Гүлназ Нұрбалина, әнші: Дертіме шипа болған – ән...
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, нағыз күміс көмей, жезтаңдай әнші сахнадан көрінбей кетсе де, телеарналардан жылтыңдап шыға бермесе де, дауысын жоғалтпайды, өнерге деген махаббатын өшірмейді. Өнердің киесін ерекше жан-тәнімен сезінетін осындай әншілердің бірі Гүлназ Нұрбалина. Соңғы 15-16 жылдан бері сахнадан алыстап кеткен дәстүрлі әнші таяуда өнер ауылына қайта оралды. Ән орындағанда дауысынан нағыз қазақылықтың иісі аңқитын Гүлназ ханым жақында «Алаш айнасының» редакциясында қонақта болған еді.
Былтыр белгілі сазгер, прдюсер Арман Дүйсеновтың жеке шығармашылық кеші Гүлназ Нұрбалинаның орындауындағы «Барыңды бағала» әнімен ашылған болатын. Бұл – Гүлназдың араға ұзақ жылдар салып, үлкен сахнада алғаш рет ән салуы. Әнші сахнаға шығарда өзінің атты қобалжығанын айтады. Алайда тума талант иесі сахнаға шыққанда тіпті өзінің сырқатын да ұмытып, жан-тәнімен беріліп ән салып, халықтың қошеметіне бөленіп, өзінің өнер үшін жаралған жан екеніне көз жеткізді.
Гүлназ Нұрбалина үлкен сахнаға бала кезінде-ақ шыққан. Өнерлі отбасында дүниеге келген Гүлназ әкесінің домбырамен салған әндерін тыңдап өсті. Ол – отбасындғы он баланың алтыншысы. Жастайынан құлағына сіңісті болған халық әндері, домбыраның үні Гүлназдың өнер жолын таңдауына себеп болды.
Гүлназ Көкшетау облысы Уәлиханов ауданына қарасты Қаратал деген ауылда дүниеге келген. Ол 6-сыныпқа дейін ауылдың мектебінде оқыды, 7-сыныптан бастап үлкен әпкесі оны Көкшетау қаласына алып келіп, қалада білім алуына жағдай жасады. Мектепте оқып жүргенде аудандық, облыстық мәдени шараларда ән салып жүрген дарын иесі облыс орталығында ашылған филармонияда жұмыс істеді. Дарынды жастың өнері бірде Көкшетау қаласына іссапармен барған Елбасының көңілінен шығып, президент Гүлназды Алматы қаласында музыкалық білім алуға шақырады. Гүлназ орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласына келіп, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, музыкалық білім алып шығады. Студент кезінде де белсенді болған Гүлназ біраз уақыт «Гүлдер» ансамблінде қызмет атқарды. Сол кездерле көптеген мәдени шаралар, салтанатты кештер, концерттер Гүлназдың орындауындағы әндермен ашылатын. Қайнаған өнердің ортасынан Гүлназ тұрмыс құрғаннан кейін біраз ажырап қалды. Гүлназ отбасын құрғаннан кейін өзінің бар назарын жарына, балаларына арнады. Аяулы жар, қамқор ана, ибалы келін отбасының бақытын бәрінен жоғары қойды.
Гүлназ Нұрбалина, әнші: – Тұрмыс құрғаннан кейін мен үшін жарым мен балаларым бәрінен маңызды болды. Оның үстіне соңғы 5-6 жыл өзім қатты науқастанып қалдым. Тоқтамайтын жөтел пайда болып, дәрігерлердің қойған түрлі диагнозы да әбден күйзелтті. Осы сырқаттан айығуыма, бас көтеріп, қайта өзімді өнерден табуыма себепкер болған жан – менің жолдасым Ініжан. Өмірлік серігім Ініжан менің өнеріме ешқашан қарсылық білідірген емес, қайта ол маған қашанда қолдау көрсетіп, әнді тастамауымды өтінетін. Бірде қатты ауырып, жөтеліп асқынып отырған кезде ол маған Елбасы сыйға тартқан домбырамды қолыма ұстатып, ән айтшы, мені өзіңе ғашық еткен әніңді орындашы деп қиылды. Ән айтқым келмесе де, тіпті домбыраға қарағым келмесе де жолдасымның көңілін қимай, «Баянауыл» әнін ыңылдап орындадым, арасында жөтеліп қоямын. Бірақ ән айтқанда жөтелімнің біраз саябырлағанын көрген Ініжан: «мен сенің ауруыңның емін таптым, маған ән айту керек, сахнаға шығу керек» деді. Сөйтіп бір күні қолымнан жетектеп Арман Дүйсеновке ертіп әкелді. Алдын ала кездесуге келісіп, Арманға мән-жайды түсідіріп, менің орындауымдағы әнді тыңдап көруін өтінген екен. Арман менің әнімді тыңдап көрді де: «Жеңеше, мынандай дауыспен сізге сахнада ән айту керек» деп өзінің Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған «Барыңды бағала» әнін тыңдатты. Ән маған бірден ұнады. Ән менің болмысыма сай, менің өміріме арнап жазылғандай әсер алдым. Осы әнді айтып біраз уақыт дайындалып жүргенімде Арман хабарласып, өзінің кешін осы әнмен ашатынын айтқанда қатты қобалжыдым. Мен үшін сонша жылдан кейін бірінші болып сахнаға шығу, ән орындау деген өте қиын болды. 16-17 жасымда сахнадан қорықпай, жігермен шығатын болсам, жасым қырыққа таяғанда өзімді алғаш рет сахнаға шығатындай сезіндім. Бірақ осыдан кейін киелі сахнаның қасиеті болар мен тіпті өзімнің сырқатымды ұмытып, ауруымнан айығып кеттім.
Өзін өнерден қайта тапқан Гүлназ соңғы бір жылда қазіргі шоу-бизнестің көшіне ілесуге тырысып бағуда. Әнші бүгінде бірнеше халық әндерін, эстрадалық әндерді, тойға арналған әндерді жаздырып, сахнада, той-томалақтарда орындап жүр. Гүлназдың орындауындағы «Қызға тілек», «Құдалар» деген әндерін, әншінің табиғатын ашатын «Бүлдірген», «Жанайкерім» секілді халық әндерін көпшілік жақсы қабылдауда. Әншінің айтуынша, ол өзінің репертуарын, эстрадалық әндерінің өңделуін Арман Дүйсеновпен кеңесіп отырады. Ал әзірге әншінің продюсері де, қаржы жағынан қолдаушысы да өзінің жолдасы – Ініжан. Дарынды әншіге өнерде жұлдызыңыз жарқырай берсін дегіміз келеді.
Гүлназ Нұрбалинаның орындауындағы әндерді «Алаш жұлдызы» радиосынан тыңдай аласыздар!