТАҚ МЕКЕНІМ»
Киелі өнердің шырағын бірге жағып жүрген дос-бауырлас, сырлас-сыйлас жандар үшін араларының сиреп қалғаны үлкен өкініш. Еліміздің әр аймағынан Табылды Досымовтың өнерін құрметтеп Индерге жиналған фестиваль қатысушылары ақынның шаңырағына бас сұғып, бата-тілектерін арнады. Мұңлы күйінде мүлгіп тұрған мазарының басына барып, дұға оқыды. Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Серік Арыстан елі тау тұлға атап кеткен Табылды Аяшұлын еске алуға арналған фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл күні Борат мәдениет үйінің сахнасы гитараның сазды әуеніне толды. Қонақтармен бірге аудан өнерпаздары да Табылды әндерін шырқады. Ақынның көзін көрген замандастары естеліктер айтты.
ҒҰМЫРЫНЫҢ БАЯНЫ БОЛҒАН БІР КІТАП...
«Кеткенде келмес сапарға, хабарсыз, ізсіз, қалмасам екен жоқтаусыз», – деген Мұқағалидың арманы – бар ақынның көкейіндегі ой. Іздеушісі жоқ ақынның соры үлкен. Бұл тұрғыдан алғанда Табылды Досымов сөзсіз, бақытты. Өйткені оның жоқтаушылары көп. Көзін көрген, азаматтығын ардақтаған дос-замандастары мен үзеңгілестері бір төбе. Белгілі жазушы Жұмабай Құлиев пен республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, журналистер Қаншайым Байдәулетова мен Тәуірбек Жұмабергенұлы дайындаған «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты ғұмырнамалық кітап ақынды еске алу кешіне тамаша тарту болды. «Ұнатамын мен сені», «Жанарымның жарқылы» атты ақынның жыр жинақтары мен сұхбаттары, замандастарының естеліктері, ой-толғамдары, арнау өлеңдер топтастырылған кітаптың тұсаукесерін жасау құрметіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Атамұра» баспасының директоры Рахымғали Құл-Мұхамед ие болды.
Ақын мұрасының жанашыры болып жүрген бір азамат – «Табылды Досымов» қорының директоры Бижан Қалмағамбетов қазақ әдебиеті мен өнеріндегі Табылды Аяшұлының қайталанбас қолтаңбасын лайықты пайымдауға жол ашу төңірегінде жұмыстанып жатқандарын айтты. Ақын шығармашылығын мектеп оқулықтарына, «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізу, деректі фильм түсіру, көше атын беру, жыр жинақтарын шығару, мұражай ашу сынды біраз игілікті істер де – болашақтың еншісінде.
«ҚЫР БАЛАСЫ ҚОЛ СОЗАДЫ АСПАНҒА»
Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған аймақтық бард-ақындар фестивалі осылай аталды. Ақынның өмірі мен өлеңінен айшықталған моноқойылым көзі тірісінің өзінде аты аңызға айналған Табылды тұлғасын биіктете түскендей әсер қалдырды. Бір шындық – Табылды негізін қалаған бардтық өнер бүгінде ел арасына дендеп енді, Табылды мектебі қалыптасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Қытай Халық Республикасынан келген бард-ақын, әншілер – осының айғағы.
Ақын есімінің туған жерінде ардақталуына ұйытқы болған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов шара шымылдығын ашып, бұл фестиваль енді екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтып қуантты. Сондай-ақ Табылды ақын туралы естелігімен бөлісіп, өзі соңғы жазған өлеңін де оқып берді.
Ғұмырнамалық кітапты шығаруға демеуші болған «Атамұра» баспасы.
Рахымғали Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:
– Бүгін біз сіздермен бірге айтулы ақын, белгілі бард-әнші, сазгер, жырау Табылды Досымовты еске алу кешінде бас қосып отырмыз. Бүгінгі кешімізге Табылды өнерінің жанкүйерлері, ағайын-туыс, дос-жараны Табылдының туған жерінде Қазақстанның әр түпкірінен келіп, қолдарынан келгенше дара дарын иесіне өз құрметтерін көрсетіп, жақсы естеліктер айтуда. Расында да ата-бабаларымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді тегін айтпаса керек. Кейбіреулеріңіз «Бұл Шығыс Қазақстанда туған азаматтың Табылдымен қандай байланысы бар екен, немесе Табылдының кітабына демеуші болғандағы мақсаты не?» деп ойлауларыңыз мүмкін.
Жалпы мен Табылдыны көзі тірі кезінде жақсы таныдым, онымен жақын араластым деп айта алмаймын. Бірақ мен Табылдымен замандас болдым, бір оқу орнында білім алдық. Мысалы, ол ҚазМУ-ге 1982 жылы түсіп, 1990 жылы бітірді. Ал мен 1989 жылы ҚазМУ-дің бірінші курсына қабылдандым. Ол журналистика факультетін бітірді, мен философия және социология факультетін бітірдім. Тоқсаныншы жылдары Табылды әндері хит немесе студенттер гимніне айналып тұрған кез болатын. Әсіресе – сөзі мен әнін Табылдының өзі жазған, «Астананың аруы», Фариза апайдың сөзіне жазылған «Қыз махаббаты», Мұқағалидің сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» т.б. әндерінің осы кезде студенттер мен жастар жиналған жерде жиі шырқалатын кез болатын.
Мен осы әндерді бірінші курсқа қабылданған соң ауыл шаруашылығына көмектесуге барғанда Қостанай жерінде жүріп естідім (кейіннен Табылдының да студент кезінде 1986 жылы тура осы жерде, Боскөлде жұмыс істегенін білдім). Жатақханада тұрған кезімізде де, студенттердің әртүрлі жиын кештері өтетін 5-ші жатақханадан мен Табылдыны жиі көретін едім. Оның өнері мен дарыны маған сол күндерден бері жақсы таныс еді.
Ал кітаптың шығуына демеушілік жасау мәселесіне келер болсақ, бірде-бір адам маған «Табылдының кітабын шығарып беріңіз» деп өтініш жасаған емес. Керісінше, Табылды өнерінің жанкүйері ретінде, баспагер ретінде Серік Жанболатқа «Табылдының кітабын мен шығарайын» деп өзім өтініш жасадым. Осы үстіміздегі жылы, қателеспесем, қыркүйек айы болатын, «Алаш айнасы» газетінде Табылды туралы жақсы материалдар жарық көрді. Соны оқи сала осы газеттің бас редакторы Серікке хабарластым. Секеңнен ұққаным, Табылдыны еске алу кеші болатынын, оның дискісі шыққалы жатқанын және Табылды Досымов тұралы үлкен кітап дайындалып, соны шығарудың жолдары қарастырылып жатқанын аңғардым да, сол жерде осы кітапты «Атамұра» баспасынан айтқан таралымымен тегін шығарып беретінімді айттым. Ондағы мақсатым, осы кітап арқылы өзіме жеңіл жарнама жасау, немесе бір коммерциялық есебім болған жоқ. Керісінше, осы кітапты шығару арқылы табылды өнеріне, оның талантына, ұлтын сүйген азаматқа деген құрметімді білдіргім келді. Ата-бабамыз: «Күш – білімде, білім – кітапта» деген сөзді бекер айтпаса керек. Ал жарық көріп отырған Тәкеңнің «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты жаңа кітабы туралы айтар болсақ, бір кітапта Табылдының барлық қырын аштық, барлық өлеңдері мен әндерін қамтыдық деп айта алмаймыз, дегенмен табылдытануға, оның өлеңдеріне, еңбегіне, өмір жолдарына зер салып зерттеймін деген зерттеушілер үшін бұл үлкен көмек құралы болары сөзсіз. Мен өзім осы кітапқа тек қана демеушілік жасаумен шектелмей, жинақтың мені баурап алғаны сондай, оның жақсы болып шығуына бар күш-жігерімді салдым. Кітаптың бес бөлімі Табылдының өлеңдерін, әндерін, еңбектерін, күнделігі мен сұхбаттарын қамтыған, содан кейін барып ол туралы естеліктер басталады. Жалпы, баспагер ретінде айтарым, кітаптың ішкі мазмұны қандай терең болса, сыртқы безендірілуі де соған сай, бірін бірі толықтырып тұр деп ойлаймын. Мысалы, көзі қарақты, көкірегі ояу адамға, кітап мұқабасының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Мұқабаға анықтап назар аударсаңыздар, қара гитарасына сүйенген қазақтың қара баласын, оның арғы жағындағы қалың қазақтың сұлбасын көресіздер. Оң жағынан ұлы Абылай, сол жағынан Исатай мен Махамбеттер елес береді.
Сөз соңында айтарым, қазақта «Шөп шыққан жеріне шығады» дейді ғой, Алла қасиетті батыс жерінің астына тек мұнайды ғана емес, жерінің үстіне де небір дарын иелерін – таланттарды, ел қорғаған, ту ұстап, тұлпар мінген батырларды, от ауызды, орақтілді ақындарды молдап берген ғой. Соның бірі Табылды Досымов деп санаймын. Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болса, бұл өңірдің қасиетті топырағы әлі талай таланттарды дүниеге әкелеріне өз басым кәміл сенемін. Сол шынайы таланттарды, өнер адамдарын көзі тірісінде бағалай білейік, ағайын!
Ақын жайлы ақжарма естеліктер ақтарылған кеште «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, жазушы Жұмабай Құлиев, «Қаражорға» ансамблінің жетекшісі Жамали Дихан, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Майра Ғұмаровалар да сөз алды.
Табылдының әндері алыс-жақын шетелдердегі қандастар арасында да танымал. Осы фестивальге арнайы Қытайдан келген Елеусіз Сүлейбекұлы, Орақ Тұрсынбекұлы, Құрмет Қалиоллаұлы сынды әншілер қазақтың тұңғыш бардының шығармашылығын аспан асты елінде насихаттап жүргендерін айтып, әндерін орындады.
Аймақтық бард-ақындар фестивалінде Табылдының кең тынысты, мазмұны бай, мәні терең әндері әуеледі. Саадат Нұрманов, Сәрсенғали Бисенғалиев, Жаскелең Ғайсағалиев, Әбдіхан Есенғалиев, Нағим Сатимов, Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбек, Есенбай Құлиевтар әуелете ән салды. «Қазақтың сары тентегі» атанған қарағандылық Қуаныш Мақсұтовтың өнері көрерменді тәнті қылды. Белгілі әнші, ақын-сазгер Елена Әбдіхалықова «Табылдыға арнау» әнін орындағанда толқымаған адам аз. Шынайы өнердің, шын достықтың көрінісі осындай болар...
Бұл күнгі айтылған естеліктер де, әуелеген әндер де, ақжарма тілектер де Табылды ақын жаққан оттың өшпеуі жайында өрбіді. Артына өлмейтін сөз ғана емес, Абылдай талантты ұл қалдырған Табылдының шырағы сөнуі мүмкін де емес. Абыл Табылдыұлы қазір Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген Абыл да фестиваль барысында әкесінің әніне салды. Ақынның жары Қарлығаш осы шараны ұйымдастырған барша азаматтарға деген алғысын жеткізді. Ақын да адам баласы, тумақ барда өлмек хақ. Тек қасиетті өнер ғана мәңгілік. Табылдының өзі ортаны ойсыратып, о дүниеге аттанса да, артынан іздеп жүрер, еске алып жүрер елі бар. Ол бәрібір бақытты ақын.