«Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі» Өткен жұма күні Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің мәжіліс залында осындай атаумен ақындар мүшәйрасы болып өтті.
Мүшәйраны ұйымдастырушы «Асыл арна» студиясының Астанадағы өкілі Исмайл Құттықожаевтың айтуынша, хақ дінімізді көркем сөзбен өрнектеп, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға ұлтымыздың ұлы перзенті хакім Абайдың осы бір қанатты сөзі бекерге қазық етіп алынбаса керек. «Шараның негізгі мақсаты – ақын тілімен айтқанда, «Отанды сүю – иманнан» екендігін үйретіп, тәрбие мәселесін халықтық педагогика арқылы беру. Қай кезеңді алып қарасақ та, алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының негізгі мақсаты адамды ізгілікке тәрбиелеу болатын. Міне, сондықтан да бүгінгі таңға дейін «адам түзелмей, қоғам түзелмейді» деген қағидат ақиқат болып өз жалғасын тауып отыр. Адамды тәрбиелеу, соның ішінде қазақты тәрбиелеу жолында Абай Құнанбаевтың рөлі ерекше. Сол себепті Алланы ұлықтап, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айта отырып, ұрпақты имандылық, ар-ұят, ізгілікке тәрбиелеп, «Отанды сүю – иманнан» деген тақырыптарда сөз жарыстыратын шараға Абай атамыздың сөзін арқау етіп алып отырмыз», – дейді Исмайл Құттықожаев.
Мүшәйраға республика көлемінде танымал болып жүрген ақындармен қатар, өлең өлкесінде енді-енді қалам тербеп жүрген мектеп оқушылары қатысты. Ақындардың өнеріне Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Арман Бердалин сияқты белгілі ақындар мен «Нұр-Астана» мешітінің 1-найб имамы Төлеби Оспан және «Хабар» телеарнасының тілшісі Зейін Әліпбек бастаған қазылар төрелік жасады.
Қазылар алқасының көп ойланып, ақылдаса отырып келіскен шешімі бойынша, бірінші орынды Ықылас Ожай жеңіп алды. Екінші орын қазақ радиосының тілшісі – Ұлағат Ханзадаға бұйырса, үшінші орын – екеу: Бауыржан Сегізбаев пен белгілі ақын Бауыржан Қарағызға бұйырды.