Қазақ баласы беделді музыкалық сыйлықты Roses әніне жазған ремиксі үшін алды. Ол қазір әлемдегі ең танымал әншілермен бірге музыка жазып жатыр
Қазақстандық музыкант және ди-джей Иманбек Зейкенов "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
"Музыканттың карьерасындағы ең тамаша жетістік – Grammy жеңіп алу, біз оған қол жеткіздік!", - деп жазды Иманбек.
Иманбек ата-анасына, өзінің командасына және менеджері Кириллге, сондай-ақ Grammy ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Павлодар маңындағы Ақсу қаласында тұратын Иманбек Зейкенов бұған дейін теміржолда жұмыс істеді, оның жалақысы 147 мың теңгеден аспады. Музыка оның бала күнінен хоббиі болды, әкесі гитара тартуды үйретті. Иманбек SAINt JHN орындайтын Roses әніне ремикс жасағаннан кейін танымал болды. Иманбектің туындысын әлем халқы Youtube-те 234,5 миллион рет көрді.
Қазір Иманбек Павлодар қаласындағы Торайғыров атындағы университетте тасымалды ұйымдастыру мамандығы бойынша бірінші курста оқиды, әлемдегі ең танымал әртістермен бірге музыка жазып жатыр. 12 ақпанда британдық әнші Rita Ora мен Иманбек Bang атты жаңа мини-альбом шығарды.
"Грэмми" (Grammy) - 1959 жылдан бастап Американың Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы (NARAS) тапсыратын музыкалық сыйлық.
Биыл сондай-ақ Леди Гага, Ариана Гранде және Бейонсе де "Грэмми" иегері атанды.