Оны қалың көпшілік алғаш Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық» әні арқылы таныды. Тоқсаныншы жылдардың басында «Әнші балапанға» қазақша ән айтып шыққан украин баласы содан бері өнер жолында жүр. Репертуарында тек қана – қазақ әндері. Қазақ жерінде дүниеге келіп, осы елде өсіп-өнсе де оның тілі мен дініне немқұрайды қарайтындар аз емес. Юраның олардан ерекшелігі, әкесі – украин, анасы орыс болса да, өзін таза қазақпын деп есептейді.
– Юрий, сіз қазақ тілінде тіпті осы ұлттың өкілінің өзін жаңылдыратындай, әдемі сөйлейсіз. Қазақтың даналық сөздері мен мақал-мәтелдерін де әжептәуір меңгергенсіз. Заңды сауал туындайды, қазақ тілін қайдан, қалай үйрендіңіз?
– Көзімді ашқалы қалың қазақтың ортасында жүрмін. Сондықтан маған бұл сұрақтың қойылуының өзі артық деп ойлаймын. Әкем мен шешемнің ұлттары өзге болғанымен, мен өзімді толыққанды қазақтың азаматымын деп білемін. Балалық шағым ауылда өтті. Қазақтың ауылындағыдай кеңдік пен дарқандық, жомарттық еш жерде жоқ секілді көрінеді. Кішкене кезімнен көрші тұратын кіндік шешемнің тәрбиесінде болдым. Сол үйдің бір баласындай болып өстім. Кіндік шешем мені ұлтың өзге деп бөлген жоқ, өз ұлдарын қалай көрсе, маған да солай қарады. Ойын қуған өңкей қара сирақ бала жаздыгүні «қойкезекке» шығатынбыз. «Қойкезек» біздің балалық шағымыздың бір тәтті көрінісі болып жадымызда қалды. Бүгінгі балаларда біздің кезіміздегідей балалық жоқ секілді көрінеді кейде. Әке-шешем мені орыс мектебіне берді. Бірақ бәрібір қазақ тілі жаныма жақын еді. Соның дәлелі шығар, күнделігімде орыс тілі мен әдебиетінен қаздай тізіліп «үштіктер» тұратын да, қазақ тілінен «бестен» өзге баға алмайтынмын.
– Тоқсаныншы жылдардың басында өзге ұлт өкілдерінің қазақша ән айтқаны тосын көрінетін еді. Сіз осы кезде сахнаға шықтыңыз, көпке танылдыңыз.
– Ұлтыңыздың украин екені өнерде өрлеуіңізге себеп болған жоқ па? – демексіз ғой.
– Иә.
– Мен олай ойламаймын. Және ешқандай жағдайда да тегімнің бөлек екенін алға тартқан кезім болған емес. Мұны қайталаудан жалықпаймын, мен күні үшін қазақ тілін үйренуге қарекет қылғандардың қатарынан емеспін. Бір кездері «Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдеріне басымдық берілуі және еңбекақыларына сол үшін үстеме қосылуы керек» деген де әңгімелер болды. Сонда мен қазақ тілін білгенім үшін мемлекеттен артық ақша алады екенмін де, орыс тілін, ағылшын, тіпті қытай тілін жетік меңгерген менің қазақ досымның қолы бұған жетпейді екен. Бұлай болмайды ғой! Қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырған адам, мейлі қай ұлттан болсын, Абайдың тілін құрметтеуге міндетті және сол үшін қандай да болсын басымдық алуға тиісті емес.
– Шыны сол, Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылға жуықтаса да, бізде әлі мемлекеттік тілге қатысты мәселе шешімін таппай тұр. Осы орайда сізді де ашындыратын жайттар аз еместей көрінеді.
– Иә. Осыдан бірер жыл бұрын Астанада мемлекеттік тілді қолдау саясатының айналасында фестиваль болып өтті. Сол жерде «қазақ тілін дамыту керек» деп жүрген азаматтардың өздері орыс тілінде сайрап жүр. Бұл менің намысыма тиіп, «Өзіңіз қазақ тілін қолдаймыз деп шара ұйымдастырасыз да, өзіңіз орысша сөйлейтініңіз қалай?» деп қалып едім, «Бұл Атыраудың адамдары осылай тікесінен айтады» деп жылы жымиып, құтылып кетті. Ал менің ішімде ыза қалып қойды. Мемлекеттік тілді қолдау саясаты көз алдау болмаса екен. Өйткені бұл күнге қазақ оңай жеткен жоқ қой...
Өзімнің қазақтармен тілім ғана емес, дінім де бір дей аламын. Құдайға сенемін. Мешітке барып тұрамын. Мынадай қызық болған. Алматыда бес жыл тұрдым. Райымбек даңғылының бойында Райымбек бабаның мазары бар. Бірде автобусқа міндім. Кісі лық толы. Сығылысып, әйтеуір, аяқ іліктіріп тұрмыз. Ойымда ештеңе жоқ, қорым көрсе, бет сипамай өтпейтін ауыл баласының әдетімен бабаның басына келе берген мезетте қос қолымды әзер дегенде шығарып, «бісміллә» деп бетімді сипадым. Айналамдағы адамдар жын көргендей шошып кетті. «Айдаладағы орыстың Райымбек бабада не шатағы бар?» деп ойлаған шығар...