Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ресей Федерациясы Шешен-Ингуш Республикасының «Ингушетия» халық би ансамблі Көкшетауда өнер көрсетті, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Концертке арнайы келіп қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ұжым директоры Магомет-Башир Досхоевқа алғысын білдіріп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ингушетияның Мәдениет министрі Марет Газдиеваға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Тараптар өзара сыйлық алмасты.
«Біз Көкшетауға келмес бұрын, Павлодар, Қарағанды, Астана және Щучинск қалаларында өнер көрсеттік. Әке-шешем осы Көкше өңірінде тұрған. Кейін тарихи Отанына қайта оралды. Сондықтан мен бала күнімнен Көкшетауды жақсы көріп өстім. Мен үшін Қазақстан өте ыстық. Ата-анам қазақ халқының жақсылығын аузынан тастамай айтып отырады. Бұл жолы да олардың ыстық сәлемін ала келдім», – дейді «Ингушетия» халық би ансамбілінің көркемдік жетекшісі, Ингушетияға және Шешенстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Руслан Гадаборшев.
Концертте көрерменнің ерекше көңілінен шыққан – көпэпизодты «Кавказ сюитасы» хореографиялық композициясы болды. Онда Кавказ халықтарының би өнері толық ортаға салынды. Костюмдеріндегі өзгешелік, қайталанбайтын би қимылдары, бірін-бірі толықтырған шығармашылық байланыс жарасымды-ақ. Ингушетия Республикасының Халық әртісі Джабраил Богатыревтің аяқтың ұшымен билеуі әсерлі болды.+
Көрермен «Таудағы таң», «Кавказдағы карнавал», «Асса», «Бұлақ басындағы кездесу» композицияларынан кейін ұзақ қол шапалақтап, көпке дейін әртістерді сахнадан жібермеді. Ингушетияның Халық әртістері Луиза Эльжуркаева, Алаудин Эсмурзиев пен халықаралық конкурстардың лауреаты Рахман Бековтардың орындауындағы әндер шабыттандырып, шаттандырды.
«Ингуш би мәдениеті өзінің әралуандығымен ерекшеленеді. Оның тамыры тым тереңде жатыр. Бұл билерде тау халықтарының болмысы, оның ғасырлар бойы жасаған бар игі шығармашылық мұралары көрініс береді. Қыздардың ырғақты да сәнді қимылдары мен жігіттердің икемділік, күш пен жігерге негізделген ұшқыр қозғалыстары осының бірден-бір айғағындай. Аталған ұжымның мақсаты – терең мазмұнды көркем би туындыларына өмір сыйлап, жастар мен жеткіншектерді сол рухта тәрбиелеу», – дейді Ақмола облыстық шешен-ингуш ұлттық орталығының жетекшісі Герихан Яндиев.