Интернетті руханиятқа қашан икемдейміз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазіргі ақпараттық заманда интернет технологиялар адам өмірінің күнделікті тіршілігін жеңілдетуге қолайлы жағдайлар туғызуға мол мүмкіндіктер беруде. Кейбір болжамшылар, тіпті «жақын болашақта толық интернет дәуірі орнап, адамзаттың компьютерге тәуелділігі артады» дегенді алға тартады. Шынында да, қазіргі қоғам уақыт өткен сайын жаңа технологияларды игере бастады. Мұндай техникалық үдеріс, әрине, қоғамның әр саласының ілгерілеуіне алып келеді. Десек те, бұл үрдістің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Есеп-қисапқа шапшаң, әр нәрсені өзіңнен бұрын бағдарлап, жоспарлай алатын компьютерлер адам баласының өзіндік қабілетін әлсірете бастағаны шындық.
Бүгінгі технологиялық прогрестің қар­қыны жаңаша ойлайтын адамдар катего­риясын қалыптастыра бастады. Дәс­түрлі дүниелер мен рухани құндылық­тардың орнын заманауи жетістіктер алмастырып келеді. Қалай айтсақ та, мониторға үңілген қоғамның том-том кітаптарды парақтап отыруға аса құлқы жоқ. Осылайша интер­нет алға озып, электронды құралдар күн­делікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған тұста адамзат рухани дүние­лерден айтар­лықтай алшақтап қалған сыңайлы. Интернетті тұтыну мүмкіндігі бар кез келген адам одан қалаған дүниесін тауып оқи алады. Соңғы жылдары қоғамымыздың әр саласында заманауи ақпаратты техноло­гиялар берік орныға бастады. Бұл, әрине, жаңа дәуірдің жаңа талаптары. Сондықтан да білім мен ғылымға деген қызығушылық, оны насихаттау, кітап оқу сияқты дүниелер кітап дүкендері мен кітапханалардан интернеттің виртуалды кеңістігіне ойыса бастады. Осылайша, жұрт назары бірте-бірте интернетке ену үдерісі басталуда. Бірақ ХХІ ғасыр табал­дырығын аттаған әлемдік қауымдастық жаңа технология­ларды алаңсыз игеріп әкетсе, қазақ қоға­мы бұл жолда кенжелеп отырғаны көңіл қынжылтады. Елімізде жаңа техноло­гиялар әлі еніп үлгермеген бір­қатар шалғай жерлер баршылық. Деген­мен соңғы кезде Қазақстандағы интернет пай­да­ланушылар саны артып келе жатқандығы байқалады. Бірақ интернеттің пайдасын көретіндердің ішінде орыс­тілділердің үлес салмағы басым. Ал қазақ­тілді интернет кеңістігінде көптеген мәсе­лелер қам­тылмай жатыр. Әсіресе әдебиет пен жалпы руханиятқа қатысты сайттар өте аз. IT мамандардың пайымдау­ларынша, әдетте көптеген адамдар компьютермен жұмыс істеу қиын деп ойлайды. Қажет болатын болса, ком­пьютерлік сауатты­лықты игеру аса қиын шаруа емес. Ин­тер­нетті пайда­лану ақша тұрады, арнайы сайт ашу үшін де біршама қаржы құю қажет. Бірақ жеке сайтың бол­ма­са да, қазір көптеген әлеу­меттік желілер арқылы бір тиын ақша төлемей-ақ өзіңнің блогіңді ашып, жүргізіп отыруға болады. Бұл жерде нақты оқырманмен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Мы­салы, қазір бір ғалым­ның не жазушының кітабы асып кетсе 2-3 мың данамен ғана тарайды. Оны шығаруға да қыруар ақша керек. Осы орайда блог ашудың тиімділігі үлкен. Бұл әсіресе шы­ғармашылық адамы үшін өте қолайлы. Талғамды дүниелері бар қаламгердің сол арқылы миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап алуына мүмкіндігі бар.
Бұл көрсеткіштердегі сандар көңіл көн­шітіп тұрғанымен, осы бір игіліктерді іс жүзінде толыққанды көре алмай отыр­ғаны­мыз жасырын емес. Десек те, жо­ғарыда аталған көрсеткіштердің өсуі жедел­­детілсе, Қазақстан интернет-тех­нологияларды енгізу саласында әлемдік рейтингіде айтарлықтай бәсекеге қол жеткізе алуы мүмкін. Алайда ресми статис­тикалық көрсеткіштерге аса иек арта бер­мейтін қарапайым халық заманауи техно­логиялардың игілігін барынша сезініп отыр дей алмаймыз. Отандық интернеттің қалыптасу барысына қатысты аз-кем талдау жасап жүрген санаулы мамандар­дың пікіріне сүйенсек, қазақ тіліндегі әдеби сайттардың даму үрдісінің төмен­дігіне себеп болып отырған бірнеше фактор бар:
• қаржылық қиындықтар;
• бәсекелестіктің жоқтығы;
• қазақтілді интернет қолданушы­лардың аздығы;
• еліміздегі көптеген аймақтардың интернетке қолжетімсіздігі;
• интернет сауаттылықтың төмендігі;
• әдебиетсүйер қауым мен аға буын қаламгерлердің компьютер, интернетке белсенділігінің аздығы;
• интернет жайлы теріс түсінік, автор­лық құқық сақталмайды деген сияқты пікірлер;
• қазақ тіліндегі компьютерлік бағдарламалардың жоқтығы және қазақ алфавитінің компьютерден дұрыс оқылмауы.

Дегенмен осындай түрлі кедергілерге қарамастан, еліміздің интернет кеңістігі кезең-кезеңімен ұлғайып келе жатқан­дығын айта кеткен жөн.
Қалай десек те, біз қазіргі заманауи технологиялардың жетістіктері мен мүм­кіндіктерін рухани тынысымызды кеңейту­ге пайдалана алмай отырмыз. Бірақ бір нәрсе анық – жаһанданған әлемдегі тех­но­логиялар мен ақпараттар заманы адамның уақыт пен өмірге деген көзқа­расын өзгертті. Осы тұрғыдан алғанда компьютер – адамның көмекшісі, уақытты үнемдейтін таптырмас құрал екені анық.

IT-көрсеткіш
• Еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінің өткен жылы таратқан мәліметтері бойынша, Қазақстан теле­коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту көрсеткіші бойынша 15 позицияға көтерілген.
• Бүкіләлемдік экономикалық форум мамандары 144 елге талдау жүргізе отырып, бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық есебіне сәйкес, 2011 жылдың қорытын­дысында Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 72-орыннан 51-орынға көтеріліп, ТМД елдері арасында көш бастап отырғанын айғақтаған. Бұл тізімде Ресей Федерациясы 67-інші және Украина 73-орындарды иеленді. Осының алдында, 2010 жылы Ресей – 66, Украина 82-орында тұрған. БЭФ сарапшыларының бағалауына сәйкес, Қазақстан көптеген көрсеткіштер бойынша өз позициясын уақыт өткен сайын жақсарта түсуде.
• Министрліктің анықтауынша, 2010 жылмен салыстырғанда инфрақұрылым жағынан Қазақстан 82-орыннан 67-орынға көтерілсе, ұялы байланыс абоненттерінің саны жағынан 20-орынға (2010 жылы 38-орын), интернет желісін пайдаланушылар саны бойынша – 62-орын (2010 жылы 77-орын), интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікке ие абоненттердің саны бойынша  67-орынға (2010 жылы 71-орын), интернетті енгізу қабілеттілігі бойынша 53-орынға (2010 жылы 74-орын) көтерілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста