Юран, Нюра және Майра... Бұл жұмбақтың сыры қайда?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Майра, Майра, қызыл тілім сайра» деп шырқаған Майра Уәлиқызын тыңдаушы қауым қазақтың әнші қызы деп біледі. Заты татар болғанымен, Майра Шамсутдинова – қазақтың ән қоржынына қаншама әнді қосып, руханиятымызда сырнаймен ән салу дәстүрінің негізін қалаушы ретінде қалған әнші-сазгер. Заманында «бетімен кеткен бұзақы болды» деген алыпқашпа әңгімені қазақ өнерін зерттеуші А.Затаевич сөзі, ең бастысы, қазақ қызының пікірімен санаспаған, құқығын аяққа басқан ескілік салтына өткір мінез, өр әндерімен қарсы тұрып, әйел теңдігін жырлап өткен Майра бейнесінің өзі жоққа шығарады. Қазақ қоғамының әйел затын еркінен тыс күйеуге беруін басынан өткеріп, запыранын ән арқылы жеткізген әнші Майраның туғанына – 120 жыл.
Майра мен Затаевичтің кездесуі
«Омбыдан Семейге қарай Ертісті жо­ғары өрлеп келе жатқан «Ленинград» атты жолаушылар таситын пароход Павлодар­дың пристанынан шықпай жатып, төмендегі 3-класс каютасының терезесіне әсем, қоңыр, жұмсақ тембрлі контральто дауыс естілді. Оның сүйемелдеуінде мен күтпеген гармоньмен қосылып, қазақ әндерін орын­дады. Бір минут өтпей-ақ мен де төменге түстім. Айнала қамап тұрған халықтың ортасында жасы 30-дан аса түскен, арық­ша келген, көрікті, жағы сәл сопақтау, екі ұрты азғана ішіне кірген, бетінің ұшы қызыл, қара торы әйел отырды. Құлағында – шығыс әдетіндегідей ұзын сырға, омырауында – бірнеше қатар моншақтан тізген алқа. Үстіндегі жібек көйлегі, иығына бос салған шәлі аса жарасып тұр. Осының бәрінде де бажырайған, «айғайлап» ерсі көрініп тұрған еш нәрсе жоқ, қайта әншінің талғамының жақсы екендігі байқалады. Бұдан келіп мен оның кәсіпқой әнші екенін сездім. Мен оның әнін тыңдадым. Ән орындауда оның жоспарға бірінші қояты­ны: біршама өктемдік, бұйыру, кең құлаш, от мінез. Қазақтың мен көріп жүрген бұйы­ғы қыздарынан мұндайды кездестірмеп едім».
Бұл – Затаевичтің 1926 жылдың жазын­да әншімен кездесуі туралы жазған естелігі. Өзін «Мағира» деп таныстырған әнші Семейге дейінгі жолдағы екі күнде қазақ әнін жинаушыға өзінің «Майра», «Бақша» сынды бес-алты әнімен қоса, халық және халық композиторларының әндерін айтып берген. Затаевич оның аузынан 13 ән жазып алған.
Екінші рет А.Затаевич Майраны осы сапардан Омскіге қайтып бара жатқанда Павлодар пристанында көреді. Соңғы кездесуінде зерттеуші оны Москвадағы қазақ концертіне шақырады. Алайда хал­қының ардақты әнші қызы сол концертке қатыса алмай, 1929 жылы көксау ауруынан көз жұмады.
Зәржанның зары...
Қаршадайынан музыкаға әуестігі мен ерекше қабілетін танытқан қарапайым «бөрік­ші Уәли» мен үй шаруасындағы Қати­ра­ның қызы Майра тоғыз жасында гармоньды бір адамдай тартқан екен. Бөрік пен киім тігіп сатып күнелтіп жүрген әке-шешесі бетін қақпай, еркін өскен жалғызының басындағы мұң-шер Баянның жәрмеңкесінде көпшіліктің алдында ән салғаннан басталады. 13-14-інде Керекуге белгілі әнші-гармоншы атанған Майраның Керекуден тысқары жерде, татардың бай саудагері Ғарипан Томашевтің үйінде ән салуы феодал Шорманның тұқымы Зәржан болыстың еркінен тыс тоқалы болуына итермелейді.
Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде А.Затаевич сезген Майраның бетінің ұшындағы сәл күреңдікті «жай ғана көрініс емес, үлкен қайғының леп беруі» деп жазады: «Майра бұл жылдарда өмірде көрген көптеген зорлық-зомбылықтың нәтижесінде ауруға шалдығып, шаршаңқыраған да, екінші жа­ғы­нан, жаңа заманның арқасында шыға­р­машылық құлашын кең сермеуге шын мәнінде мүмкіншілік алып, жүрегі орнық­қан да кезі болатын».
Зәржанның ауылында бәйбіше мен ауыл адамдарынан көрген қорлығын Май­ра жан серігі – сырнайын тартып, ән қылып төгеді. Зәржан өліп, Семейге келген Майра жанын түсінер бір адамның қажеттігін түсінеді. Семейде орысша оқыған, өзі сері, палуан, кедей Әбілмәжін есімді адаммен танысып, сонымен бас құрайды. Екеуінің жарасымды ашық күндері де көпке созыл­май, өтірік жала кесірінен ажырап тына­ды.
Дос тұттым, болдым жақын,
                                          тіліңе ер­дім,
 Басқадан сені өзгеше артық көрдім.
 Кіршіксіз махаббаттың қойынында,
 Өзің біл, жүрегімді саған бердім, –

деген жарқын күндердің естелігіндей «Бақша» әні осы тұста туған-ды.
Майра – Нюра немесе Естайдың «Юраны»
Атақты Естай әнші өзінің «Юран» әнін Майраға арнапты. Бұл жайлы фольклоршы Қазыбек Нұралин деген азамат өз естелігін­де былай десе керек: «1910 жылы 20 жас­тағы Майра Уәлиқызы Шорман тұқымынан шыққан сол кездегі қазақ интеллигент­терінің бірі Зәржан Біләловке тұрмысқа шықпақшы болды. Сөйтіп, Майра нағашы жұртымен қоштасуға Ақмолаға келген. Тап сол кез Ақмола қаласында қыркүйек жәрмеңкесінің қызған кезі екен. Естай да жәрмеңкеге жиналған әнші-ақынның бірі еді. «Жәрмеңкеге Керекуден бір әнші сұлу қыз келіпті» деген хабар жұрттың құлағына жетеді. Ақырында өнер саңлақтары әнші арумен кездеседі. Майра әйгілі ақындар алдында өзі сол кездегі айтып жүрген «Сұлу жиренді» шырқайды. Қазіргі «Май­ра» әнінің әуені бастапқыда осы ән болса керек. Көркем, сұлу бейнелі, қазақ әнін асқақтата шырқайтын осы бір ақсары но­ғай қызы Естай ақынның жүрегінен орын алады. Ол оған арнап «Юран» әнін шы­ғара­ды. Майраның бүркеншік аты Нюраны Естай қазақ қыздарының Еран, Гүлжан, Раушан аттарына ұйқас етіп Юран деп алған (Естай әндері. Қызыл Ту. 1998, 26 қаңтар)».
Майра салған сара жол
Ахмет Жұбановтың «Майраның жел аударған қаңбақтай Шорман ауылына баруының өнер жағынан үлкен пайдасы болады» деп жазуындағы үлкен пайдасы – Семейде Әміремен танысып, бірге ән айтуы, Абайдың әншісі Әлмағамбетпен кездесіп, Абай әндерін үйренуі. Атақты Қоянды жәрмеңкесінде Иса Байзақов, Қажымұқандармен қатар өнер көрсеткен Майра Уәлиқызы небәрі 33 жылдық ғұмы­рында ұлттық музыка қазынасын өзінің баға жетпес інжу-маржандарымен толты­рып кетті. Ахмет Қуанұлы «қазақ халқының шын досы» деп баға берген Алек­сандр Затаевичтің арқасында Майраның бүкіл әні бүгінге жетті. Сырнаймен ән айту дәстүрі де бір ізге салынып, дамып келе жатқан жайы бар. Әміре, Мәди, Жүсіпбек атындағы ән байқаулары сынды Майра Уәлиқызы атындағы сырнайдың сүйеме­лінде ән айтушылардың байқауы, жыл сайын болмаса да, өтіп тұрады. Бұған дейін екі мәрте өткен халықаралық доданың өтуіне мұрындық болған – Майра Уәли­қызы­ның әншілік дәстүрін жалғастырушы әрі зерттеуші Ағайша Исағұлова.
Ағайша ИСАҒҰЛОВА, әнші, композитор, профессор:
– Университетке түскен күннен Май­ра Уәлиқызының атына қанық болатын­мын. Майраның сырнаймен ән айту дәстүрін насихаттасам екен деп жүре­тінмін. Соның реті 2001 жылы кел­ді. Май­раның шығармашылығын маған дейін де қаншама зерттеуші зерттеген. Десек те, әйел заты ретінде ол кісінің ән қазынасын насихаттап, үрдіс ретінде жалғап, зерттеуде тамшыдай болсын үлесімді қоссам дедім. Екі халықаралық байқау өткіздік. Сол байқаудың жеңім­паздары еліміздің әр аймағында сырнаймен, баянмен ән айту дәстүрін жалғастырып жүр. Мен де Майра апа­мыз­дың ұлттық ән өнеріндегі ізін жал­ғауды қал-қадерімше алып жүрмек­пін.

Майраның кіндік қаны тамған Керекуде Майра тұтынған заттар сақталған мұражай бар. Майра Уәлиқызының 95 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет Кереку жерінде өткен сайыста жеңімпаз атанған термеші Үміт Айтмағанбетова сол мұра­жай­ды басқарып отыр.
Үміт АЙТМАҒАНБЕТОВА, Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер мұражайының меңгерушісі:
– Майра Уәлиқызы кезінде Зәржан­ғае тұрмысқа шығып, Ресейдің Слав-­ г­рад қаласында біраз тұрған болатын. Сол қалаға барып, Майра апамыз жайлы біраз мәлімет жинап келдім. Зәржанға жиен, Естайдың Қорланының немересі – 82 жастағы Арапа әжеймен жүздесіп қайттым. Ол кісі Майраның көзін көрмеген екен. Дегенмен әке-шешесінің Майраның әндерін тыңда­ғаны туралы естеліктер алып қайттық. Жуырда Семейден табылған Майраның фотосуретін Ағайша апайымыз мұра­жай­ға әкеліп табыстады.

ТҮЙІН
Затаевич Майраның әншілігі мен сазгерлігін жоғары бағалай келе, адамгершілігі туралы: «Қалай болғанда да, мен Майраның көргенсіздігін, шайпаулығын көрген жоқпын, қайта ол айналасындағыларға салмақты, ұстамды көрінді», – деп Майраға ерген өсекті әшкерелейді. Осы тұста «Жақсыға сөз ілеседі» деген қазақ мақалы еске түседі. Қазақтың қай жақсысының, қай ардақтысының өміріне үңілсек те, сөзге қалмаған бірі жоқтығын байқаймыз. Бірақ, бір шүкір дейтініміз, Майраның әншілік дәстүрі бүгінде жалғасын табуда. Ағайша Исағұлова апамыз Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде дәстүрді жалғап жүрсе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ерлан Рысқали, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Клара Төленбаевалар сырлы сырнай үнін өшірмеуге атсалысып келеді. Ұлттық музыка тарихында айрықша еңбек сіңірген Майра сынды саңлақтарымызды өзіміз барынша танып, кейінгі буынға таныта алсақ, одан асқан парыз болмас...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста