Ия, Алла! Сенің арқаң...
Бұл сөзді он кітабы шыққан қаламгер де, миллиондап қаржы жиған ауқаттының кез келгені айта бермейді. Айта алмайды да. Бұл сөзді айту үшін оларға асқан тазалық, асқан қарапайымдылық, асқан иман керек. Олардың көбі жеткен жетістіктерін тек ата-анасының тәрбиесі, сүрген ортам, жақындарымның адалдығы деп қана түсінеді. Солай деп өзгелерге айтып та жүр. Қысқасы, бұл қалың көпшіліктің әлі де болса пенделіктен әрі аса алмай жүргендігін көрсетсе керек. Ал, бұл сөзді күнделікті ауызынан тастамаудан бұрын, жыр жинағына осы атауды беруі адамның Аллаға құлшылық етуден асқан мақсат-міндеті жоқ деп ұғатынын білдірсе керек.
Кеше, яғни мамырдың 21-і күні Алматыдағы Әдебиетшілер үйінде ақын, Түркі дүниесі ақындары фестивалінің дипломанты, биыл елуді алқымдаған Дәулетбек Байтұрсынұлы өзінің оқырмандары алдында «Ия, Алла! Сенің арқаң...» деген тақырыпта шығармашылық кешін өткізіп, оқырмандар алдында есебін берді. Ал кешке жиылған халық «Дәу ағаның» ерекшелігіне тоқталып, оның әр сөзі, әр ісі, қаламынан шыққан әр ойының бұлақтан аққан судай таза екендігіне, таңғы шықтай мөлдірлігіне тағы бір мәрте куә болды, көз жеткізді. Мерейтой иесіне арнап жолданған құттықтаулар мен алғыс хаттардың әрісі Түркия, берісі Қырғызстаннан келіп жатты. Жылы лебіздерін білдіргендер қатарында ғылыми институттар, университет өкілдері, Қазақстан мен Қырғызстанның жазушылар одағының жауапты қызметкерлері, қолына қалам ұстаған жас қаламгерлер мен әріптес-достары болды.
«Бүгіндей адамдар жан-таласқан, тіршілік қамымен тынымсыз шапқылаған заманда ой-өрісінің кеңдігін, адал да тазалығын, кішіпейілділігін сақтап қалу кім кімге болса да оңай тимесе керек. Бауыржан Момышұлы айтқан «Азамат атану- мақтан!» деген сөз бүгінгі мерейтой иесі Дәулетбектің нағыз азамат, нағыз ұлтжанды, парасат иесі екенін көріп жүрміз», – деді жазушы Смағұл Елубаев кештің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Кеш барысында сөз алған филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісмақова болса бүгінгінің кейбір ақын-жазушылары жасы 70-тен асып, 80-ге келсе де махаббат, сезім мен ғашықтықтан әрі аса алмай жүргенін ашына айтты. «Арттындағыларға жол көрсетуге өрелері жетпейді», - дей келе Дәулетбек Байтұрсынұлына жеке тоқталды. «Оның әр сөзінен Алланың айтқанын, Пайғамбардың хадисін естисің. Иншалла, Арамызда осындай азаматтар көп болса, шіркін», - деді ол.
Сіз – Аллаға құлшылық етіп, Құранға сүйенген қаламгерсіз, қазіргі діни әдебиет жөнінде не айтасыз? деген сұраққа Дәу аға былай жауап берген еді:
– Иманымның қандай деңгейде екенін мен өлшеп біле алмаймын. Алланың құлы екеніме шүбә келтірмейтін пенденің бірімін. Анығын Алла біледі. «Діни әдебиет», «діни емес әдебиет» деген екі бөлек әдебиет жоқ. Негізінде әдебиет сөзінің түбірі – әдеп, ұят, яғни әдеп(ке) – ие – ет деген ұғымды білдіріп тұр. Ал иман ұятпен егіз. Бірінсіз бірі болмайды. Яғни, әдебиеттің мақсаты – имандылықты, ізгілікті, тура жолды насихаттау, бағыт-бағдар беру. Бұдан белгілі болғаны – нағыз әдебиетке мұрагерлік етуші қаламгер өзі тура жол ұстанушы адам болуы тиіс. Қоғамның иманы қатты әлсіреген соңғы 80-90 жылдағы еңбектерге қарап отырсақ, тура жолды көрсетерлік әдебиет кем де кем.
Атеистік қоғам жазушысы өмірді, шындықты жазам деп ойына ілесіп, нәтижесінде азғындық пен ашкөздікті насихаттайтын лас, харам, қараңғылықты суреттейтін шатылған «әдебиет» дүниеге келді. «Эстетикалық тәрбие» дегенді желеу еткен естен айыратын «еңбектер» көз қарықтырады. Бір анығы – бұл шығармалардың ғұмыры ұзақ болмайды, бірақ кесірі де аз болмайды. Абайдан кейін де қазақта қаншама сөз ұстаған тұлғалар болды. Көзі тірісінде атағы жер жарған сол ақындарды бүгін неге ұмытып барамыз? Абай неге алдымыздан көлденеңдеп шыға береді? Сондықтан да менің мақсатым – Алланы тану, Аллаға құлдық парызымызды мүмкіндігінше толық орындау. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннет жолын жалғастыру. Шығармашылығым да сол жолға арналады. Формасы, тәсілі дағдылы Абай ашқан үлгі.
Алаш айнасының дерегі: Дәулетбек Байтұрсынұлы 1964 жылы 8 наурызда ҚХР Іле қазақ облысы, Тәңір тауы бөктерінде дүниеге келген, 1981 жылы орта мектепті, 1983 жылы Педогогикалық техникумды, 1988 жылы Шыңжаң оқу-ағарту институтының физика факультетін бітірген. Монғолкүре аудандық №1 орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Құлжа қаласындағы Саяси мектепте бірліксап және зиялылар мәселесі бойынша ұстаз болды.
1994 жылы тәуелсіз Қазақстанға біржолата көшіп келді. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының азаматы. 1994 жылдан жазушылар одағының, 2006 жылдан журналисттер одағының мүшесі. «Халық кеңесі», «Ислам және өркениет» газеттерінде жұмыс істеді. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде тілші, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Қазір халықаралық Диалог Евразия Платформасының Алматыдағы өкілі. Өлеңдері 1988 жылдан ҚХР және ҚР-дағы мерзімді баспасөзде үздіксіз жарық көріп келеді, «Жас толқын» жинағына енген. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Ия, Алла! Сенің арқаң..» жыр жинақтарының авторы. Әдеби басылымдарда жиырмаға жуық сын мақалалары жарық көрді.
2004 жылы «Отан» партиясымен «Ана тілі» газеті ұйымдастырған ғылыми экспедициясының құрамында бола отырып, Қазақстан, Ресей, Монғолия, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерді аралап, шекара өңіріндегі қазақтар өмірімен танысып, 35 күнде 20 мың шақырым жол жүріп, өте қиын әдеби-мәдени жәдігерлерді жинап, баспа бетінде жарияланды. Бірнеше мәрте туысқан Түрік Республикасында сапарда болып, ол туралы жазған мақалалары басылып шықты. Қазір халықаралық мәдени-интеллектуалды Диалог Еуразия Платформасының «da Қазақстан» журналының Бас редакторы болып қызмет істеп жатыр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Алматы» телеарнасы ұйымдастырған жыр мүшайраларының жүлдегері, Түркияның Елазық қаласында өткен түркі мемлекеттерінің халықараалық «Һазар чиір акшамлары» фестивалінің дипломаты.
Оған кеше ғана, өзінің шығармашылық кешінде табысталған Қырғызстан Республикасының Мола Бағыш атындағы әдеби сыйлығын қосыңыз.