Қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, дарынды ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәкен Иманасов тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Марқұмды еске алу мақсатында ақынның туған өңірі Алматы облысының Алакөл ауданында республикалық «Сәкен Иманасов күндері» өтті.
Оның аясында «Ғасырында бір туатын дарабоз» атты Иманасов оқулары ұйымдастырылды. Оған қатысқан 20 оқушы Сәкен Иманасов шығармаларын мәнерлеп оқып, ақын аталарына арнау жолдады. Сондай-ақ шара барысында Сәкен Иманасовқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланды. Бас жүлдеге тігілген 500 мың теңгені дарынды ақын Бақытжан Алдияр қанжығаласа, бірінші орынды Ғалым Қалибек иеленді. Иманасов күндері аясында Үшарал қаласында Абай атындағы қазақ орта мектебінде ақын атына мұражай ашылып, оған ақынның қола бюсті, еңбектері, қолжазбалары, құжаттары мен тұтынған бұйымдары қойылды. Енді Сәкен Иманасов оқулары жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.
Мәриям Иманасова, С.Иманасовтың жұбайы:
– Ол кісі таза шығармашылыққа берілген адам еді. Маған айтатын: «Сен өз жұмысыңды істе, мен жазуымды жазайын», – дейтін. Үнемі қиялға шомып жүргенімен, ол кісі отбасына өте жайлы болды. Балалары мен немерелері үшін тау қопаруға даяр еді. Қасым деген немереміз дүниеге келгенде Сәкең марқұм іссапарда жүр еді. Маған хабарласып: «Балаға ешкім ат қоймасын, өзім қоямын», – деді. Сосын екі-үш күннен соң келіп: «Әй, Мәрияш, мен ойланып келдім. Дүниеде екі-ақ Қасым бар екен. Бірі – Қасым Аманжолов, екіншісі – Қасым Қайсенов. Мына ұл үшінші болады – Қасым Сәкенов», – деді. Осылайша немереміз Қасым атанды. Мына шараға мен өте ризамын. Сәкеңнің өзі «Халқым, елім-жұртым» деп отыратын. Сол ел-жұрты қастерлеп жатыр. Осыны ұйымдастырып жүрген азаматтарға үлкен рақмет!
Иманасов жүлдесі – Бақытжанда
Последние статьи автора