Қазақ «Ақынның аузына Алла сөз салады» деп бекер айтпаса керек. Алаштың қабырғалы ақындарының бірі Исраил Сапарбайға Жаратқан «ақындық» деген қасиетті бойына дарытып, «жыр» дейтін жауһарды сыйға тартқан.
Ұлы жұрт, Ұлан-ғайыр,Ұлан дала.
Жетеді қыранға да, құланға да!
Қазанның тұтқасына ие болған,
Қазақтың несібесі бір Аллада! – деп туған халқының мерейін үстем етіп жырлаған ақын Исраил Сапарбайдың рухты өлеңдерін оқыған жанның намысы оянып, «шарболатты қызып тұрғанда шағында суға салуға даяр» тұрады. Сондай-ақ ақынның сыршыл да, нәзік лирикасына ғашық оқырман Исраил ағаға «Махаббат шайыры» деген атақ та беріп қойған. Ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай таяуда «Сенің туған күніңде» атты әдеби-музыкалық шығармашылық кешін өткізбек. Оқырманымен жиі кездесіп тұратын ақынның бұл жолғы кеші несімен ерекше. Бұл туралы «Алаш айнасы» тілшілеріне ақын ағамыз өзі әңгімелеп берді.
– Исраил аға, сіз бұған дейінгі шығармашылық кештеріңізді өз күшіңізбен өткіздіңіз. Осы жолғы «Сенің туған күніңде» атты кешіңізде оқырмандарыңызға қандай жаңалық ұсынбақсыз, басқа кештерден ерекшелігі неде?
– Өткен жылдың 5-6-мамыры күндері М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында мен «Махаббат маусымы» атты әдеби-музыкалық өнер кешін өткізген едім Кешті көрермен-тыңдарман қауымы жақсы жаңалық ретінде бағалады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бұл кешті толықтай түсіріп, бірнеше рет көрермен назарына ұсынған болатын. Енді міне, биыл да әдеби-музыкалық кешімді өткізуге біраз ізденіп, бұрынғыдан да көркем, тартымды етуге тырыстым. Мен бұрын кештерімді өзім ғана дайындасам, қазір режиссермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Кештің режиссері Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, өзімнің досым Мұрат Әбзелбаев деген азамат. Бұл кеш әдеттегідей ән кеші немесе спектакль де емес, екеуінің ортасындағы дүние деуге болады. Әдеби шығармашылық кешімде жүргізуші де болмайды, өзім де режиссермен, көрермендермен бірге залда отырамын. Бір сөзбен айтқанда бұл әдеби-музыкалық қойылым болады. Яғни, синтездік өнерді көрерменге ұсынбақпыз. Әдеби-шығармашылық қойылымда бірінші планға поэзия шығады, екінші ән, үшінші би. Қара өлең әннің көлеңкесінде қалып қоймай, өлең, ән, би бір-бірімен жымдасып, бір-біріне қызмет етуі керек. Өз басым «қазақ эстрадасы» деген тіркесті қабылдай алмаймын, меніңше, дұрысы бүгінгі қазақ әндері немесе кешегі қазақ әндері деген жөн. Сондай-ақ көп кештерде жүргізушілер «қазақ эстрадасының жұлдызы» деп біреулерді әспеттеп жатады. Меніңше, кімнің жұлдыз екенін халық өзі анықтауы керек. Сондықтан бәрін бүлдіретін жүргізушілердің болмағаны дұрыс деп шештім.
Кеш «Сенің туған күніңде» деп аталады. Әр адамның ең жақсы, қалаулы күні бұл – туған күн ғой. Аты да, заты да көрерменге жақын болу керек деп шештік. Осы кешке орай барлық поэзиямды жинақтап, қыз бен жігіттің арасындағы махаббат оқиғасын өлеңмен сахналадық. Ең алғаш қыз бен жігіт кездесіп, танысқаннан бастап екі жастың арасында ғашықтық, сүйіспеншілік, қызғаныш, айырылысу, қайта қосылу секілді түрлі жағдайлар болады. Сезімге толы осы оқиғаларды поэзия тілімен тұтастай қойылым етуді мақсат еттік. Режиссер екеуміз әншілерге де осы кеште өздерінің актерлік шеберлігін көрсетуін талап етіп отырмыз. Әннің әрін келтіретін, көркемдігін күшейтетін билерді де қостық.
– Шығармашылық кешіңізге қандай өнер адамдары қатысады.
– Шығармашылық кешіме менің әндерімді орындап жүрген әншілермен қоса Т.Жүргенв атындағы өнер академиясының студенттері қатысады. Негізінен осы кешке қатысушылардың 70 пайызын жастар құрайды. Бізде небір өнерлі жастар бар, олар үлкен сахналарда өтетін концерттерге қатысуға мүмкіндік ала алмай жатады. Біздің еліміздегі өтетін ірі концерттерге олар қатысу үшін қыруар ақша төлейді екен. Ал мен өзімнің кешіме қатысатын жастардан ештеңе сұрамаймын. Тек өз өнерлерін жақсы көрсетіп, кешімді әрлесе болғаны.
– Кейінгі кезде телеарналардағы шоу-бағдарламалардан көз ашпаймыз. Шоу арқылы тәрбиеленген ұрпақ ертең өлең оқыр ма екен?
– Бүгінде біз не болса соны Еуропадан көшіріп алып жатырмыз. Қандай бағдарлама жасасақ та алдына «шоу» деген сөзді қосып қоюды әдетке айналдырдық. Меніңше, қазіргі кезде Еуропаның біз қызығып еліктейтіндей түгі қалған жоқ. Еуропалықтар әбден тойынып, кекірік атып жүргендіктен не болса соны ермек етеді. Сондықтен бізге өзгенің қаңсығын таңсық көргеніміз жарамайды. Қайта біз олардың әрекетіне қарсы иммунитетімізді күшейткеніміз жөн. Батыстың аузымызға тосқанын шайнамай жұта бергенше ұлттық сананы неге қалыптастырмаймыз, ұлттық рухты неге күшейтпейміз. Біздің өз әдебиетіміз, мәдениетіміз бар ғой, келешек ұрпаққа төл құндылықтарымызды ұсынайық. Қазақ өнеріне деген өзімнің титтей болса да үлесімді қосу үшін де сыонадй әдеби-музыкалық шығармашылық кешімді ұйымдастырып отырмын.
– Исраил аға, бүгінде қоғам ақынын ардақтай алып жүр ме?
– Әр халықтың қасиетін, қадірін, намысын жоқтайтын, бар болса ұлықтайтын екі тұлға бар, бірі – батыр, екіншісі – ақын. Патшалар, хандар келеді, кетеді, жер қалады, ел қалады. Жерге, елге ие болатын батыр мен ақын. Жаугершілік заманда батыр алға шығады, бейбіт заманда ақын алға шығады. Халықтың сөзін сөйлейтін ақын, халық үшін қолға қару алатын батырларды қазақ қашанда қадірлеген.
– Өзіңіз қазіргі жас ақындарды оқисыз ба?
– Жас ақындарды жақсы көремін, оқимын. Бірақ қазіргі заман, қоғам оларға обал жасап жатыр. Мен Бақыт Беделған, Ерлан Жүніс, Алмас Темірхан секілді көптеген жас ақындардың шығармашылығын бақылап отырамын. Небір дарынды ақын жігіттеріміз, қыздарымыз бар, олар әр жерде тоз-тоз болып жүр. Бастарында баспаналары жоқ, пәтер жалдап тұрады. Газет-журналдарда тілшінің қызметін атқарып жүр ақындар. Олар мемлекет қамқорлығында болу керек қой, ең болмаса бастарында үй, жеңіл-желпі жұмысы болса.... Кейбіреулер атақты ақын Бальзак та аштан өлген дейтін шығар. Алайда қазіргі егемен елде отырып, неге ақындарымызға жағдай жасай алмаймыз. Газетте жүрген ақындардың өз шығармашылығына деген уақыты бомайды, одан кейін олардың өздеріне деген көңілі толмай, ақындықтарынан айырылып қалуы да мүмкін. Жақында Ақберен деген ақын бауырымды кездестіріп: «Сайт ашыпсың ғой, жақсы болған, біз әлі сайт аша алмай жүрміз» деген едім. Ол маған: Аға, сол сайтты ашпай-ақ қойғаныңыз жақсы» дегені. Сөйтсем жеке сайтына кіріп оқитындардың арасында ақынды жерден алып жерге салатындары көп екен ғой.
– Сіз қазақ радиосындағы көркемдік кеңестің мүшесісіз ғой аға. Кейінгі уақытта қазақ әндеріне жазылған өлеңдердің мәтіндері қисынсыз болса да эфирден беріліп жатады....
– Осыдан біраз уақыт бұрын Кеңес Дүйсекеев, Бағдат Сәмидинова, Роза Рымбаева секілді өнер адамдарынан тұратын көркемдік топ қазақ радиосында жұмыс істеген болатынбыз. Осы топ біршама уақыт бұрын таратылып, жақында қайта жасақталды. Сол уақыт ішінде радиода біздің қарауымызға 4000 ән жиналып қалыпты. Бұл дегеніміз сұмдық қой, күндіз-түні оқысақ да осынша әнші қарауға өміріміз жетпейді. Екінің бірі әнші, екінің бірі ақын, сазгер болғандықтан да 4000 ән жиналып қалған. Бір отырғанда ары кетсе 50-60 ән қараймыз. Сонда байқағаным, әндердің 70 пайызының сөздері дұрыс емес. Оның үстіне сол радиодағы редакторлар әншілерден ақша алып, кейбір музыкасы да, мәтіні де іске алғысыз әндерді өткізіп жібереді екен. Осындайды естігенде онда не үшін біз көркемдік кеңесте айтысып-тартысып, сонша қызылкеңірдек болып отырмыз деп ашуың келеді. Кейбір әндерді оқып тіпті жүрегің айниды. Осындай әндерді тыңдарман естісе, біз секілді ақындар көркемдік кеңесте несіне отыр деп налымай ма?
– Аға, сіз драматургия саласында да қалам тартып жүрсіз ғой, айтыңызшы, қазіргі біздің театрлар қандай тақырыпқа сусап тұр?
– Мен ең алдымен ақынмын, тіпті 150-дей әндерім бола тұра сазгермін деп айта алмаймын, өйткені музыкалық сауатым жоқ. Ал дарамтургияға саналы түрде келдім. Өйткені өзімді сынап көргім келді, рухани тойымсыздықтан басымды тауға да, тасқа да соғамын. Менің табиғатым сондай. Шүкір, бүгінде драматургияы саласында «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Қыз мұңы» сияқты спектакльдерім театр сахнасында қойылып жүр.
Театрларға қашан барсаң да, басшылары қазіргі заманның тақырыбы керек, осы қоғамның қаһарманы керек деп жатады. Бірақ бүгінгі күннің тақырыбын жазып апарсақ та театрлар оны қойып жатқаны шамалы. Тартпаларында жатқан шығармаларды оқымайды-ау деймін. Мысалы, менің «Сыған серенадасы» спектаклім Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында, 2 жылдан астам уақыт, М.Әуезов театрында 2 жылдан астам уақыт жатып, 5 жыл дегенде сахналанды. Егер тіпті бүгінгі күннің тақырыбы жетіспей жатса, театр басшылары драматургтерге тапсырма берсін. Өртеніп тұрған тақырыпқа тапсырыс түссе драматургтер неге жазбасын?..
Қазіргі таңда театрлар классикалық шығармаларды, Шекспирді қоймаса, оның мәртебесі көтерілмейді деген түсінік бар. Алайда қазір көрерменге ықшам, нақты, шынайы қойылымдар керек. Менде Шекспирдің екі томдық шығармалар жинағы бар. Әлгіні оқимын да шаршаймын. Көрермен классикалық шығармаларға бір рет барар, екінші рет беттемей қалады. Ал біздің киномызда да, театрымызда да бір ауру бар. Олар шетелдік байқаулардан жүлделі болу үшін кино түсіреді, классикалық шығармалар сахналайды.
Үлкен рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!
Естеріңізге сала кетейік, 24-мамыр күні, яғни сенбі, сағат 19.30-да Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясының концерт залында (Төле би және Ш.Қалдаяқов көшелерінің қиылысы) ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайдың «Сенің туған күніңде» атты әдеби-музыкалық (поэзия, ән, би) шығармашылық кеші өтеді. Келіңіздер, көріңіздер!
Айнұр СЕНБАЕВА